Қаржы • 18 Тамыз, 2021

Баспагерлердің табысы артты

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы бірінші тоқсанның қорытын­дысы­на сәйкес баспа саласында көрсетіл­ген қызмет­тердің көлемі 7,7 млрд теңге­ге өскен, бұл – былтырғы ұқсас кезең­мен салыс­тырғанда 14,1%-ға артық. Нақты өсім 9,8%-ға ұлғай­ды. Мұндай мәлімет Ranking.kz пор­талы­ның арнайы шолуында қамтылған.

Баспагерлердің табысы артты

Салыстырмалы түрде айтқанда, 2020 жылы аталған салада көрсетілген қызметтің көлемі 16,1%-ға немесе 6,8 млрд теңгеге дейін төмен­дегені байқалған еді. Порталдағы ақпаратқа сүйенсек, өңірлер бөлінісінде бұл сегменттегі қызметтердің жалпы көлемінің үштен бірі елордаға тиесілі. Атап айтқанда, астаналық баспагерлердің табысы 2,9 млрд теңгеге немесе былтырғы көрсеткіштен 35,6%-ға артса керек. Сонымен қатар үздік өңірлердің қатарынан Алматы қаласы (1,8 млрд теңге) және Атырау облысы (441,2 млн теңге) көрінді. Ал Батыс Қазақстандағы баспа қызметінде баяу динамика тіркелген. Мұнда көрсетілген қызметтің көлемі 35,2 млн теңгеге немесе 66,7%-ға төмендепті. Ең үлкен жылдық өсім Қызылорда облысын­да тіркеліп, Сыр өңіріндегі баспагерлердің кірісі бірден 2,9 есе немесе 265,9 млн теңгеге дейін ұлғайған.

Аталған сектордағы қызметтердің басым бөлігі газет шығару ісіне тиесілі. Ақшалай көлемде бұл қызмет түрі 3,3 млрд теңге, яғни жылына 1,8%-ға дейін табыс әкелген. Журналдар мен мерзімді басылымдарды шығаруға байланысты қызметтер 966,2 млн теңгені құрап, бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 6,1%-ға аз. Үшінші орында кітап шығару ісі тұр. Мұнда ақша көлемі 528,5 млн теңгеге ғана жетіп, бір жылда бірден минус 40%-дық көрсеткіш тіркелді.

Шілде айындағы жағдайға сәйкес кітаптардың бағасы жылдық динамикада 4,7%-ға өскен. Әсіресе, Түркістан облысының халқы кітап бағасының бір жылда 15,7%-ға қымбаттағанын сезген. Сол секілді кітап бағасының өскені Ақмола (14,6%) және Алматы (9,7%) облыстарында байқалған. Ал Жамбыл және Маңғыстау өңірлерінде кітаптың бағасы өзгеріссіз бұрынғы қалпында сақталған.