Аймақтар • 16 Тамыз, 2021

Той тыйылмай, індет жұқтырушылар азаймайды

2135 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемді әбігерге салып отырған коронавирус індетімен күрес мейлінше қарқынды жүргізілуде. Елімізде де тиісті шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жамбыл облысында карантин талаптары енгізіліп, мониторингтік топ мүшелері күнделікті бақылау жүргізуде.

Той тыйылмай, індет жұқтырушылар азаймайды

Дегенмен өңірде карантин талаптарын қасақана бұзу тыйылмай тұр. Әсіресе мейрамханаларда той жасау, түрлі отбасылық шаралар өткізу сияқты жиындар күн сайын жалғасуда. Өзге түгіл, өзінің де қамын ойламаған қарапайым халық та, мейрамхана иелері де карантинге көз жұмып қарап отыр.

Бүгінде Жамбыл облысында қауіпті індетті жұқтырудың дерегі күн санап артып барады. Өкінішке қарай, коронавирустан көз жұмғандар да бар. Облыс бо­йынша санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орын­басары Бағлан Қыдырбаевтың айтуынша, қазіргі кезде өңірде 2 259 нау­қас ауруханаға жатқызылып, аймақ­та ауруханалардың төсектік орынмен қам­тылуы 63 пайызды құраған. Сонымен қатар ол аурудың жоғары деңгейі облыс­тың барлық қалалары мен аудандарында да байқалатынын атап өтті.

«Биыл 1 қаңтардан бастап мо­ни­то­рингтік топтар мүшелері тиісті тәр­тіпті сақтамаған 836 нысанды анықта­ды. Нысандардың басшыларына түсін­діру жұмыстары жүргізілді, ескертулер берілді. Тексеру материалдары мен мониторингтік топтардың санитарлық-эпидемиялық қызметке берген материалдары негізінде 83 млн теңгеден аса сомаға 705 айыппұл салынды», дейді Б.Қыдырбаев.

Бүгінге дейін Жамбыл облысының 71 кәсіпкерлік нысанында карантиндік шараларды қасақана бұзу фактілері анықталған. Тексеру нәтижелері бойынша жалпы көлемі 59 млн теңгеден асатын айыппұл салу арқылы 262 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Негізгі құқық бұзушы нысандардың сандық статистикасы да белгілі. Олардың қатарында 64 қоғамдық тамақтану орны, яғни мейрамханалар, кафелер, банкет залдары, кафе-барлар бар. Сондай-ақ 3 компьютерлік клуб, 2 сауда нысаны, 1 лото клубы және 1 балалар ойын-сауық орталығы да «қара» тізімде.

Қазіргі кезде қауіпті індеттің өршуі бірқатар ауданмен қатар, Тараз қаласында да байқалады. Облыс орталығында жыл басынан бері 10 143 жағдай тіркелген. Тіпті осы жылдың шілде, тамыз айларында коронавирус жұқтырудың дерегі алдыңғы айлармен салыстырғанда арта түскен. Бүгінгі таңда Тараз қаласында науқас азаматтарды емдеуге арналған 4 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қазір инфекциялық стационарларда 1 434 науқас ем қабылдауда.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтуынша, әкімдік тарапынан құрылған мониторингтік топ қалада орналасқан кәсіпкерлік субъек­тілеріне күнделікті рейдтер жүр­гізуде. Карантиндік шектеу шаралары басталғаннан бері 473 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, кәсіпкерлерге 91 млн 213 мың 815 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал биылдың өзінде 288 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 49 млн 318 мың 575 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ 21 талап-арыз материалы бірқатар нысанның қызметін тоқтату үшін ауданаралық экономикалық сотқа жіберілген. Нәтижесінде, 15 ны­сан­ға қатысты шешім шықса, 4 іс-құ­жат қараусыз қалдырылып, 2 іс-құ­жат­ты қарау тоқтатылған. Қазіргі кезде облыс орталығында орналасқан 15 нысан өз жұмысын тоқтатып отыр.

