Қазақстан • 17 Тамыз, 2021

Жыл сайын 8 млн адам темекі эпидемиясынан қайтыс болады

1207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Темекі өнімдерін қолдану бойынша елдердің 2021 жылғы рейтингі жарияланды, деп жазады Egemen.kz.

Жыл сайын 8 млн адам темекі эпидемиясынан қайтыс болады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, темекі эпидемиясы - қоғамдық денсаулыққа ең қауіпті қатерлердің бірі. Жыл сайын одан 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Оның 7 миллионнан астамы - темекі шегеді немесе бұрын шеккен. Ал 1,2 миллионнан астамы - темекі шекпейтіндер, бірақ темекі түтінінен уланғандар.

1,3 миллиард темекі тұтынушының 80%-ы төмен және орташа табысты елдерде тұрады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы жаһандық темекі эпидемиясы туралы есебіне сәйкес, Орталық Азия мен ЕАЭО елдерінің ішінде Түркіменстан мен Өзбекстанда темекі шегетіндерден аз. Бұл елдерде темекі шегетін ересектердің күнделікті үлесі сәйкесінше 4% және 9% құрады.

Қазақстан өз кезегінде аймақтағы 7 елдің арасында 3-орынға ие болды. Мұнда ересектер арасында күнделікті темекі шегушілердің үлесі 16%-ды құрады. Алдыңғы есеп бойынша темекі шегушілердің үлесі 17% болатын.

Сонымен қатар Қырғызстанда ересектер арасында күнделікті темекі шегушілердің үлесі - 22%, Беларусьте - 23%, Арменияда  25% болды.

Орталық Азия елдері мен ЕАЭО арасында ең көп шылым шегетіндер Ресейде тіркелді. Мұнда темекі шегушілердің үлесі 27% құрады.

ДДҰ темекінің барлық түрі денсаулыққа зиян екенін және оның зиянсыз дозасы жоқ екенін айтады.

Әлемде темекі өнімдерінің ішінде ең кең тараған түрі - темекі шегу. Темекі өнімдерінің басқа түрлеріне кальян, сигара, сигарилло, орама темекі, құбырлы темекі, бидис және кретек жатады.

Әлем елдері темекі тұтыну көлемін азайтуға көп көңіл бөледі. Оған ықпал етудің тиімді құралдарының бірі — салық салу.

Темекі өнімдерінің 10% қымбаттауы табыс деңгейі жоғары елдерде темекі тұтынудың шамамен 4% және табыс деңгейі төмен және орташа елдерде 5% төмендеуіне әкеледі.

Қазақстанда 2017 жылдан 2019 жылға дейін темекі өнімдерінің құнынан акциздің пайыздық мөлшерлемесі 52,4%-дан 55,7%-ға дейін ұлғайды.

ОА және ЕАЭО елдері бойынша ең көп салық Өзбекстанда (56,3%) және Ресейде (56,1%) төленеді. Қазақстан үшінші орында. Ал Беларусьте темекі өнімдерінің құнынан акциздің пайыздық мөлшерлемесі 55,6%, Қырғызстанда — 52,9%, Арменияда — 44,2% құрайды.