Биылғы маусымнан бастап тұсауы кесілген су жаңа турнир – Конференция лигасы атты доп додасында өнер көрсеткен Қостанайдың «Тобылы» мен елорданың «Астанасы» іріктеудің екінші айналымында Еуропаның алдыңғы қатарлы командаларын жеңіп, келесі кезеңге еш қиындықсыз шыққан болатын. Кейінгі жеребе жерлестерімізге жеңіл түсіп, бұл жолы өздерінен деңгей жағынан болсын, қаржылық жағдайынан болсын әлдеқайда төмен клубтар қарсылас атанды. Осы үшінші іріктеу кезеңінің жеребесінен кейін қазақстандық футбол сарапшылары «Тобыл» мен «Астананың» Конференция лигасының топтық кезеңіне дейін шығатын мүмкіндігі бар деп болжаған еді. Бірақ футболда әрқашан сарапшылардың болжамы дұрыс келе бермейтінін, алаңдағы легионерлердің саны, жасы үлкен футболшылардың тәжірибесі, команданың қаржылық әлеуеті клубты әрдайым жеңіске жетелей бермейтінін, тек жігерлі әрі мінезді команданың ғана мерейі үстем болатынын «Жилинаның» жас жігіттері мен матч соңына дейін жеңіс үшін күресетін КуПС ойыншылары түсіндіріп бергендей болды.
Еурокубок ойындарында ешқандай тәжірибесі жоқ словакиялық 21-22 жастағы жігіттерден құралған «Жилина» Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында өз алаңында «Тобылды» қабылдап, қостанайлық команданы 5:0 есебімен ойсырата жеңді. 1995-2008 жылдар аралығында ұйымдастырылған әйгілі Интертото кубогында 2007 жылы топ жарған «Тобыл» сол уақытқа дейін де, одан кейін де бірде-бір Еурокубок ойындарында бұлай масқара болып жеңілмеген еді. Тіпті екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Хорватияның «Хайдук» клубынан 2:0 есебімен жеңіліп тұра, қарымта мачта қарсыластың қақпасына төрт гол соғып, «Тобыл» футболшылары ерлік көрсеткен еді. Ал бұл жолы жас футболшылардың қарқынына төтеп бере алмай Еурокубоктағы жорығын сәтсіз аяқтады.
Сонымен қатар «Тобылдың» ізін ала «Астана» клубы да Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінен кейін аталған турнирмен қоштасты. Қазақстандық командалар арасында Еурокубок бәсекелерінде ең тәжірибелі команда саналатын елордалық ұжым осымен қатарынан екінші жыл Еурокубокты топтық кезеңсіз аяқтауға мәжбүр болды.
Сырт алаңда Финляндияның КуПС командасымен тең ойнап, «Астана Аренада» анау-мынау командалардан жеңіле қоймайтын «Астана» қарымта кездесуде 3:1 есебімен алда тұрып, матч соңында 3:4 нәтижесімен ұтылып қалды. Кездесуді тамаша бастаған «Астана» ойыншылары матчтың небәрі 4-минутында есепті ашты. Марин Томасовтың оң қапталдан асырған пасын сәтті пайдаланған Тигран Барсегян командасын алға шығарды. Тіпті бірінші тайм аяқталар тұста тағы сол Томасовтың пасынан кейін Абат Айымбетов баспен тамаша гол соғып, есепті еселей түсті. Сөйтіп, «Астана» үзіліске көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.
Екінші таймда ойынға тыңнан қосылған КуПС шабуылшысы Рангел 53-минутта есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Бірақ арада бес минут өткен соң Тигран Барсегян алыстан тамаша соққы жасап, командасының үшінші голын соқты. Осы голдан кейін «Астана» ойыншылары келесі кезеңнің мәселесі шешілді деп ойласа керек, матчтың қалған уақытында тек қорғанумен болды. Алаң иелері қорғанысқа мән бере бастаған соң қарсыластар шабуылға ден қойды. Сөйтіп, ойынның 61 және 75-минуттарында дәл сол Рангел екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Ал 77-минуттарында Икауниек командасының жеңіс голын соғып, ойынның нүктесін қойды. Екі матчтың қорытындысы бойынша 5:4 есебімен жеңіске жеткен КуПС ойыншылары плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Осы матчты көріп отырып 2015/16 жылғы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі «Астана» мен ХИК арасындағы кездесу есімізге түсті. Үшінші іріктеудің сырт алаңда өткен алғашқы ойынында елордалық ұжым 0:0 есебімен тең ойнап, «Астана Аренадағы» қарымта кездесуде жерлестеріміз соңғы минуттарда 4:3 нәтижесімен жеңісті жұлып алған еді. Міне, араға алты жыл салып КуПС дәл сондай жағдаймен «Астананы» өз алаңында жеңіп қана қоймай, жерлестерінің кеткен есесін қайтарды.
Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Алашкерттен» жеңілген Алматының «Қайраты» жарысты Конференция лигасында жалғастыратын болды. Еурокубок бәсекесін Чемпиондар лигасынан бастап, үшінші деңгейлі жарысқа дейін түсіп қалған алматылықтарға енді жеңілуге болмайды. Өйткені оларды әрі қарай қабылдап ала беретін УЕФА-ның басқа турнирі жоқ.
«Шахтерге» сәттілік алып келген Еревандағы Вазген Саргсян атындағы стадион «Қайратты» жарылқай қоймайды. Алматыда командалардың күштері тең түскен соң, барлық мәселе сырт алаңдағы ойында шешілетіні анық еді. Сөйтіп, өз елінде өткен ойында армениялықтар төрешімен бірге жабылып жүріп әрең дегенде «Қайратты» 3:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Жерлестеріміздің жеңіске жететіндей мүмкіндіктері бар еді. Бірақ 62 және 92-минуттарда «Қайраттың» екі бірдей ойыншысы алаңнан қуылғаннан кейін алматылықтардың салы суға кетті. Алғаш Денис Поляков командаластарын қиын жағдайда тастап кетсе, экстра-таймда Айбол Әбікен «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылды. Матчтың соңғы минуттарын тоғыз ойыншымен өткізген «Қайрат» 104-минутта қақпасына гол өткізіп алды. Қорытынды есеп – 3:2. «Алашкерт» – Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде.
«Қайраттың» ішкі чемпионатта да, Еурокубок бәсекелерінде де агрессиялық ойын көрсететіні белгілі. Осы бір ойын жүйесінің салдарынан алматылық ұжым Еуродода бәсекелеріне қатыса-
тын қазақстандық клубтар арасында ең дөрекі команданың бірі болып тұр. Мәселен, былтырғы ел чемпиондары бүгінге дейін Еуропа жасыл алаңдарында өткізген 44 матчта 13 футболшысы «қызыл қағазбен» жазаланып, алаңнан қуылған.
Енді «Қайрат» Конференция лигасының топтық кезеңіне түсу үшін плей-офф бәсекесінде Люксембургтің «Фола» командасымен ойнайды. Ал Қарағандының «Шахтері» плей-оффта Израильдің «Маккаби» (Тель-Авив) клубымен кездеседі. Командалардың бірінші матчтары 19 тамызға, қарымта ойыны 26 тамызға жоспарланған.