Тарих • 10 Тамыз, 2021

Сібірде туып, қуғында өлген дәрігер

1662 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақтың алғашқы жоғары білімді дәрігерлерінің бірі – Дәулетше Күсеп­қалиевтің тағдыры түрлі сынаққа толы. Оның әкесі Жүсіп Күсепқалиұлы 1868-1870 жылдары Ресейдің отарлық саясатына қарсы Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге жер аударылғанда, Дәулетше 1874 жылы Екатеринослав уезі, Старо-сербск қаласында дүниеге келіпті. Кіндік қаны жат жерде тамған төре тұқымы атажұрты – Тайпақ өңіріне тек он жылдан кейін оралыпты...

Сібірде туып, қуғында өлген дәрігер

Дәулетше (азан шақырып қойған есімі Дәулетшаһ) Күсепқалиевтің өмір жолы мен тарихи қызметі туралы белгілі тарихшылар Дәметкен Сүлейменова мен Альфия Байболсынова көлемді зерттеу мақалаларын жазды. Біз ол де­ректерді қайталамай, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінен та­былған тың деректер туралы ғана сөз қозғамақпыз.

Кеңес өкіметі 1920 жылдардың ор­тасынан бастап бай мен молданы, атқа­мінер мен саудагерді «жат элемент» деп жариялап, қысымға ала бастағаны белгілі. Соның бір көрінісі азаматты сайлау және сайлану құқығынан айыру болатын. Осындай құқай қазақтан шыққан алғашқы дәрігердің бірі, Алаш арысы Дәулетше Күсепқалиевтің басынан да өтіпті. 1927 жылы большевиктер оны сайлау пұрсатынан ажыратып, кеңес өкіметінің жауларының қатарына қос­қан. Осылайша, он жеті жылға созылған қу­ғын-сүргін басталып кеткен.

* * *

Жымпиты ауданының Тайпақ село­сы­ның аткомына (атқару комитетіне – Қ.Қ.)

Тайпақ ауруханасының бастығы Дәу­лет­шаһ Күсепқалиұлынан арыз

Мен 1903 жылдан бастап 1911 жылғы 4 сүмбілеге шейін Орал губернасында Гурьевте әм Жымпиты қаласында крестиан нәшәлнік болып едім. Соует хү­кіметінің негізгі заңы бойынша да­уыс құқысынан қалдым. Өткен жылғы кеңес сайлау турасындағы нұсқауларда соның 18-19 тармақтарында айтылды, даусынан айырылып кеңес өкіметіне бес жылдан кем қызмет етпегендерге құқық қайырылып бе­ріледі деп.

Мен соует хүкіметіне ұдайы 1920-жыл
10-шы қамалдан (наурыз – Қ.Қ.) бүгінге дейін қызмет етіп келе жатырмын. Сол себепті сізден өтінемін: менім құқымды қайырып беруіңізді. Соует хү­кіметіне жақсы қызмет етіп жүрмін. Сот астында болғаным жоқ. Жаман қыз­метім сауетке болған жоқ. Бұған қоса дүкі­мент­терді сізге тапсырдым.

Орал облысының халқына 27 жылдай қызмет еттім. Анық үшін 1900 жы­лы Мәскеу униуарситетін бітіріп едім. Со­дан бері мынадай қызметтерде болдым:

1900-1901-1902 жылдарда Жымпиты үйезінде 11-ші бөлімнің ауылдағы доқ­тыры болып тұрдым;

1903-1911 – крестиан нәшәлнік болдым;

1911-1915 жылда Жымпиты қала­сын­­­­дағы ауруқананың бас доқтыры бол­дым;

1916 жыл – Ілбішін қаласында санитарный доқтыр;

1917 жыл – Теке (Орал – Қ.Қ.) қа­ла­сында санитарный доқтыр әм төң­керістен соң областной комитеттің ші­лені (облыс­тық комитет мүшесі – Қ.Қ.), бүтін Орал губернасының уәкілдерінің сайлауымен;

1918-1919 – Орал губерналық земстуа­сының упрауасының шлені, доқторлық денсаулық бөлімін басқарушысы;

1920 жыл 10 қамалдан – Орынборда жұқпалы тазалық қарайтұғын Кир­Военревкомының басқарушы доқтыры;

1920 жыл 1 әсеттен (шілде – Қ.Қ.) 1920 жыл 20 қауысқа (қараша – Қ.Қ.) дейін – Жымпиты аудандық денсаулық бөлімшесінің басқарушысы;

1920 жыл 20 қауыстан 1924 жылғы 1-ші дәлуге (қаңтар – Қ.Қ.) шейін – Тай­пақтың аудандық доқтыры;

1924-1925 жылдарда – Жымпиты қа­лалық ауруқананың бас доқтыры;

1925-1927 жылда – Тайпақ ауруқана­сының бас доқтыры;

Ашаршылық жылдарда ысталауой (асхана – Қ.Қ.) басқардым, Қызыл крестке қызмет еттім доқтыр болып. 27 жыл қызметімде сот астында болғаным жоқ. Халыққа қарсы болғаным жоқ. Шумада ( оба – Қ.Қ.) көп қызмет еттім.

