Әлем • 17 Тамыз, 2021

ЕО-ның Меркельден кейінгі тағдыры қандай болмақ?

776 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

МАДРИД. Еуропалық жобаларда әрдайым кемшілік болатын. Бірақ ешқайсысы құрлықты дүр сілкіндірген емес. Бұған себеп – Германия. Аталған ел Еуропалық одақ мүшелері арасында туындаған мәселелерде білікті араағайын бола білді, әсіресе, канцлер Ангела Меркель 16 жылдық билігі тұсында осыны айқын дәлелдеді. Биылғы қыркүйекте Меркельдің қызмет мерзімі аяқталмақ. Ендеше, Еуропалық одақты не күтіп тұр? Дүр сілкіне ме, әлде одан да зор бола ма?  

ЕО-ның Меркельден кейінгі тағдыры қандай болмақ?

Еуропа тек біртұтас нарықты шоғырландыруға назар аудар­ған­да оның басты кемшілігі эконо­ми­калық жағы еді. 2009 жылы бас­талған еуро дағдарысы кезін­де экономикалық шиеленіс терең­дей түсті. Солтүстікте ор­на­лас­қан  көптеген «үнемді» ел өз­­дері­нің оңтүстіктегі «ысырап­­шыл» көршілерімен келіспей қалды.

Коронавирус пандемиясы­нан кейін ғана, оның өзінде Мер­кельдің арқасында Еуропа­лық одақ мүшелері Еуропалық фискалды аудару механизмі­не ұқсас жобаға келісім берді. Бірақ бірлескен сауықтыру қоры – «Жаңа буын ЕО»-ның мүм­­кіндігі шектеулі. Бағдарла­мада қарастырылған ұлттық шығыс­тар жоспары қызу талқыға түсіп жатыр.

Сонымен қатар Еуропа экономикасына сызат түсуі ұйымда саяси алауыздықтың артуымен тұспа-тұс келді. Бұл кең ауқымды интеграцияға бет бұрған кезеңде болып отыр. Мүше мемлекет­тер арасында саяси мәселелер бо­йынша келіспеушілік жетерлік. Көші-қон дағдарысы – соның жарқын мысалы. Бұған қоса, алауыздыққа әкелгендердің ішінде, біріншіден, Еуропалық одақ туралы шарттың 2-бабы, екін­шіден, ЕО сыртқы саясатына қатысты заңдар бар.

2-бапта Еуропалық одақтың басты негізі – «адами қадір-қасиетті құрметтеуді, бостан­дықты, демократияны, теңдікті, заң­дылықты және адам құқық­тарын құрметтеу» туралы айтыл­ған. Бірақ оны түсіндіруде көз­қарастар қайшылығы туындады. Мәселен, Польша мен Мажар­стан соған мысал.

2010 жылы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен бері Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан азаматтық үс­тем­дікке нұқсан келтіретін және атқарушы билікті едәуір кеңей­тетін заң жобаларын қабылдатты. Польшаның либералды емес «Заң және әділеттілік» (PiS) бас­қарушы партиясы 2015 жылы билікке келгеннен кейін сот жүйесіне нұқсан келтірді.

Әрине, Еуропалық одақ мұның бәрінен хабардар. 2017 жылғы желтоқсанда Еуропалық комиссия шарттың 7-бабына жүгінді. Онда әрекеттері заңның үстемдігіне, адам құқықтарына немесе демократиялық прин­цип­терге қауіп төндіретін мүше мем­лекеттердің үкіметтерін жауап­кершілікке тарту меха­низмі қарастырылған. Осылай­ша, бұл бап алдымен Польшаға қар­сы қол­даныл­ды. 2018 жыл­ғы қыр­күйекте Еуропалық Пар­ла­мент Мажарстанға қарсы дәл осын­дай қадамға барды. Бірақ Еуро­палық одақ Кеңесі «бұл мәсе­леге қайта оралатынын» ал­ға тартып, олардың ешқайсысы туралы шешім қабылдаған жоқ.

Осы орайда заң бұзушылық жалғасып жатыр. 2019 жылғы маусымда Еуропалық сот Поль­ша үкіметінің елдегі Жоғарғы сот­ты реформалау жөніндегі құ­жа­ты Еуропалық одақтың заң­на­масын бұзды деген ше­шім қабылдады. Себебі ол судья­лар­­дың «өзгермейтіні» тура­лы қағидаға нұқсан келтірд­і. Ко­миссия Польшаға бұл шешім­ді орындауға 16 тамызға дейін уақыт берді. Бұған көнбегенде қар­жылық санкцияларға ұшы­рауы мүмкін еді.

