Технология • 16 Тамыз, 2021

«Цифрлы серіктес» ауылға интернет әкеледі

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауылдағы цифрлы серіктес» – «Қазақтелеком» компаниясының ауыл халқын жоғары жылдамдықты және сапалы интернетпен қамтуға бағытталған жобаларының бірі. Ұлттық байланыс операторы қанатқақты жобаның басталғанын, сондай-ақ оған кез келген кәсіпкер қатыса алатынын хабарлады.

«Цифрлы серіктес» ауылға интернет әкеледі

 Бұл жобаға қатысу үшін еліміздің азаматтарына кәсіпкерлерге арнал­ған Ismet.kz платформасына тір­келіп, өтініш беру қажет. «Қазақ­телеком» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің мәліметіне сүйенсек, цифр­­лы теңсіздікті болдырмау үшін ком­пания 2018-2020 жылдар ара­лығында мемлекет-жекешелік әріп­тестігі арқылы ауылдық жерлерде 14 514 шақырым жерге талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тартып, шалғайдағы елді мекендер сапалы байланыс қызметіне қо­сыл­ды. Нақты айтқанда, оптикалық бай­ланыс желісіне 2,5 мыңнан астам мемлекеттік құрылым мен бюджеттік ұйым қосылды. Оның ішіне әкім­діктер, мектептер мен ауруханалар сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар кіреді.

Талшықты-оптикалық байланыс желісінің қосылу орындарында ұялы байланыс операторлары өздерінің базалық стансаларын орналастырып, оның көмегімен интернет радиохабар арқылы әр үйге таралады. Алайда бұл барлық елді мекенді қамти бермейтіндіктен, байланыс операторы әр өңірде осы бағытта әріптестік орнатуға ниетті. Аталған жобаның аясында шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне талшықты-оп­тикалық байланыс желісі мен Wi-Fi радионүктелері сынды технологияларды пайдалануға рұқсат беріліп, ауылдағы халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту арқылы табыстарын арттыруға мүмкіндік туады.

«Шартты түрде айтсақ, серікте­сімізге ауылға қажетті құрылғылар­ды орнатып, оларды қолданыстағы ТОБЖ-ға қосу арқылы әр абонентке интернет жүргізу қажет. Бұл ретте кәсіпкер орнатылатын құрылғыны өз қаражаты есебінен тартатынын, сондай-ақ бұл шығын абоненттердің ай сайынғы төлемдерінен өтелетінін айта кеткен орынды. Нәтижесінде, кәсіпкер қысқа уақытта жергілікті желінің құрылысына салынған ин­вестициясын қайтарып қана қой­май, табыс әкелетін пайдалы биз­нестің иесі атанады. Өйткені интернет тұрғындарға үнемі қажет бола­ды», деді «Қазақтелеком» АҚ кор­поративтік бизнес дивизионының бас директоры Алмат Қараманов.

Жобаның авторлары айтқандай, «цифрлы серіктестер» абоненттік базаны қосу арқылы ай сайынғы төлемнің 50%-ын иеленіп отырады. Осы орайда аталған кәсіпкерлер цифр­лы коммуникацияны жеке және заңды тұлғаларға жүргізуге құқы­лы. Ұлттық компания аталған жоба ауыл­дық жерлердегі халықтың қажет­тілігін өтеп, әл-ауқатын арт­тыруға септігін тигізеді деген сенім­де. Қазір қанатқақты жоба Түркі-­
­с­тан облысының 176 ауылдық елді мекенінде сынақтан өткізіліп жатыр.