Қоғам • 11 Тамыз, 2021

Сот шешімі неге орындалмайды?

468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұмыс барысында індет жұқтырып, өлім аузынан қалған дәрігер төлемақы ала алмай жүр.

Сот шешімі неге орындалмайды?

Екі жылға жуық уақыт көлемінде коронавирус нәубеті әлемді бір тарының қауызына сыйғызып, адамзатты тығырыққа тіреп отыр. Осы зауал шақ басталғалы алдымен кеудесін оққа тосқан жауынгердей майданның алғы шебінде жүргендер – дәрігерлер. Осындай нағыз қызыл майданның ортасында жүрген азаматтың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушер-гинекологы Илес Бекманов.

Ана толғатып жат­қан­­­да дә­рі­герлер де жанын шү­бе­­рекке түйіп тұра­ды. Бұл көрініс талай бала­ға кіндік әке болған Илес Құ­дай­бердіұлының күн­де­лікті жұмысына тән. Ол үшін басты мақсат – ана мен баланың амандығы жұ­мы­­сының мазмұны ғана емес, өмірінің мәнінен кем түспейді. Уақытпен са­наспай, күндіз-түн демей перзентханада жүретін Илес Құ­дайбердіұлы да коро­на­ви­рустың шеңгеліне ілік­кен. Қауіпті кеселдің ны­шансыз түрімен ауырып, 2020 жылдың 9 мамырында аурухана төсегіне жатты. Он үш күн ауруханада емделіп, тағы бір аптадай үйінде бойын тіктеп алған соң, 30 мамырда қызметіне қайта кірісті. Бірақ дәрігерге коронавирус қайталап соқ­ты. 2020 жылдың 19 маусымында Илес ауруханаға тағы түсті. Өкпесі 45 па­йыз қабынғаны белгілі болды. Қыз­метіне тек шілде айының басында шықты. Жұ­мысқа шыққанымен, ауру жү­деткен ағзаны қай­та ны­ғайту үшін оның жұ­мыс­­пен арпалысып жү­ріп, көп кү­тінуіне тура келгені рас. Әйтеуір аман қалғанына тәубе деді.

Төтеннен келген жау се­­кіл­ді бұл нәу­бет ауру емі­­нің анық хаттамасы бекі­тіл­генше, нау­қас­тарды емдеу бары­сында етене ара­ласқан біраз дәрігердің басын жұтты. Міне, сол уақытта Денсаулық сақтау министрінің және Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрінің «COVID-19 ко­­ро­навирустық ин­­­­фек­циясымен күресу бо­­­йынша эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын ден­сау­лық сақтау қызмет­кер­ле­ріне бір реттік әлеуметтік тө­лемді жүзеге асыру ере­­же­сін бекіту туралы» бір­лес­кен бұй­ры­ғы негізінде медицина саласының осы ауруды жұқтырып алып, ауырған қыз­мет­керлеріне екі млн теңге көлемінде тө­лемдер берілуі көзделген болатын. Алайда жарты жылдай уа­қыттан кейін, осы аталған бір­лескен бұй­рық­тың күші Ден­­сау­лық сақтау министрінің және Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау ми­нистрінің 2020 жылғы 24 қазандағы бір­лескен бұйрығымен жойылды. Осы бір­лескен екі бұйрықтың арасында қыз­мет кезінде коронавирус жұқтырып алып, ажал тыр­нағынан әупірімдеп аман қалған Илес Бекманов та мемлекет тө­лей­тін екі млн теңге төлемді алуы керек еді. Бірақ олай болмады.

Нұр-Сұлтан қаласының қо­ғамдық ден­саулық сақтау бас­қармасы И.Бекма­нов­қа аталған бұйрық негізінде бір­жол­ғы әлеуметтік төлем беруден бас тарт­ты. Илес Құдайбердіұлы атамекенге әу баста Өзбекстаннан келген аға­йын болғандықтан, «Отандастар» қо­ры­­ның Қос­танай облысындағы фронт-офи­сінің бұрынғы сарапшысы Талғат Ахметовке хабарласып, жағдайын айт­­ты. Оның кеңесімен Нұр-Сұлтан қа­ласы Сарыарқа аудандық сотына талап-арыз бер­ген болатын. Осы соттың судьясы А.Ордабаевтың төра­­ғалығымен 2021 жыл­дың 12 ақпанында өткен сот оты­рысындағы №7113-21-00-2/19 аза­маттық іс бо­йынша Нұр-Сұлтан қа­ла­лық қо­­ғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масының бірлескен бұйрық не­гі­зінде біржолғы әлеуметтік төлемді тө­леп беруінен бас тартуы туралы 2020 жыл­дың екінші желтоқсанындағы №106-11-19/7159 хатын заңсыз деп та­нып, И.Бекмановтың та­лап-арызын қа­на­ғаттан­дыр­ды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық қо­ғам­­дық денсаулық сақтау бас­­қармасына сот шешімі кү­ші­­не енгеннен кейін бір айдың ішінде өтініш-арыз иесі құқығының, заңды мүд­­делерінің бұзылуын қалпына келтіру міндеттелді.

Алайда жауапкер Нұр-Сұлтан қа­ла­лық қоғамдық денсаулық сақтау басқар­масы бұл сот ше­ші­міне наразы болып, Нұр-Сұлтан қалалық апелляциялық сот ал­қасына шағым түсір­ді. Биыл 13 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық аза­маттық істер жөніндегі сот алқасы №2а-2330 іс бойынша бірінші сатыдағы Нұр-Сұлтан қала­сы Сарыарқа аудандық со­тының ше­ші­мін өзгеріссіз қал­дырып, Нұр-Сұлтан қалалық қо­ғамдық денсаулық сақ­тау басқармасының апел­ля­ция­лық шағымын қа­нағат­тандырмады. Әділ заң ше­ші­мі әді­лет­тілік орнат­қан­­дай болып еді. Бірақ сот шешімі күшіне енсе де, Нұр-Сұлтан қалалық қо­ғам­дық денсаулық сақ­тау бас­қармасы оны әлі күнге дейін орындаған жоқ.

И.Бекманов елордадағы Сары­арқа аудандық прокуроры М.Шырын­бе­ков­тің атына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабына сәйкес, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сот шешімін орындамай отырған тиісті бас­шыларының ісі және оларды әкім­шілік жазалау жөнінде өтініш хат жазды. Бірақ дә­рігерді заңның орындалуын қа­дағалаушы органның ісі таң­ғалдырды. Прокуратура сот шешіміне пыс­қырмаған қа­лалық қо­ғам­­дық денсаулық сақтау бас­­қармасының басшыларына «мұның қалай?» демеген сықылды. Дәрігердің өтінішін Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қайта жолдапты. Мұны қалай түсінуге бо­­лады? Сот шешімін жер­­­гілікті атқарушы орган құ­ла­ғына да ілмеді. Ал заң­­ның орындалуын қа­да­­­ға­лаушы орган – про­ку­­ратураға да соттың ше­ші­­мі маңызды болмағаны ма? Сонда әділеттік үшін кімге жүгіну керек? Осыны ойлап жабырқаса да, ант­қа адал дәрігер таңертең көзін тыр­налап аш­қаннан перзентханаға жүгіреді. Ко­ро­навирус қаупі қайықтың үстін­де­гідей қылпылдатқан күндер сырғып өтіп жатыр...

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

журналист