Бірақ комиссияның мұндай қатерлерді қадағалау тәжірибесі көңіл көншітпейді. Ақырын­да, бұл заңдылыққа қатысты алаң­даушылық екі елдің Next Generation EU қорынан өз үлесін алуына кедергі келтіруі мүмкін екені айтылды. Бірақ Еуропалық комиссия Мажарстан туралы шешімін кейінге қалдырды. Польша бойынша да осындай қадамға бармақ. Алайда екі елдің билігі коронавирус дағ­дарысын сылтау ретінде пайдаланып, өз дегенін одан әрі күшейтіп алды.

Германия канцлері сайла­уына дейін шешім қабылдаудың орнына, Еуропалық комис­сия президенті Урсула фон дер Лейен Орбанның Фидес партия­сы және PiS партиясы келесі сайлау кезінде саяси бәсекеден түсіп қалатынынан үміттене­тін секілді. Бірақ қателеспеңіз. Егер Германия 2-бапты сақтау үшін нақты шара қолданғысы келсе, онда оны орындайтын еді. Шынында да, Германия Еуропаның либералды емес мүшелерін бастау стратегиясын тиімді басқарып келді.

Еуропаның сыртқы саясат­тағы көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Мұндай нақты бағыттың жоқтығына Германия да кінәлі. Еуропалық одақтың Түркиямен қарым-қатынасынан бастап, Германияның Еуропалық Кеңес төрағалығының соңғы күнінде қол қойылған Қытаймен арада жасалған инвестициялар туралы кешенді келісімге дейін Одақ бірқатар күмәнді шешімдер қабылдады.

Сонымен қатар Германия енді бұрынғыдай ықпал етпейтін бір аймақ бар, ол – Ресей. Атал­ған елге қатысты Германияның нақты ұстанымы бар, қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге тырысады. Меркельдің ресейлік газды тікелей Германияға әке­летін «Солтүстік ағын – 2» құбы­рын салуға рұқсат беру туралы АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігімен жақында жасаған келісімі осының символы.

Франция президенті Эм­мануэль Макронның қолдауы­мен Меркель Еуропалық одақты Ресей президенті Владимир Путинді саммитке шақыруға үндеп отыр. Керісінше, таяуда Еуропалық одақ Кеңесі Ресейге қатысты қатаң ұстаным орнататын мәлімдемені мақұлдады. Құжатты талқылау кезіндегі қызу пікірталас Еуропаға түс­кен сызаттың тереңдегенін көр­сетті. Осылайша, мүше мемлекет­­тер «қырғи-қабақ соғыс» кезін­дегі­дей екі блокқа бөлінді.

Германияны мұншалықты айыптау қалыпты жағдай  емес. Керісінше, әдетте Германия жол ұсынатын, ал еуропалық серік­тестері оның артынан ере­тін. Меркель серіктестері мен қарсы­ластарын дайындауға, баптау­ға және жұмылдыруға қабі­леті арқылы Еуропалық одақты бірнеше рет қайта қалпына келтірді. Бәлкім, ол араға түскен сызатты толыққанды жоймаған шығар, бірақ онымен қалай жұмыс істеу керектігін біледі.

Бірақ Ресей дауы көрсеткен­дей, бұл тұрақты модель емес. Енді Меркель отставкаға кетіп бара жатқанда Еуропалық одақ маңызды кезеңге, тағдыры тек неміс сайлаушыларына байланысты кезеңге тап келді. ЕО басты жол көрсетушісін жоғалт­пақ. Енді, келесі неміс канцлері бұл рөлді қабылдауға дайын ба, жоқ па? Ол жағы белгісіз.

Неміс бастаған шарасыз кезең­ге дейін күту стратегиясы Одақ­ты сақтап қалды. Бірақ бұл соны­мен қатар ЕО-ға маңызды мәсе­лелерде нақты ұстанымнан аулақ болуға мүмкіндік берді. Мұ­ның өзі ереже бұзушылар мен ав­тократ үшін тиімді еді. Мер­кельдің орнына кім келгеніне қара­мастан, ЕО басшылары ұйым аумағында да, одан тыс жер­лерде де атқаратын жұмыс­тары туралы қатаң шешімдер қабылдауға кірісуі керек.

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының экс-бас кеңесшісі, бұрынғы аға вице-президенті, Джорджтаун университетінің дәріс оқушысы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org