«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған бұл жас жігіт кеншілер әулетінен шыққан. Қазіргі уақытта ол И. Костенко атындағы шахтада жерасты тау-кен жұмысшысы болып еңбек етіп жүр. Даниель ауыр жұмыста жүргеніне қарамастан, спортпен тұрақты түрде шұғылдануға да уақыт табады.
Бес жасынан бастап спорттық гимнастикамен айналысып келе жатқан ол осы салада толайым табыстарға қол жеткізген: халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.
Жалпы, Даниель мен оның серіктесі – еліміздегі спорттық гимнастика бойынша ерлер арасындағы ең үздік жұптың бірі. Осы жылдың өзінде олар Болгарияда өткен Әлем кубогы сынының кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген.
«Спорттық гимнастика – өте әдемі және сонымен бірге аса қиын спорт түрінің бірі. Неге десеңіз, жұптасып өнер көрсететіндіктен өзіңе ғана емес, серіктесің үшін де жауап бересің. Вадим екеуіміз бір-бірімізді ыммен түсінеміз, осындай серіктес тапқаным жолымның болғаны деп есептеймін», дейді Даниель.
Спорттық гимнастикадан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Ботагөз Байбакушева Даниельдің өте еңбекқор және шыдамды жас екенін мақтанышпен айтады.
«Бізде спортшылардың көбі қиындыққа шыдамай, тастап кетіп жатады. Ал Даниель болса, өте төзімді, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын жігіт. Өмірде де ол өте көңілді жүретін, ашық-жарқын адам. Қанша жерден шаршаса да, онысын еш білдірмей, өте сергек жүреді», дейді бапкер.
Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауында Даниель Диль «Мәдениет және спорт» аталымында жеңіске жетті. Жас жігіт үшін 2790 үміткер қатысқан конкурста топ жару – өте үлкен жетістік.
«Жасымнан спортпен айналысқандықтан, темірдей тәртіпке үйреніп кеткенмін. Бұл дағды маған өмірде көп көмегін берді. Ерінбей еңбек еткен және қиындыққа шыдамды жан бәрін де жеңіп шығады дегенді айтқым келеді», дейді өзіне-өзі сенімді жігіт.
Аталған байқаудағы жеңіс жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашумен бірге өте зор жауапкершілік жүктегенін айтады Даниель. Бұдан былай ол жастарға үлгі болуға тиіс тұлға: спорттың адамды мықты, төзімді және мақсаткер етіп шығаратынын жас ұрпақтың санасына сіңіруі керек. Оның алдында осындай мақсат тұр.
Даниельдің кенші болып еңбек етіп жүргеніне биыл төрт жыл болды. Оның жеті қат жер астында жұмыс істейтінін естіген таныстары таңғалыстарын жасыра алмай жатады. Құрметтері де зор, әрине.
Негізінде, Даниель бағдарламашылық оқу бітірген болатын. Бірақ болашақ мамандығын таңдар тұста И.Костенко атындағы шахтада жұмыс істейтін анасының ақылына құлақ түрген. Спортпен айналысатын шымыр және өте тәрбиелі жігітті көргенде шахта басшылығы да бірден келісім берген еді. Сөйтіп ол бір күннің ішінде кенші болып шыға келген.
Жас жігіт кейінгі кездері қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде араласа бастады. Былтыр Nur Otan партиясының мүшесі ретінде праймеризге қатысып, өзінің бағдарламасын жария етті.
«Менің бағдарламам бұқара арасында балалар спортын насихаттауға бағытталды. Аймақтарда талантты балалар өте көп. Бірақ көбіне олардың жолын қаржылық мәселе кеседі – қандай да бір үйірмеге ақы төлеуді көп адамдардың қалтасы көтере бермейді. Менің ойымша, балалар үшін спорт үйірмелері қолжетімді болуы керек», дейді ол.
Даниель Диль болашақта балаларыма жақсы әке бола алсам, мақсатыма жеткенім деген ой айтады.
«Анам сияқты баласының табысқа жеткенін көрген адамда арман болушы ма еді?!», дейді дарынды жас Даниель.