Экономика • 16 Тамыз, 2021

Уран өндірісі: Батыс пен Шығыстың бәсекесі

739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаһандағы пандемиялық әрі экологиялық ахуалға қарамастан, уран индустриясында негізгі ойыншылар арасындағы бәсеке қыза түсті. Айталық «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ биыл екінші тоқсандағы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады, онда негізгі көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалған.

Уран өндірісі: Батыс пен Шығыстың бәсекесі

Сату көлемі ұлғайды

Бұл ретте канадалық Cameco компаниясы алдағы уақытта COVID-19, орман өрті немесе бас­қа да жағдайлардың салдарынан тәуекелдер туындамаса, онда биылғы өндірістік көрсеткішті 12 млн фунтқа дейін жеткізетінін мәлімдеді. Алдымен отандық кәсіп­орынның жағдайына тоқта­лып өтейік.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қоғаммен байланыс депар­та­ментінің ақпаратына сүйенсек, осы жылдың 6 айында компания тобындағы өндіріс көлемі сәл өскенімен тұтастай былтырғы кезеңнің көрсеткішімен ұқсас. Нақты айтсақ, елімізде 100% негізде 10 451 тонна уран (салыс­тыру үшін – 2020 жылы 10 434 тонна) және кәсіпорындардың иелену үлесіне тең 5 864 тонна табиғи уран (2020 жылы 5 790 тонна) өндірілді. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы сату көлемі компания тобы мен «Қаз­атомөнеркәсіптің» дең­гейінде өскені байқалған. Атап айт­қанда, топтың деңгейінде оның мөлшері 6 193 тоннаны құраса, тікелей кә­сіпорын сатқан шикізаттың көлемі 5 179 тоннаға жеткен. Бұл 2020 жылдағы көрсеткішке қара­ғанда 38%-ға артық.

Осы орайда уранның спот­тық бағасының өсуі ұлттық ком­па­нияның орташа сату баға­сына жағымды әсер еткенін айта кеткен орынды. Егер де жыл­дың соңына дейін спот құны өзгер­месе, сату бағасының өсу үрді­сі сақталуы мүмкін. Негізінен кә­сіп­орынның шикізатты тасы­малдау жұмыстары екінші жар­ты­жылдыққа жоспарланыпты.

«Қазатомөнеркәсіп» шикізат қорын мақсатты түрде сақтауға тырысып келеді, бұл шамамен 6-7 айлық өндіріс көлеміне сәйкес. Алайда 2021-2022 жылдардағы оның мөлшері пандемияға байланысты жоғарыдағы көрсеткіштен төмен болуы да мүмкін. Холдинг өкілдері екінші тоқсанда спот нарығындағы өнімді сатып алуға қатысты бірқатар келісімге қол жет­кізілгенін және өз қор­ларын оң­тайландыру үшін нарық­тағы жағдайды бақылауда ұстайтын­дарын айтты.

 

Ядролық отын өндірушілердің қатарына қосылдық

«Қазатомөнеркәсіп» және China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) компаниясы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының аумағында жылу бөлгіш құраманы шығаратын зауытты салу жөнінде уағдаласқан еді. Оның аясында қытайлық кор­порация «Үлбі-ЖБҚ» өнімін сатып алуға кепілдік беріп, өз кезе­гінде «Қазатомөнеркәсіп» өзі­нің еншілес компаниясы «Ор­талық» ӨК» ЖШС акция­сы­ның 49%-ын CGNPC-дің енші­лес кә­сіп­орнының пайдасына сату­ға келісті. Биыл сәуірде сатып алу-сату шартына қол қойылып, ірі халықаралық консалтингтік компаниялардың бірі «Орталық» ӨК» ЖШС-нің 49% үлесін шамамен 435 млн долларға бағалаған.

«Шілденің соңында барлық кейінге қалдырылған талап пен қажетті мемлекеттік рәсім орындалып, келісімшарт жабылды. Қайта тіркеу аяқталып, CGN Mining UK Limited (CGNPC-дің еншілес компаниясы) «Орталық» ӨК» ЖШС-нің толық құқықты мүшесіне айналды. «Қазатомөнеркәсіп» атал­ған кәсіпорынды толық бақы­лауға мүмкіндік беретін 51% акцияны өзінде сақтаса, CGN Mining UK Limited оның 49%-на ие. Бұл орайда серіктестер уранның көлемін өз үлестерінің деңгейіне байланысты сатып алатынын айта кету керек», делінген компанияның ақпаратында.

Мақала дайындалып жат­қанда «Үлбі-ЖБҚ» компаниясы тамыздың 12-сінде алғашқы өні­мін шығарғанын хабарлады. Бұл – еліміздің тарихындағы үлкен жетістік. Неге десеңіз, атом стансаларына арналған ядролық отын өндіруші санаулы мемлекеттердің қатарына енді Қазақстан да ресми қосылды.

