Алғашқы премьерадан бастап Айтматовтың айтулы шығармасы Қаллеки театрының жұртшылық қызығып көретін қойылымдарының біріне айналды. 2008 жылы бас шаһарда өткен республикалық театрлар фестивалінде аталған өнер ұжымы осы спектакльмен қатысып, кішкентай баланың бейнесін келісті сомдағаны үшін Дастан Әлімов «Үміт» аталымының бас жүлдесін алды.
Ол − Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев өмірге келген топырақта туып, бала жасынан мектептегі драма үйірмесіне қатысып, көзге түседі.Туған ауылындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін 2002 жылы астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің театр және кино мамандығына қабылданып, Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шеберханасынан білім алады. Тұғырлы тұлға мен режиссер Нұрлан Жұманиязовтан театр өнерінің қыр-сырын үйренген жас актер 2006 жылы 1 қыркүйекте Қаллеки театрына жұмысқа орналасып, дәл сол күні режиссер Болат Ұзақовтың «Үміт» деген қойылымында «Тышқанды» ойнайды. Бұл бейне – оның сахнадағы алғашқы рөлі ретінде есінде сақталып қалды. Кейін театр сахнасында бірқатар ертегілердің кейіпкерлерін сомдап, балалардың сүйікті актеріне айналды.
Өнертанушылар «Театрда үлкен, кіші рөл болмайды» дегенді жиі қайталайды. Біздің кейіпкерімізді көрермендер киелі сахнада шағын эпизодтың шебері ретінде таниды.
Әсіресе, ол жазушы Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» драмасындағы Қытай елшісінің бейнесін тамаша ойнады. Осы шығарма жайында жас театртанушы Мирас Әбіл: «Қойылымның кейбір сәттерінде халық ойран-топан күлкіге кенеліп, сүйсіне қарап отырғанын байқадық. Ол күлкіні тудырушы Қытай елшісі На-Вангты бейнелеген Дастан Әлімов еді. Оның аласа бойы мен тамаша ойыны. Қытай елшісінің айлакер, қуақы, шеттен тыс ақылдылығын табиғи күлкі тудыра отырып, шынайы суреттеді» деп жазады.
Сондай-ақ қабырғалы қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» спектакліндегі әншінің туған ауылына келіп, ән салған кездегі әке-шешесімен еріп барған пионер баланың ерке қылықтарын керемет көркемдеген рөлін де жұртшылық жылы қабылдады. Бұған марқұм Рахымжан ағаның өзі де дән риза болыпты. 2019 жылы Атырау қаласында өткен Р. Отарбаев атындағы III республикалық театр фестивалінде осы бейнесі үшін оған қазылар алқасы «Екінші пландағы ең үздік актер» деген аталымын иеледі. Қаллеки театрында режиссер Сергей Потапов қойған А.Чеховтың «Шие бағы» комедиясындағы Трофимов-Пәтөнай бейнесі де оның үздік рөлдерінің қатарына жатады. Осында ресейлік режиссер Әлімовтің комедиялық талантын жаңа қырынан көрсетті.
Сонымен қатар ол Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменовтің орыстың белгілі жазушы-драматургі Александр Вампиловтың «Тұңғыш ұл» пьесасын «Ақ жауын» атауымен жаңаша сипаттаған қойылымындағы қарияның кенже баласы Уәлиханның образын сәтті сомдады.
Жалпы, Дастанның зерделі ізденіспен ойға жұмыс істейтіні оның шығармашылығынан көрінеді. Мәселен, «Зере» поэтикалық спектаклі мен «Абай» трагедиясындағы қарапайым рөлдері де көпшіліктің назарын аударды.
Халқымыз Есболған Жайсаңбаев деген ғажайып актерді ұмыта қоймаған шығар. Ол кісі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етіп, Ғабит Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» – Дәуітті, Әбділда Тәжібаевтың «Майрасында» Бақтияр секілді бірқатар рөлдерді сомдаған. Дастан Әлімовтің де түр-тұлғасынан, болмысынан Есболған ағамызға ұқсас бір жақындықты көресіз. Бұл жайында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Дастанның бір қойылымдағы рөліне разы болып: «Сахнада сенің планыңдағы актерлар аз. Осы кейіпте Есболған Жайсаңбаев, Қасым Жәкібаев деген дүлдүлдер өткен. Сен Есболғандай актер болсаң, мықты боласың» деп батасын беріпті.