Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен дзюдо спортының өкілі Елдос Сметов III дәрежелі «Барыс» орденімен, ауыр атлет Зульфия Чиншанло ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, боксшылар Қамшыбек Қонқабаев пен Сәкен Бибосынов, ауыр атлет Игорь Сон, таэквондошылар Софья Берульцева мен Дархан Асаділов және еркін күрес шебері Нұрислам Санаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Мемлекеттік наградамен қатар, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы тапсырылды. Атап айтқанда, Олимпиада жүлдегерлеріне 31 млн теңге, ал жаттықтырушыларына 25 млн теңге көлемінде сыйақы сертификаты берілді. Салтанатты іс-шараға барлық жүлдегер мен бапкерлерден бөлек, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қатысты.
Жиында Мемлекеттік хатшы Токио Олимпиадасы еліміздегі спорт саласының шынайы бет-бейнесін анық көрсеткенін атап өтіп, спорт саласына шұғыл реформа қажет екенін айтты. Бірде-бір спортшымыздың алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы елдігімізге сын болғанына тоқталды.
– Ең әуелі, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен, спортпен айналысуын қамтамасыз ету қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылдануына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жетістікке жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелердің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жоспары әзірленуі тиіс. Халықтың саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс. Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттырсақ, одан сапа шығады. Бұл да кезек күттірмей, жедел қолға алатын шаруаның негізгісі, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Салтанатты іс-шара соңында Қазақстан ұлттық құрамасының атынан Елдос Сметов пен Софья Берульцева сөз сөйлеп, пандемияға қарамастан, тыңғылықты жаттығу жұмысын жүргізуге бар жағдайды жасағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.