Тұтастай алғанда, атом хол­дингінің коронавирус індетінің таралуына қарсы қабылдаған нақты шешімдері, жұмысшылар мен жергілікті халықтың денсаулығын қорғау бағытында қолға алған жұ­мыстары биылғы өндірістік про­цестің үздіксіз жүргізіліп, сақ­талуына мүмкіндік беріп отыр. Десе де компания өкілдері былтыр елімізде енгізілген төтенше жағдай режімі өндіріс нысандарындағы кейбір операциялық қызметті төрт айға тоқтатып, геологиялық барлау және тау-кен саласындағы да­йын­дық жұмыстарына, сол секілді жаңа технологиялық блоктарды іске қосу кестесіне әсер еткенін жасырған жоқ. Соның салдарынан осы жылдың алғашқы жартыжылдығында да­йын өнім­ді өндіру көлемі төмендеді. Сон­дай-ақ COVID-19 бүкіл өндіріс­тік тасымал тізбегіне әсер етіп, бұл белгілі бір материалдардың, оның ішінде құбыр өнімдерінің тапшы­лығына әкелді. Осы қиындықтар­ға қарамастан компания тобы уран өндіруге байланысты биылғы жос­парды орындау үшін барлық алғышарт қарастырылғанын алға тартты.

Канадалықтардың ұпайы түгел

Уран өнеркәсібінің тағы бір алыбы – канадалық Cameco Corpo­ration осы жылға жоспарланған көрсеткішті артығымен орындамаса да кем түсірмейтінін жеткізді. Жасыратыны жоқ, биыл әлемде табиғи және техногенді апаттар көп болды. Төтенше оқиғалар қалың орманымен ерекшеленетін Канаданы да айналып өтпеді. Әсіресе орман өрті – Үйеңкі жа­пырақтар еліндегі көкейкесті мәсе­­ленің бірі. Әйтсе де Cameco Cor­poration компаниясының бас дирек­торы Тим Гитцельдің ай­туын­­ша, бүгінге дейін пандемия немесе орман өрттері компа­ния өнімдерінің тасымалына айтар­лықтай әсер етпеген және бұл жыл соңына дейін қалған өнімдерді жеткізу жұмыстарына ықпалын тигізбейді.

«Стратегиямызды орындау ба­ры­сындағы қысқа мерзімді шы­ғындар мен Cigar Lake-гі өнді­ріс­тің алдын ала тоқтатылуына қарамастан жағдайымыз тұрақты. Осы тоқсанды шамамен 1,2 млрд канадалық доллармен аяқтадық. Сондай-ақ ұзақ мерзімді сауда-саттық келісімшарттарының портфолиосына тағы 7 млн фунтты сәтті қосып, нәтижесінде, 2021 жылға арналған келісімшарттардың жал­пы сомасы 16 млн фунтты құ­рады. Біз атом энергетикасының бо­лашағынан зор үміт күтіп отырмыз. Бұған қоса, уранға деген ұсы­ныс пен сұраныстың артуы және компаниямыздың әлеуеті біз­ді әрмен қарай жұмысты қар­қын­дата түсуге жігерлендіреді. Себебі жаһандық деңгейде алып қара­ғанда, адамзат энергияны көп жұмсайтын ресурстардан біртіндеп бас тартып жатқанын байқап отырмыз», деді Т.Гитцель.

 

ҚХР алғашқы торий реакторын салуды көздеуде

Аспанасты елі салқындатуға суды қажет етпейтін әлемдегі ал­ғашқы тәжірибелік торий ядро­лық реакторын салуды көз­деп отыр. Мұндай реактор экология­лық тұрғыда таза әрі қауіпсіз саналады.

Аталған реактор сұйық ториймен (актиноидтарға жататын радиоактивтілігі аз ауыр металл) жұмыс істеп, оны сал­қын­дату үшін тұз балқымасы қолда­ныл­­мақ. Мамандардың сөзіне сенсек, мұн­дай қондырғының артық­шы­лығы көп. Біріншіден, реактор көп мөлшерде суды қажет етпейді, яғни шөлді аймақтарда жұмыс іс­теуге қауқарлы. Екіншіден, торий уранға қарағанда әлдеқайда арзан, сондай-ақ оның ыдырауы кезін­де пайда болатын элементтер ядро­лық қару жасауға жарамсыз. Үшін­шіден, мұндай реактордың қал­дықтары 500 жылда ыдырайды. Ал уран қалдықтарының ыдырау кезеңі 10 мың жылға созылатыны белгілі.

Реактордың 2 мегаваттық прототипі тамыз айында дайын болып, алғашқы сынақтар қыр­күйек­те басталады. Ал толық қуат­ты 100 мегаваттық көлемді реак­тор 2030 жылға дейін Увэй қа­ласында салынады деп жоспарлануда.