Доктор Дәулетшаһ Күсепқалиұлы

 1927 жыл, 12-ші мизан.

№2 ауыл, Тайпақ селосы

Тайпақ ауруқанасы

Қосымша дүкімент куәлік хаттар 16 дана

* * *

Дәулетше Күсепқалиев осы өтінішіне 16 дана түрлі құжат көшірмесін жал­ғапты. Ол хаттардың кейбірін оқырман наза­рына ұсынамыз.

1920 жыл, 2 шілде

Қырғыз (қазақ – Қ.Қ.) өлкесін бас­­қару жөніндегі әскери-төңкеріс коми­тетінің денсаулық сақтау бөлімі

№1803

 КУӘЛІК

Осы куәлікті ұсынушы дәрігер Дәу­летшаһ Жүсіпұлы Күсепқалиев 1920 жылдың 10 наурызынан 1 шілдесіне дейін Қазақ әскери-төңкеріс комитеті денсаулық сақтау бөлімінде қызметте тұрады және эпидемияға қарсы топтарды ұйымдастырушы дәрігер және Қазақ өлкелік Денсаулық сақтау бөлімінде санитарлық-эпидемиялық бөлімшесінің меңгерушісі лауазымында. Осыны қуат­тап қол қойып, мөр басамыз.

Қазақ өлкесі Денсаулық сақтау бө­лімі меңгерушісі, Жалпы іс жүргізу кең­сесінің меңгерушісі қол қойған.

 * * *

РСФСР

Қырғыз (қазақ – Қ.Қ.) өлкесін бас­қару жөніндегі әскери-төңкеріс коми­тетінің денсаулық сақтау бөлімі

1920 жыл, 2 шілде

№1798

 МАНДАТ

Әскери-төңкеріс комитеті Прези­диу­мының осы жылғы 28 маусымдағы қау­лысымен дәрігер Дәулетшаһ Кү­сепқалиев Орал губерналық төңкеріс комитетіне, оның Денсаулық сақтау бө­ліміне жолданып, Жымпитыға дәрігер етіп тағайындау үшін жіберіледі.

Осыған орай Қазақ әскери-төңкеріс комитетінің Ішкі істер комиссариаты барлық губерналық және жергілікті ат­қару комитеттерінің лауазымды тұлға­ларына дәрігер Күсепқалиевтің Орын­бордан Оралға және Жымпитыға жетуі үшін көмек көрсетуді міндеттейді, оның өзімен бірге алып жүрген мүлкі (дәрі­гер Күсепқалиевке және оның баласы, Орынбордағы Борисеглеб курсында оқушы Ғафар Күсепқалиевке тиесілі екі тұлып, бір «татарка» (бұл да киім болса керек – Қ.Қ.), қалалық тон) реквизицияға (тәркілеуге, тартып алуға) жатпайды.

Қазақ әскери-төңкеріс комитетінің Ішкі істер комиссары

Денсаулық сақтау бөлімінің мең­герушісі

Жалпы кеңсе меңгерушісі

Көшірме дұрыс:

Жымпиты УИК жауапты

хатшысы (қол қойған)

 

* * *

КССР

Жымпиты уездік аштық комитеті

21 маусым 1922 жыл

№1597

 МАНДАТ

Осыны көрсетуші дәрігер Күсеп­қа­лиев ашыққандарға арналған Тайпақ асханасының меңгерушісі, сол жөнінде куәландырып,

Ашыққандарға көмек комитетінің төрағасы (қол қойған)

Хатшы (қол қойған)

Көшірме дұрыс:

Жымпиты УИК жауапты

хатшысы (қол қойған)

 * * *

Ресей Қызыл Крест қоғамы орта­лық комитеті

Округтік өкіл

13 ақпан, 1924 жыл

№167

Орынбор қаласы

 КУӘЛІК

Осы куәлікті көрсетуші Күсепқалиев Дәулетшаһ Жүсіпұлы Қырғыз (қазақ) республикасы Европалық Қызыл крест қоғамы Орталық комитеті Округтік өкі­летті басқармасының №10 дәрігерлік-санитарлық отрядының бөлім бастығы.

