Спорт • 23 Тамыз, 2021

Басты мақсат – ел үмітін ақтау

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертең Жапонияның бас шаһары – Токиода XVI жазғы Паралимпия ойындарының жалауы желбірейді. Төртжыл­дықтың басты додасында еліміздің атынан 25 спортшы 7 спорт түрінен сынға түседі. Бұл – Қазақстанның Паралимпиада тарихында ең көп спортшы қатысатын ойыны болмақ. Енші­міздегі 25 жолдаманың алтауын пара дзюдошыларымыз жеңіп алған. Спорттың бұл түрімен көру қабілеті нашар немесе көзі көрмейтін спортшылар айналысады.

Басты мақсат – ел үмітін ақтау

Токио төріндегі татамиде Қа­­­зақстан құрамасынан халық­ара­лық додалардың жеңім­паз­да­рынан құралған еліміздің ең мық­ты деген балуандары алтын жүл­де үшін белдеседі. Атап айтар болсақ, ерлер бәсекесін­де 73 кило салмақта былтыр Гру­зия астанасы – Тбилисиде өт­кен Әлем кубогының жеңім­па­зы – Дәулет Теміржан, Рио Па­ра­лимпиадасының қатысу­шысы – Әнуар Сариев (60 кг) және Ғ­алымжан Смағұлұлы (81 кг) бел­дессе, қыздар арасындағы бел­десуде түрлі халықаралық жарыс­тардың жүлдегерлері – Жанбота Аманжол (90 кг), Даяна Федосова (57 кг) және Зарина Байбатина (+70 кг) ел намысын қорғайды.

Пара дзюдодан ұлттық құра­ма командасының бас жаттық­тырушысы Жандос Қиянов Па­ра­­лимпия ойындарында әр шә­кір­ті­нен зор үміт күтетінін жеткізді.

– Біздің басты мақсаты­мыз – Паралимпия ойындарында Қа­зақ­стан Туын көкке көтеріп, еліміз­дің Әнұранын шырқату. Жалпы, Паралимпиадаға жолдама алудың және оған қатысудың өзі үлкен мәртебе. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сындардан өтіп, бірқатар байрақты додада өздерінің мықтылықта­рын дәлелдеді. Шәкірттерімнің тек осы жылғы жетістіктерін айтар болсам, Жанбота Аман­жол, Ғалымжан Смағұлұлы және Даяна Федосова Ұлыбританияда өт­кен Гран-при жарыстарына қаты­­сып, жүлделі орындарға ие бол­ды. Баку (Әзербайжан) қаласын­да өткен Гран-при кезеңінде Әнуар Сариев пен Жанбота Аман­жол үздік өнер көрсетіп, жарыстың қола жүлделерін жеңіп алды. Ал Зарина Байбатина мен Ғалымжан Смағұлұлы Анталия (Түркия) қаласында өткен халықаралық турнирден алтын және күміс ­медаль олжалап, елге абыроймен оралды. Бұл тек осы жыл­дың ішіндегі ірі жетістіктердің бір парасы ғана. Бұған дейінгі жетіс­тіктеріміз де жетіп жатыр. Сон­дықтан алдағы Паралим­пия ойындарында бақ сынайтын шәкіртімнің әрқайсысына артатын үмітім зор, – дейді бас жаттықтырушы.

Пара дзюдо Қазақстан құра­ма командасы Токио-2020 Пара­лимпия ойындарына тыңғылық­ты дайындалды. Спортшылары­мыз соңғы дайын­дығын алды. Қазіргі таңда спорт­шылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, санитария талаптарын қатаң сақталуда.

– Қазіргі таңда пара дзюдо барлық елде қарқынды дамып келеді. Сондықтан ешқандай елді бөліп-жарып атай алмаймын. Жалпы Паралимпия ойындарына әлемдік рейтинг бойынша ең мықты деген спортшылар ғана қатысатыны белгілі, олардың осалы жоқ. Дода тартысты болары сөзсіз. Ең бастысы біздің спортшылар ешкімнен де кем емес және жоспар бойынша жақсы дайындалып жатқандығын ғана айта аламын, – дейді Жандос Қиянов.

Кейінгі жылдары елімізде па­ра дзюдо саласы қарқынды дамып келеді. Қазір уақытта пара дзюдомен еліміздің 11 облысы мен 3 қаласындағы 100-ден астам спортшы дайындалып жүр. Спортшылардың жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мы­салы, Қазақстан пара дзюдо құрама командасы 2017 жылы Ташкент (Өзбекстан) қаласын­да өткен Азия чемпионатының және 2018 жылы Джакартада өткен Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал 2019 жылғы Азия чемпионатының командалық ессеппен алғанда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге қол жеткізді.

Сондай-ақ елдегі Пара дзю­до спортының дамуын Пара­лим­пиада ойындарында жеңіп алған жолдама саны арқылы да байқауға болады. Мәселен, 2016 жылы Риода өткен Паралимпия ойындарында 2 балуанымыз өнер көрсеткен болса, биылғы Токио ойындарына 6 балуан жолдама алды.

Айта кетейік, биыл Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алтыншы рет Пара­лимпиадаға қатысады. 24 тамыз бен 5 қыркүйек ара­лығында өтетін XVI жазғы Пара­лимпия ойындарында Қазақстан құрамасынан 25 параспортшы спорттың 7 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Қазақстандық спортшылар Токио-2020 Пара­лимпия ойындарына жүзуден – 7, дзюдодан – 6, пауэрлифтингтен – 5, таэквондодан – 3, жеңіл атлетикадан – 2 және каноэ мен нысана көздеуден бір-бір жолдама жеңіп алған болатын.

Бұған дейін Жазғы ойындарға Қазақстан құрамасынан 1996 жылғы Атланта Паралим­пиа­да­сына – 12, 2000 жылғы Сид­нейдегі додаға – 2, Афиныдағы (2004) бәсекеге – 8, Бейжіңге (2008) – 3, Лондонға (2021) – 7 және 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы ойындарға – 10 спортшымыз барған еді. Осы Пара­лимпия ойындарындағы ал­ғашқы жүлдеміз дәл осы Рио тө­ріндегі бәсекеде түскен бола­тын. Сол жылы жүзуден Зуль­фия Габидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қой­шыбаева күміс жүлдеге ие болды.

Токиодағы Ойынның ашылу салтанатында Қазақстанның көк Туын таэквондодан екі дүр­кін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы және екі дүркін Еуропа чемпионы Нұрлан Дом­баев пен пауэрлифтингтен Рио Пара­лим­пиадасының күміс жүл­дегері Раушан Қойшыбаева көтеріп шы­­ғады.