Технология • 11 Тамыз, 2021

Электрмобиль дәстүрлі көлікті алмастыра ала ма?

341 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемдегі әрбір алтыншы электр­мобиль германиялық өндіру­шілердің конвейерлерінен шы­ғары­лады. Бірақ соған қарамас­тан электр жетегі бар автокө­лік­терді құ­растырып сатуда қытай­лық жә­не америкалық компания­лар алда келеді.

Электрмобиль дәстүрлі көлікті алмастыра ала ма?

Бұл туралы PwC консалтингтік компания­сы­­ның аталған нарыққа жүргіз­ген зерт­теуінде көрсетілген. Ал Ener­gyprom мониторингтік агентті­гінің ақпаратына сәйкес, Қазақ­станда бір жылдың ішінде электр­мо­бильдердің саны 10%-ға азайған.

Электрмобильдің саны мыңға да жетпейді

Аталған агенттіктің мәліметіне сүйенсек, биыл маусымдағы есепке сәйкес елімізде 4 млн-ға тақау жеңіл автокөлік тіркелсе, соның 0,14%-ын электр жетегі бар көліктер құраған. Келтірілген дерек бойынша бір жылда аталған көлік түрінің саны бірден 10,1%-ға немесе 528 көлікке дейін азайған. Ал Қазақстанның автокөлік бизнесі қауымдастығының дерегіне сенсек, мамырдағы есеп бойынша рес­публика аумағында 422 электрмобиль тіркеліпті. Екі ұйымның мәліметтері екі түрлі болғанымен бір анығы, елімізде тіркелген заманауи жылжымалы техниканың саны мыңға да жетпейді. Былтырдың өзінде мұндай көліктің саны 580-590-ның айналасында болған. Тіркелген 528 көліктің 78,4%-ы немесе 414 электрмобильдің қай өңірден екені көрсетілмеген.

Тек 49 көлік Алматы қаласына, 38-і елордаға және 11-і Қостанай облыстарына тиесілі екені анық­талып отыр. Осы ретте көлік­тің тың түріне әлем елдері тектен-тек көшіп жатпағанын айта кету керек. Бұдан 6 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Орнықты даму көрсеткіштерінің мақсаттарын айқындап, жаһандық жылынудан сақтанумен бірге энергия ресурстарын тиімді пайдалану үшін адамзатқа экологиялық таза өнім түрлерін пайдаланудың бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Заманауи үрдістен Қазақстанда да қалыс қалмауға тырысып, бұл бағытта өзіндік ізденістерімен қамданып-ақ келеді. Бұл орайда электрмобильдердің өндірісінің дамыту стратегиясы жайлы 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жолдауында айтып, осыған қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелген еді.

Экспорттық бағытты дамыту көзделген

Индустрия және инфра­құ­­­ры­лымдық даму министр­лігі­­­нің ақпараты бойынша қа­зір Қостанай өңіріндегі «Са­рыарқа АвтоПром» кәсіпорны JAC iEv7S электрмобилінің се­рия­­лық өндірісін іске қосуға жа­қын қалды. Бұл технологиялық өнім Ресейде сынақтан өтіп, Кеден одағының көлік түрлерін рас­­тайтын сертификатына ие бол­ды. Осы құжат аталған көлікті ЕАЭО-ның барлық аумағында ай­на­лымға шығаруға мүмкіндік бере­ді. Бұған қоса теріскейдегі зауыт­та Yutong, Ankai сынды электр автобустарының өндірісі жол­ға қойылып, олар Павлодарда, Ақтау­да және еліміздің астанасында жо­лау­шылардың қыз­метіне ұсынылған.

Биыл елімізде электр қуаты­мен жүретін түрлі үлгідегі 1 200 көлікті құрастыру жоспарлануда. Келер жылы бұл көрсеткішті 2 мыңға жеткізу межеленіп отыр. Бұл өнім түрлері ішкі нарықтан бөлек, экспортқа да шығарылады.

Инфрақұрылымды дамытпай, нарық қалыптаспайды

Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы бағытта өнді­ріс­ті дамыту және қажетті ин­ф­рақұрылымды құру жөнін­дегі Жол картасы бекітіліп, элек­тр­мобильдің құнының бір бөлі­гін субсидиялау, оларға қо­ғам­дық автобустың жолдары­мен қозғалуға мүмкіндік қарастыру, сондай-ақ тұрақ орындарымен қамтамасыз ету секілді мәселелер жан-жақты пысықталып жат­қанын жеткізді.

