Бас хатшы Олимпия ойындарындағы нәтижелерге қарамастан, әрбір спортшымыздың жетістігін мақтан тұтатынын жеткізді. Сондай-ақ А.Крюков Токио Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының сәтсіздігіне 10 қыркүйекке дейін талдау жасалатынын айтты.
– Алдағы апталарда Ұлттық Олимпиада комитеті республикалық федерациялармен әрі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Олимпия ойындарындағы ұлттық құрама командаларының нәтижесі мен дайындығына қатысты талдау жұмысын жүргізеді. 10 қыркүйекке дейін спорт федерациялары Олимпиада бойынша нақты есепті ұсынады. Онда спортшылардың сәтті немесе нәтижесіз өнер көрсетуі мәселесіне қатысты талдау болады. Қыркүйектің соңына қарай біз соңғы қорытындыны шығарамыз. Осыдан кейін қателіктерді түзету мен келесі олимпиадалық циклге дайындық жұмыстары басталады, – деді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы.
Ал жиынға қатысқан Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов елімізде спорт түрлерін қаржыландыру тетігіне кеңінен тоқталды. Ол спорт түрлерінен бюджет қаражатының ашықтығы мен теңгерімді бөлуді қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы заңнамаға спорт түрлерін саралау түсінігі енгізілгенін, сол ережеге сәйкес жүргізілген саралау рәсімдері нәтижесі бойынша алдағы екі жылға басымдық берілетін спорт түрлерінің тізбесі бекітілетінін жеткізді.
– Саралау көрсеткіштерін айқындаудың негізгі критерийлеріне жарыстарда тиісті спорт түрі бойынша спортшылардың жетістіктері, материалдық-техникалық базаның болуы, өңірдің климаттық жағдайына сай спорт түрлері ерекшеліктері жатады. Осының нәтижесінде спорт түрлері негізгі үш топқа бөлінеді. Біріншісі – дамыған спорт түрлері, екіншісі – жоғары әлеуетке ие спорт түрлері, үшіншісі – дамудың төмен әлеуетіне ие спорт түрлері. Осы арқылы қазіргі кезде спортты қаржыландырудың моделі әзірленді. Бұл өз кезегінде республикалық деңгейде қаражатты объективті бөлуге кепілдік береді, – деді вице-министр.
Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев боксшылардың Токио төрінде көрсеткен нәтижесін сәтсіздікке балап, алдағы уақытта бокстан ұлттық құраманың құрамы 80 пайызға дейін жаңаратынын айтты.
– Токио Олимпиадасында біз Риодағы нәтижені қайталай алмадық. Бразилияда боксшыларымыз бір алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алған болса, биыл бұйырғаны екі қола ғана болды. Осыған байланысты алдағы уақытта сараптама жүргіземіз. Қазанның соңында Сербияның бас шаһары – Белградта әлем чемпионаты өтеді. Сол әлем біріншілігіне мүлдем жаңарған құрам баруы мүмкін. Сонымен қатар құрамаға қазіргі таңда кәсіпқой бокста тәуір өнер көрсетіп жүрген жігіттер де келуге дайын екенін жеткізді. Енді кімдер бірінші оқу-жаттығу жиынына келіп дайындыққа кіріседі, сол боксшылар әлем чемпионатында жұдырықтасуға мүмкіндік алады, – деді Б.Артаев.
Сонымен қатар Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гюзель Манюрова қазақстандық спортшылардың Олимпиададағы өнеріне қатысты пікір білдірді.
Г.Манюрованың айтуынша, әйелдер күресі нәтижесін болжау мүмкін емес және статистика шығару оңай болмайды. «Сондықтан әйелдер күресіне қатысты нақты болжам жасау қиын, яғни жүлделі орыннан көрінуі тиіс спортшылар сенімді ақтамады. Бұл ретте сәтсіздік, өз күшін дұрыс бағаламау, 5 жыл бойы спортшыларға түскен психологиялық қысым бізге теріс нәтиже берді», деді Г. Манюрова.