Аймақтар • 15 Тамыз, 2021

Үш ауылға бірден газ келді

864 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ырғыз ауданының Шеңбертал, Құрылыс және Ақши ауылдарының 2 200-ден астам тұрғыны көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ұзындығы 31 шақырымдай газ құбырын жүргізуге республикалық бюджеттен 328 миллион теңгеден астам  бөлінген қаржы толық игерілді деп хабарлайды Egemen.kz.

Үш ауылға бірден газ келді

Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин аралары  20-30 шақырым болатын үш ауылға барып, тұрғындардың қуаныштарымен бөлісті. «Ырғыз ауданына газ жеткізу мәселесі  күрделі болатын әрі ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері осы мәселені көтеріп жүр. Өйткені ең шалғайдағы ауданда газ құбыры бірер жыл бұрын тек  аудан орталығына ғана жеткізілген еді. Мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес осы жылы үш ауыл газдандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.  Сонымен қатар елді мекендергесапалы ауыз суменжеткізу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді», деді өңір басшысы.

Шеңбертал ауылының тұрғындарының айтуынша, қыс бойы үй жылытуға   шамамен 5-6 тонна көмір жұмсалады. Бүгінде ауданда Қарағанды көмірінің әр тоннасы шамамен 25-26 мың теңгеден сатылып жатыр. «Көмір сатып алғанға қарағанда үй жылытқанда газдың төлемі арзанырақ. Біздің қуанышымызда шек жоқ», деп Құрылыс ауылының тұрғыны Шамшат Айтпамбетов ризашылығын білдірді.

Биылғы жылдың соңына дейін  Ырғыз ауданының Құтикөл елді мекеніне де газ құбыры тартылмақшы. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары  аяқталуға жақын. Жалпы, осы жылдың соңына дейін  Ақтөбе облысының 14 елді мекеніне көгілдір отын жеткізіледі деп жоспарланған.                                                     

Ақтөбе облысы