Дәрігер Күсепқалиевке Қызыл крест бөлімшесінің бастығы ретінде Орал губернасы мен Жымпиты қаласында тұрғындарға Қызыл крест құзырына кіретін, жергілікті жағдайда жасауға болатын жалпы жобадағы медика-са­нитарлық қызмет ұйымдастыру тап­сы­рылған.

Оған Ресей Қызыл крест қоғамының пайдасы үшін халықтан ақшалай және материалдық көмек жинау және оны округтік Қызыл крест комитетінің нұс­қауы бойынша жұмсау-тарату тапсы­рыл­ған.

Барлық кеңестік мекемелер және жеке тұлғалар дәрігер Күсепқалиевке жан-жақ­ты көмектесуі, толық қолдауы тиіс.

Осы куәлік ерекше өкім шыққанға дейін күшінде.

КССР бойынша округтік Төтенше өкіл Шомбалов

(қолы қойылған)

Алматы бөлімінің меңгерушісі Хусим (қолы қойылған)

Іс жүргізуші Ермолаев.

Көшірме дұрыс:

Жымпиты УИК жауапты

хатшысы (қол қойған)

 

* * *

КССР,

Орал губернасы Жымпиты уезі

Денсаулық сақтау басқармасының инспекторы

14.02.1925

№79

 КУӘЛІК

Осы куәлік дәрігер Дәулетшаһ Күсеп­қалиевтің Орал губернасы аумағында шыққан оба ошақтарында қанша күн болғандығы жөнінде берілді:

1. Ілбішін уезіндегі «Ильток» оба ошағында 1909 жылы 25 шілдеден 21 тамызға дейін;

2. Жымпитының №5 ауылындағы Құттығара, Қоғасай болыстарында және Өлеңті болысының №8 ауылындағы Хан­көл деген жердегі оба ошақтарында 1909 жылғы 4 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін;

3. Жымпиты базарындағы оба оша­ғында 1910 жылғы 14 тамыздан 22 та­мыз­­ға дейін;

4. Өлеңті болысының №9 Шарман ауы­лында болған оба ошағында 1911 жы­л-­­
дың 5 тамызынан 24 тамызына де­йін;

5. Орал уезі Шідерті болысының №5 Ақмоласай ауылындағы оба ошағында 1911 жылғы 3 қыркүйектен 20 қазанға дейін;

6. Ілбішін уезі Өлеңті болысының №1 Қарасу ауылындағы оба ошағында 1912 жылғы 7 көкектен 9 мамырға дейін;

7. Орал уезі Жымпиты болысы №3 Андышқұдық ауылындағы оба оша­ғын­да 1912 жылғы 22 мамырдан 4 мау­сым­ға дейін;

8. Орал уезі Шідерті болысы №2 Ақ­шаттау, Жирен ауылындағы оба оша­ғында 1912 жылғы 6 маусымнан 21 мау­сымға дейін;

9. Орал уезі Жымпиты болысы №6 Батпақкөл ауылындағы оба оша­ғында 1912 жылғы 7 қыркүйектен 17 қыр­күйекке дейін;

10. Жақсыбай болысындағы №14 Ала­баскөл ауылындағы оба ошағында 1913 жылғы 9 қарашадан 20 желтоқсанға дейін;

11. Индер болысы №10 Ескімешіт ауы­­лындағы оба ошағында 1915 жылғы 22 қыр­күйектен 9 қарашаға дейін;

12. Индер болысы №12 Ақмола ауы­лындағы оба ошағында 1915 жылғы 13 қарашадан 5 желтоқсанға дейін;

13. Гурьев уезі Еспол болысындағы №10 ауы­лындағы оба эпидемиясы ке­зінде 1916 жылы 12 желтоқсаннан бас­тап 7 күн қоршау ішінде, 4 күн қоршау сыр­тында;

Жалпы бөлім меңгерушісі

Ізбасов пен Денсаулық сақтау

инспекторы Әбитов қол қойған.

 * * *

Жымпиты уезінің әкімшілік бөлімі

Тайпақ болыстық аға сақшысы

1927 жыл, 10 қазан

№191

Уездік әкімшілік бөлімінің Тайпақ бо­лыстық аға сақшысынан берілді осы куәлік қағаз Тайпақ болыстық ауруқа­на­сының бастығы жолдас Дәулетшаһ Күсепқалиұлына анық үшін, ол азамат Дәулетшаһ Күсепқалиұлы өткен кеңес сайлауында сайлауға кеселдік етіп, ауыл, болыстар, ауылдағы болған әңгімеге кіріскен жоқ. Өзінің міндетті қызметі ауырған азаматтарға тоқтаусыз қарайды. Қалсыз, келе алмаған науқастар болса, барып та қарап тұрады. Жаман мінез-құлықтан тыс. Еш те бір ауылда болған әңгімеге қатысы жоқ.

