Қоғам • 19 Тамыз, 2021

Әлжуаз жандарды қолдайтын «Әрекет»

573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта «әлеуметтік кәсіпкер» ұғымы пайда болып, сөздік қолданы­сымызға берік орныға бастағандай. Қазірде оның жекелеген бағыттары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы қолға алынған.

Әлжуаз жандарды қолдайтын «Әрекет»

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің басқарма басшысы Шолпансәуле Момбекованың айтуынша, қолданыстағы заңнама­ға тиісті өзгерістер енгізі­ліп, онда ал­ғаш рет әлеуметтік мәселе­лер­ді шешуге ба­ғыт­талған кәсіпкерлік субъек­тілеріне анық­тама берілген.

Соған сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін алу үшін кәсіпкер келесі шарттардың кем дегенде біреуін орындауы тиіс екен: Кәсіпорын қызмет­кер­лерінің жалпы санының кемінде 50 пайызын әлеуметтік осал санат азаматтары құрайтын жұмыс орындарын құру; халықтың осал топтарына арналған тауарларды өндіруге, оларды өткізуден түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50 пайызын құрауы тиіс; әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және тәрбиелеу, мәдениет және спорт саласында қызметтер көрсету.

Сонымен қатар халықтың әлеумет­тік осал топтарының салалық тізбесі анықталып, оған – барлық топтағы мүгедектер; көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан еңбекке жарамды азаматтар; мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар; химиялық тәуелділіктен емделген азаматтар; зейнетақы және зейнеткерлік жас алдындағы адамдар енгізілген. «Әрекет» жобасы іске қосылған үш жыл ішінде 120-дан аса коммерциялық емес ұйым (КЕҰ) әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға гранттар алыпты.

– «Әрекет» жобасы барысында 360-тан аса КЕҰ қатысуға өтінім берді. Грант алушылар жобаларының негізгі бағыт­тары – халықтың әлеуметтік осал топ­тарынан адамдарды жұмысқа орна­лас­тыру, ерекше қажеттіліктері бар бала­ларды оңалту және түзету, инклю­зивті білім беру, спорт, мектепке дейін­гі оқыту. Бүгінгі таңда әлеуметтік кәсіп­керліктің мемлекеттік деңгейде қолдау тауып жатқаны қуантады. Үкімет бұл саланың ел экономикасының дамуына нақты пайда мен үлес қоса алатынын, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік проблемаларын шеше алатынын көріп отыр. Маусым айында «Әлеуметтік кәсіп­кер­лік туралы» заң қабылданды, онда осы саланы қолдау бойынша бірқатар шара қарастырылған. Өткен жылдардың тә­жірибесі біздің КЕҰ әлеуметтік кәсіп­керлікті дамытуға дайын екенін көрсетті. Тек сапалы мәліметтер базасы мен бастапқы капиталды беру қажет. Осы екі міндетті біздің қор шешеді, – дейді Samruk-Kazyna Trust қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Отандық КЕҰ-лар әлеуметтік кәсіп­керлікті дамыту мақсатында 3 млн тең­геге дейінгі грант ала алады. Кәсіп­кер­лер «Әрекет» жобасы аясында қа­рас­тырылған арнайы білім беру бағ­дар­ламасы аясында іріктеуден өтіп, біліктілігін арттыруы керек. Өтінімдерді қа­былдау 23 тамызда басталып 17 қыр­күйекке дейін жалғасады. Жобаға елі­міздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыт­қысы келетін барлық КЕҰ қатыса алады.

– Жоба үш кезеңмен өтеді. Біріншісі – өтінімдерді жинау, оларды дұрыс толтыру тұрғысынан қарау. Екіншісі – қатысушыларды «Инкубатор» және «Акселератор» бағдарламалары бойынша оқытуды көздейді. «Инкубатор» – бұл бұрын «Әрекет» жобасы аясында грант ұтып алмаған, әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі аспектілерін зерттеп, нығайтқысы келетін, соның ішінде нарықты талдау, бизнес модельдерді құру, PR, жобаларды заңгерлік сүйемелдеу. «Акселератор» – біздің гранттарымызды алған КЕҰ-ға арналған бағдарлама. Олар үшін қар­жылық модель құру, өнім дизайны, сату­­ды жылжыту бойынша оқытуды көз­­дейтін тереңірек бағдарлама жасал­ды. «Акселератор» көрсетілетін қыз­мет­­тер мен тауарлардың сапасын жақ­сар­туға, әлеуметтік кәсіпкерлік бо­йынша қол­даныстағы жобаларға жа­ңа­ларын қосу­ға бағытталған. Оқыту алты апта бойы online форматта өтеді. Қазақ­стан­дық және шетелдік сарапшылар бі­лім беріп қана қоймай, өз кейстерімен бөлі­­седі, ментор болады», деп атап өтті спикер.