Спорт • 19 Тамыз, 2021

Конференция лигасы: «Қайрат» Люксембург командасымен кездеседі

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 19 тамызда UEFA Конференция лигасы плей-офф сатысында қазақстандық «Қайрат» ойын өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конференция лигасы: «Қайрат» Люксембург командасымен кездеседі

Алматылық клуб аталған кездесуін елорда уақытымен 23.30-да сырт алаңда Люксембургтің «Фола» командасына қарсы өткізеді.

Ойын Эш-сюр-Альзетт қаласындағы «Жози Бартель» стадионында өтеді. Кездесуге португалиялық Фабиу Вериссиму бас қазылық етпек. Оған отандастары Педру Алмейда мен Педру Мартинш көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де португалиялық Антониу Нобре.

«Фола» клубы 1906 жылы құрылған. Өз елінде 8 мәрте чемпион атанған. Бұған дейін Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасы іріктеу кезеңінде бірнеше мәрте бақ сынаған. Еуропа лигасы 2017/18 жылғы кезеңінде үшінші іріктеу сатысына дейін жетті.

Биыл еурокубокта «Фола» алдымен Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» (2:2, 0:5) клубына жол берді. Одан кейін Конференция лигасы екінші және іріктеу сатыларында Беларусьтің «Шахтер» (1:0, 2:1) және Солтүстік Ирландияның «Линфилд» (2:1, 2:1) клубтарын жарыс жолынан тайдырды.

Қазақстандық «Қайрат» болса, алдымен Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби Хайфа» клубынан (1:1, 2:0) басым түсіп, одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» клубына (2:1, 0:5) есе жіберді. Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Қайрат» Арменияның «Алашкертіне» (0:0, 2:3) жол берді.

Бүгін Конференция лигасы плей-офф сатысында Қарағандының «Шахтері» елордада Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубымен кездеседі.