Қайткен күнде де қауіпті індет бой беретін емес. Коронавирус күн сайын күш алуда. Сақтық шараларын мейлінше сақтау керек дегенмен, бұл орындалмай отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда өңірдегі мобильдік топтардың жұмысы күшейтілген. Тамыз айы басталғалы бері 73 хаттамалық акті толтырылған. Рейд жүргізу барысында Тараз қаласындағы Taraz Hall, Imperial, Grand Royal және Zaravshan мейрамханаларында бір күнде 3 той өткізілгендіктен, оларға да жеке-жеке хаттамалық акті толтырылған. Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліметінде «Мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Осылайша, 31 шілдеде Таразда 25 той тоқтатылып, хаттама толтырылды. Айта кетерлігі, тұрғындар өз іс-шараларының шырқын бұзбау, тоқтатпау үшін түрлі әрекеттерге барады. Қарсылық көрсетеді. Тіпті топ мүшелеріне бейәдеп сөздер айтып, қол көтеру, қоқан-лоқы көрсету жағдайлары да болған. Оған қатысты мониторингтік топ мүшелері тарапынан құқық қорғау органдарына арыз түсіп, соттың шешімі де шықты», делінген.

Күнделікті рейдтік жұмыстардың мәлі­меттерін қарап отырсақ, облыс ор­та­­лығында той-жиынға әлі де тоқ­там болмай отырғанын көреміз. Бұл бірін­ші­ден мейрамхана иелерінің тәртіпке бағынбай отырғанын көрсетсе, екіншіден көпшіліктің де талапқа көндіккісі кел­ме­ге­нін білдіреді. Жуырда ғана әлеуметтік желілерде «Ай жұлдыз» мейрамханасына тойды тоқтату үшін мониторингтік топ мүшелерінің барғаны, алайда олардың бұл талапқа көнбегені, кейіннен топ мүшелері әріптестерін көмекке шақырғаны, сол үшін топ мүшелерінің зәбір көргені, оны көре тұра әкімдік қызметкерлерінің ешқандай әрекет жасамағаны туралы жарияланған болатын.

Аталған оқиғаның анық-қанығын білмек мақсатта Тараз қалалық әкімдігіне хабарласып, тиісті жауапты алдық. Шаһар әкімшілігі берген ақпаратта «1 тамыз күнгі рейдтік жұмыстар барысында қала аумағында барлығы 13 кәсіпкерлік нысанға акті толтырылды. «Ай жұлдыз» мейрамханасына №2 мониторингтік топ кезекті рейдке шыққан. Той иелерінің тойды тоқтатуға қарсылық білдіріп, қау­лы­ны орындаудан бас тартуына байланысты топ мүшелері өз әріптестерін көмекке шақырған. Осы кезде басқа мейрамханада түсіндіру жұмыстарымен жүрген әкімдік қызметкерлері «Ай жұлдыз» мейрамханасына барып, той тоқтатылады. Карантин талаптарын сақтамай, отбасылық іс-шара жүргізген «Ай жұлдыз» мейрамханасына №2 мобильді топ мүшелері С.Сұлтанов пен Н.Аманмұраттың тарапынан хаттамалық акті толтырылған. Актіге мейрамхана қожайыны З.Тамтыбаев таныстым деп қол қойып берген. Мейрамханаға әкімдік қызметкерлері келген уақытта мониторингтік топ мүшелеріне қатысты қоқан-лоқы көрсету іс-әрекеті орын алмаған. Мониторингтік топ мүшелері тарапынан құқық қорғау органдарына арыз түспеді», делінген. Мұның алдында да тойды тоқтату үшін барған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек бастаған мониторингтік топ мүшелері қарсылыққа ұшыраған болатын. Күн сайын хаттама толтырылып, тәртіп бұз­ған­дарға айыппұл салынғанымен, той-жиынды тоқтату қиынға соғып тұр. Осы уақытқа дейін Тараз қаласының өзінде 25 тойдың тоқтатылғаны, бірқатар мей­рамхананың бір күнде үш рет той өткізгені туралы сияқты жағдайлар бол­ған еді. Ал жергілікті биліктің той өткізуді толық тоқтатуға шамасы келмей отыр.