Анық үшін берілді, қолымды қойып, куәландырамын.

Тайпақ болыстық

аға сақшысы қол қойған.

* * *

Алайда архив құжаттарынан жо­ға­рыдағы арыз да, қосымша куә­лік­тер де іске аспағанын көреміз. «Тай­пақ ауда­нындағы адам доқтыры Дәулетшаһ Кү­сеп­­қалиұлы туралы» деген құжатқа назар аударайық:

«Дәулетшаһ Күсепқалиұлы 1900 жы­лы Мәскеу университетін бітіріп, 1903 жылға дейін доғдырлығында болады. 1903-1911 жылға дейін ұдайы крес­тиански нәшәлнік болып, 8 жыл бұл істе тілегін көрсетіп, патша заманында қызмет қылады. Осы соңғы жылдар орнынан қалып, доқтырлық қызметіне кіріседі. Әлі де сол қызметте.

Күсепқалиұлы ... төре нәсілінен, бұ­рын да (патша заманында) крестиан­ски нә­шәлнік йәки басқа қызметте тұрған­да байлықпен, кісі күшімен пайдала­нып жүрген, қазір де күйлі, кісі күшімен пай­­­далануы дұрыс. Крестиандықтан түс­кеннен кейін төңкерістен бұрын да, қазір де тар ғана мамандығымен кә­сіп етіп, қоғам қызметіне белсендігі кө­рінбеген.

Земства мен Алашордада белсен­ділік­пен қызмет етіп, еңбекшілер табына қиғаш бағытпен жүргендігі көрініп, Тайпақ болаткомы (болыстық атқару комитеті – Қ.Қ.) мен Жымпиты уаткомы (уездік атқару комитеті – Қ.Қ.) Ке­ңес өкіметі заманында бес жылдан ар­тық қызмет етіп еді дейді. Бірақ (біресе) оның кісі күшін пайдалануы, ескі төре, қазақ еліне тізесі батқаны және тар маман­дығымен ғана іс қылған жағдайынан аулақ болып отыр.

Осы жоғарыдағыларды ескеріп, Дәу­летшаһ Күсеп­қалиұлының сайлау, сай­лану еркінен айыруды дұрыс деп та­уып, бұрынғы қаулыны күшінде қал­ды­руға, негізгі заңға 69 статиа және Қазақ­стан Орталық ...ның сайлау туралы нұс­қаулығының 14-ші статиасының 5 және 11 тармақтарымен даусы алынуы тиіс деп табам.

21.09.1928.

Нұсқаушы (қолы қойылған)»

 * * *

Бұл тарихтың соңы әйгілі: 1928 жылы Дәулетшенің мал-мүлкі кәмпескеленіп, өзі үй-ішімен Жетісу өлкесіне жер ауда­рылумен жалғасты. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивіндегі тәр­кілеу туралы құжаттарға көз сала­йық. Ірі байлар мен сенімсіз элемент­тер ­қа­та­рында тізімге ілінген Дәулетше туралы былай делінген:

«13. Дәулетше Күсепқалиев – 58 жас­та. Төре тұқымы. Орал округі, Тайпақ ­ауданы 2 ауылда тұрады. Тәркілеу тізіміне кірген. Сауатты. Патша тұсында түрлі шенеуніктік қызмет атқарған. Оты­рық­шы шаруашылық жүргізген. 150 ірі қара малы бар. Өзге малын жасырып үлгер­ген. Алаш өкілі Досмұхамедов­тің қол астында қызмет еткен. Үстем тап өкілі ретінде дауыс беру құқынан айырылған...».

Архив құжаттарынан кейіпкеріміздің 7 адамнан тұратын отбасымен Алматы қаласына жеткенін көреміз. Дәулетше ол жерде күйеубаласы, республикалық ве­не­ро­ло­гиялық диспансер меңгерушісі Ахмет Мамыт­ұлының қамқорлығымен 1929-1934 жылдары осы диспансерде дәрігер болып қызмет етеді. Бірақ ста­лин­дік қуғын-сүргін басталған кезде бір жер­де көп тұрақтамай, Алматы облысы Қас­келең аудандық ауруханасында, Оң­түстік Қазақстан облысындағы Келес аудан­дық ауруханасында, кейіннен Се­мей об­лы­сының Абай аудандық ауруха­на­­сында бас дәрігер болып қыз­мет ат­қарады. Осы қызметте жүріп жұқ­­тыр­­ған аурудан қайтыс болған Дәу­лет­шенің сү­йе­гі Семей жерінде қалған көрі­неді...

 Батыс Қазақстан облысы