Ресми мәліметке сәйкес, бү­гінде бас шаһарда электр­мо­биль­ді қуаттайтын 50-ден аса ар­найы станса жұмыс істеп тұр. Сол секілді Ұлттық павильон аума­­ғын­дағы арнайы аймақта бір мез­гілде 25 электрмобильге қуат алуға жағдай жасалса, Ақтау қаласында 80 киловаттық жыл­дам қуаттайтын 4 мобильді стан­са орнатылған. Нұр-СұлтанБурабай бағытындағы күре жол­дың бойында да осындай стансалар көлік жүргізушілеріне қыз­мет көрсетуге дайын.

Сөз орайы келгенде айта кете­йік, 2022 жылдан бастап ЕАЭО аумағында мұндай көлік түр­лерін әкелуге баж салығы15%-ға дейін өспек. Сонымен қатар 4 маусымнан бастап Қазақстанда электр қуатымен жүретін барлық көлік құралына салынатын кәдеге жарату алымы алынып тасталды. Жауап­ты орган өкілдерінің айтуынша, бұл амал осы бағыттағы отандық өндіріске оң әсерін тигізуі тиіс.

Қытай көш бастап тұр

Осы жылдың екінші тоқ­санында электрмобильдер сег­ментіндегі германиялық компа­ниялардың үлесі 17%-ға, сонымен қатар плагин-гибридті көліктер нарығында (электржелісінен қуат алу мүмкіндігі қарастырылған гибридтік автокөлік) 50%-ға де­йін ұлғайған. Тұтастай алғанда, Volkswagen AG, BMW және Mercedes-Benz концерні биыл алғашқы тоқсанда электр жетегі бар 246 мың көлікті және 370 мың плагин-гибридті сатқан. Десе де PwC компаниясының мәліметі бойынша қазір бұл индустрияда қытайлық және америкалық өндірушілердің ұпайы басым болып тұр. Айталық, бірінші жар­тыжылдықта Қытайда 980 мың электрмобиль және гибридті қозғалтқышы бар 212 мың көлік тіркелді. Ал екінші тоқсанда аспанасты елінде заманауи көлік түрлеріне деген сұраныс 11%-ға артқан. Еуропаның негізгі нарық­тарында бұл көрсеткіш 8%-дық межеде тұрақтаған.

Германияда тіркеуден өткен электрмобиль (84 мың электр­мобиль) мен гибридті көліктің (85 мың плагин-гибридті көлік) көрсеткіші теңескен.

«Егер де әлем бойынша элект­р­­­мобильдердің сатылымын бағаласақ, оның 58%-ы Қытай­дың нарығына тиесілі екенін байқау қиын емес», деді PwC компаниясының сарапшылары.

Жағымды өндірістік индика­торларға қарамастан, АҚШ-тағы электрмобильдер мен гибридті көліктердің нарықтағы үлесі қазір 3%-дан аспайды. Әйтсе де сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткішті Ақ үйдің әкімшілігі дайындап жатқан электрмобиль иелеріне арналған ынталандыру жүйесі мен америкалықтардың қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.

Әлем технологиялық революцияға дайын емес

Бірақ та көптеген сарапшы­ның пікіріне құлақ түрсек, дүние­жүзі электрмобильді жаппай қолданысқа енгізуге әлі дайын емес. Біріншіден, әлем елдерінде тіпті кейбір дамыған мемлекеттерде әбден тозығы жеткен электр желілерінің салдарынан энергияға деген сұраныс толық өтелмей жатыр. Шындығына келгенде, бұл шешілмейтіндей күрделі мәселе деп айтуға келмейді. Мұны энергияны тиімді пайдаланып, өнімді өндірістің нәтижесінде реттеуге болады дейді мамандар.

Екіншіден, жасыратыны жоқ электр­мобильге арналған батарея­ларды өндіруге байланысты бі­раз қиындық бар. Неге десеңіз, мұн­дай аккумуляторлар қымбат әрі си­рек кездесетін металдар мен минералдардан тұрады. Атап айт­қанда, кобальт пен литий қуат бата­рея­ларының өндірісіндегі маңызды компонент саналады. Алайда бұл элементтерді кен орнынан қазып алу қоршаған орта­ға айтарлықтай жағымсыз әсер беретіні белгілі.

Сирек металдарға деген тәуел­ділік кейбір бағалы ресурс­тардың 90%-ын уысында ұстап тұрған Қытайдың жеке-дара үстем­дік құруына жол ашып отыр. Алып мемлекеттің бұл ба­сым­дылығы алдағы уақытта пайдалы ресурстар үшін таластың өршуіне алып келуі де ғажап емес.

Bank of America Global Research жүргізген зерттеуге сәй­кес, 2025 жылдан кейін дүние жү­­зін­де электрмобильдерге ар­нал­­ған аккумуляторлардың тап­шы­­лы­ғы байқалуы мүмкін. Қуат бата­реяларына нарықтағы сұра­ныс­тың күрт өсуі адамзаттың электр­мобильдерді жаппай енгізуге қан­шалықты дайын екенін анық көр­сетеді деді мамандар.