– Вакцина салдыру – індеттің алдын алудың ғана емес, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз жолы. Сол себептен басқарма басшыларына бағынысты мекемелердегі қызметкерлерді вакциналау деңгейін 90 пайызға дейін жеткізу жүктеледі. Бәріңізге кемшіліктерді түзету үшін екі апта уақыт беремін. Жұмыс жолға қойылмаса, сіздерге қатысты тәріптік жауапкершілік қаралады, – дейді облыс әкімі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуына қарағанда, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың күнделікті жоспарына өзгеріс енгізіліпті. Енді күн сайын вакцина алатындар саны 1 050-ден 3 500-ге дейін артпақ.
– Өңірге бірінші компонент үшін 170 295 доза, екінші компонентке арналған 138 695 доза вакцина жеткізілді. Соңғы 10 күнде вакцина алған адамдардың саны 13,1 пайызға артты. Вакциналауға жататын контингенттер арасында ең жоғары көрсеткіш құқық қорғау органдарына (170%), ал ең төменгі көрсеткіш студенттер (38,3%) арасында байқалып отыр, – дейді А.Байдуәлиев.
Оның пікірінше, инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға қатысты талдау жүргізілген. Қазір стационарларда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 751 науқас емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде 87 науқас оқшауланған. Жағдайы ауыр науқастардың бірде-бірі вакцина алмағаны анықталыпты.
– «Жылыой ауданында тұрғындардың 13,7 пайызы вакцина салдырған. Ал Мақатта – 22,5, Исатайда – 28,7, Қызылқоға ауданы тұрғындарының 28,1 пайызы вакцина ектірген», дейді А.Байдуәлиев.
Осыған байланысты облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жылыой және Мақат ауданының әкімдеріне жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыруды, салаға жетекшілік ететін орынбасарларына қатысты тәртіптік шара қолдануды тапсырды. Әкімнің пікірінше, әр екі күн сайын Атырау қаласы мен аудандар, салалық ұйымдар, кәсіпорындар және басқа да мекемелер вакциналау туралы баяндауы қажет. Вакцинамен қамтудың тәуліктік көрсеткішін жақсарту үшін нақты шаралар қабылданады. Аудандардағы вакциналау қарқынын жандандыру үшін әдістемелік көмек көрсетіледі.
Вакцина алудың төмендігінен бе, әлде індет ошағының көбеюінен бе, Атырауда коронавирус инфекциясына шалдығу дерегі азаяр емес. Мәселен, облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ербатырованың дерегіне сүйенсек, шілдеде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 445 жағдайы тіркелген. Ал тамыздың алғашқы он күнінде 4 379 науқас анықталған.
– Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың 60 пайызы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Бұған қоса Жылыой ауданы мен Теңіз кен орнында эпидемиялық ахуал нашарлады. Қауіпті вирусқа шалдыққандардың 59 пайызы клиникалық симптом негізінде анықталды. Ал 15-20 пайызы – науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Бұл өңірде эпидемиялық ахуалдың нашарлағанын байқатады, – дейді Г.Ербатырова.
Инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың кейбірінің емделгеніне айдан асқан. Соның бірі – Алтын Төлегенова маусым айының басында Индер аудандық ауруханасына жатқызылған. Жағдайы нашарлаған соң, Атырау қаласындағы модульдік аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылыпты.
– Жансақтау бөлімінде екі жақты пневмония, өкпенің 96 пайызы қабынған деген диагноз қойылды. Бір ай бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы жаттым. Дәрігерлер жүргізген емнің нәтижесінде қауіпті вирустан сауыға бастадым. Мені бейінді бөлімшенің палатасына ауыстырып, емделуді жалғастырдым, – дейді А.Төлегенова.
Ол 10 тамызда модульдік аурухананың инфекциялық стационарынан үйіне шығарылды. Енді үш ай бойы тұрғылықты мекенжайында дәрігерлердің бақылауында болады. Сондай-ақ арнайы оңалтудан өтеді.
– Енді 10 күн бойы оттегі концентраторының көмегімен дем аламын. Содан кейін дәрігерлердің бақылауымен өкпенің жұмысын қалпына келтіремін. Осы орайда емделу кезінде дәрігерлерге көрсеткен қамқорлығы мен жылы сөзі үшін алғысымды білдіргім келеді. Ал тұрғындардан туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін маска тағып, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұраймын, – дейді А.Төлегенова.
Тағы бір емделуші – 56 жастағы Жібек Қазиева №2 облыстық ауруханаға 17 шілдеде өкпесінің 90 пайызы қабынып түскен болатын. Бірақ ол жансақтау бөліміне жатқызылмай, бейіндік бөлімде емделді. Ем-домның нәтижесінде сырқатты жеңіп, 8 тамызда ауруханадан шықты. Енді ол да Махамбет ауданындағы учаскелік дәрігердің бақылауына алынады.
Атырау облысы