Экономика • 10 Тамыз, 2021

Тау-кен және металлургия саласында түбегейлі жаңа технологиялар

1044 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан ғалымдары еліміздегі қиын өндірілетін, сапасы төмен және есептен шығарылған шикізат қорларын тиімділігі жоғары экономикалық айналымға тартуды қамтамасыз ететін әлемдік деңгейдегі технологиялар кешенін жасады.

Тау-кен және металлургия саласында  түбегейлі жаңа технологиялар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында елдің алдында тұрған маңызды міндет қара және түсті металлургиядағы қайта өңдеудің жаңа салаларын жедел дамыту арқы­лы өзінің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу болып табылатынын атап өткен-ді. Бұл ретте бәсекеге қабілеттілігімізді көр­сететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйене отырып, экономикалық өсудің негізгі жеті қағидатының бірі өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және тех­нологиялық сипатын арттыру ай­қындалған.

Бәрімізге белгілі, Қазақстан ми­нералдық-шикізат базасының қор­ла­ры және олардың әртүрлілігі бойынша әлемдік көшбасшы елдер тобына кіреді, алайда кен сапасы бойынша көптеген елден кейін қалып отыр. Қазіргі уақытта пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кезінде қазымдаудың тереңдігі артып, өндірілетін кендердің сапасы төмендеп, тау-кен-геологиялық, тау-кен-техникалық және геомеханикалық жағдайлар едәуір қиындап, үлкен көлемде өндірілген кеңістіктер пайда болуда. Мыс, қорғасын-мырыш қосалқы салалары негізгі элементтерге кедей, тотыққан, аралас полиметалл кендерін өндіруге және өңдеуге тартуға байланысты күрделі проблемаларға тап болып келеді.

Бұл бағытта елімізде тау-кен сала­сының дамуы жолындағы ғылыми-инновациялық негізін қарастыратын ірі орталық болып саналатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының және еліміздегі осы салада өз ғылыми мектебі қалыптасқан БҒМ-не қарасты М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің ғалымдары соңғы 30 жылда көп еңбек етті. Нәтижесінде, аталған проблемаларды табысты шешуге және алынуы қиын, сапасы төмен, есептен шығарылған кентіректерде, жаппай опырылу аймақтарында, карьерлердің түбі мен ернеулерінде, терең жатқан шоғырларда, шағын және алыс жатқан кен орындарында қалдырылған кендерді өндірумен мыс және қорғасын-мырыш кендерінің қорларын өндіріске тиімді тартуға мүмкіндік беретін, Еуразиялық және Қазақстан Республикасының патент­терімен қорғалған әлемдік деңгейдегі технологиялар кешенін ұсынды. Бұл ұсынылған технологиялар кешендерінің бірнеше ерекшеліктері барын атап кетуге болады. Біріншіден, барлық жасалынған технологиялар тиісті отандық өндіріс орындарымен бірлесе отырып тәжірибеден өткізіліп және оңтайландырып, басым көпшілігі өндіріске енгізілді.

Тау-кен саласындағы жасалынған технологияларды ендіру Тишин және Малеев кеніштерінде 1,5 млн долларға сәйкес экономикалық тиімділік беріп, Жезқазған кен орнындарында 2004 жылдан бастап қосымша 50 млн тоннаға жуық кен өндірілді. «Қостанай минералдары» АҚ-ға енгізу сыйымдылығы 34 млн т ішкі үйіндіні қалыптастыруға мүмкіндік беріп, 1,2 млн доллар көлемінде экономикалық тиімділік алынды. Жаңа және тиімділігі жоғары гидроимпульсті технологиялар жерасты өндірісі тау-кен жұмыстарына дайындық жұмыстарының көлемін 2-4 есеге қысқартып, пайдалану шығындарын 1,3-1,5 есе азайтады және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Металлургия саласындағы ғылыми ізденістер нәтижесінде жасалынған түбе­гей­лі жаңа технологиялық шешімдер белсенді қорларға шамамен 1 млрд тонна кенді аударуға, мыс кендерін кешенді пайдалану дәрежесін 2,5-2,8 есеге арттыруға және 100 мың тонна мырыш кендерін өңдеу барысында жылына 36,5 млн долларға дейін пайда алуға мүмкіндік береді. Электротехникалық болаттарды балқытуға қажетті тазалығы жоғары мар­калы ферросилиций ФС75 алудың, бір тонна қорытпаны өндірудің өзіндік құнын 350 долларға дейін төмендетуді қамтамасыз ететін, тиімділігі жоғары технология жасалынды.

Қазіргі кездегі металлургиядағы қа­лып­тасып қалған байыту сатысынсыз кендерді кешенді технологиялық өңдеудің түбегейлі жаңа шешімдері жасалынды. Тотықты мырыш және мыс кендерін бір пеш қондырғысында бір мезгілде бір­неше өнім түрін алуға мүмкіндік бе­ре­тін кешенді өңдеудің қағидаты не­гі­зін­де түбегейлі жаңа әдістері жасалып, өн­ді­ріс­тік жағдайларда сынақтан өткізілді.

Жиырмадан аса кен орындарының тотыққан және аралас, сапасы төмен мыс кендерін өңдеудің гидрометаллургиялық технологиялары жасалып, нәтижесінде, 2019 жылдан бері жыл сайын қосымша 50 мың тонна катодты мыс өндірілуде, бұл елдегі мыс өндірісінің жалпы көлемінің 12%-ын құрайды.

Бұл жұмыстың екінші ерекшелігі – ға­лымдардың ізденістер барысында электр энергиясының шығынын 30%-ға дейін азайта отырып, кремнийлі фер­ро­қорытпаларды алу процесін қар­қын­­дату мүм­кіндігін көрсететін іс жү­зін­дегі ма­ңызы зор ғылыми жаңалық ашып ха­лықаралық дәрежедегі дипломмен марапатталғаны. Бүкіл сала ма­мандарының халықаралық деңгейде мо­йын­далуы – біздің ғалымдарымыздың жасаған ізденістерімен оның нәти­же­лерінің өте жоғары дәрежеде екенінің дәлелі іспетті.

Жасалған жаңа технологиялар ке­шенінің Қазақстанның барлық тау-кен метал­лургия саласының бәсекеге қабілет­тілігінің айтарлықтай өсуін қамта­масыз ете отырып, елеулі экономикалық және әлеуметтік тиімділіктер әкелуі елі­міздің белгілі ғалымдары А.Ж.Тер­лік­бае­ва, Д.Қ.Айтқұлов, А.И.Ананин, Н.Қ.Әбді­беков, Н.С.Бүктіков, А.П.Вол­ков, Л.Б.Куша­кова, және В.М.Шевконың «Қа­зақ­с­танның қиын өндірілетін, сапасы төмен және есептен шығарылған шикізат қор­ларын тиімділігі жоғары эко­но­микалық айналымға тартуды қам­та­масыз еткен өндіру мен өңдеудің тү­бегейлі жаңа технологияларын жасау және өнеркәсіптік игеру» атты еңбегін 2021 жылғы әл-Фараби атындағы Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуына негіз болып отыр. Осы іспетті жұмыстар көп болып, олар Үкіметпен бизнес саласынан қызу қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болып тәуелсіз еліміздің экономикасымен әлемдік абыройы нығая түсуі айдан анық.

 

Алтынбек Нұхұлы,

Парламент Сенатының депутаты,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

Инженерлік ғылымдар халықаралық

академиясының академигі, химия

ғылымдарының докторы, профессор