Чикаго тұрғыны Тангтанг Чжаоға 12 айып тағылып, әрқайсысы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 250 мың доллар (106 миллион теңгеден астам) айыппұл салынуы мүмкін.
Сот құжаттарына сәйкес, ер адам АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталықтары (CDC) беретін 125 вакцинация сертификатын сатты деп айыпталуда. Тергеу мәліметтері бойынша, Чжао сертификаттарды eBay интернет-дүкенінде 2021 жылдың наурыз-сәуір аралығында сатып отырған. Фармацевт әр жасанды құжаттың құнын он долларға бағалаған. Айыптау қорытындысына сәйкес, жалпы алғанда Чжао заңсыз әрекеттен 1270 доллардан (540 мың теңге) астам табыс тапты.
Тергеушілер Чжао өзі жұмыс істеген дәріханадан CDC вакцинация сертификаттарын ұрлады деп санайды. Ер адам Иллинойс штатының Солтүстік округінің сотында өзіне тағылған айыптарды мойындамады.
«Чикаго аймағында аталмыш заң бұзушылық бірінші рет орын алып отыр. Тергеу жалғасады. Жақын арада жалған құжат рәсімдеудің басқа да фактілерінің бетін ашатын боламыз деп үміттенемін», деді арнайы агент Шивон Джонсон.
Иллинойс штатының қаржылық және кәсіби реттеу департаментінің фармацевтикалық лицензияларын іздеу Чжао ешқашан тәртіптік жауапкершілікке тартылмағанын және 2018 жылы лицензия алғанын көрсетті.
ФБР Чикаго кеңсесінің арнайы агенті Эммерсон Бьюи Чжаоның әрекетін «COVID-19-ға қарсы күреске үлес қосқандар үшін қорлау» деп атады.
«Вакцина салдырмаған адамдарға жалған сертификаттарды саналы түрде сату миллиондаған америкалықтарды өлім қаупіне душар етеді», деді Бьюи Әділет департаментінің қамауға алу туралы баспасөз хабарламасында.
АҚШ Әділет министрлігі бұл оқиғаны тергеуді Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаментінің бас инспекторының басқармасы да жүргізіп жатқанын хабарлады.