Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қазан айында қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан республикалық байқау өтеді.
Діни басқарма жылдағы дәстүр бойынша Х Республикалық Құран сайысын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерей тойына орай қазан айының 6-7 күндері Түркістан қаласында өткізуді жоспарлап отыр, делінген хабарламада.
Сайыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу номинациялары бойынша ұйымдастырылады.
Құран жарысына қатысушыларға қойылатын талаптар:
– Құранды қатесіз жатқа және тәжуидімен көркем оқуына баса мән беріледі;
– үміткер өз облысындағы алдын ала іріктеу сайысында 1-орын алған жағдайда ғана жарысқа жолдама алады;
– толық Құранды жатқа оқу номинациясы бойынша қатысатын үміткер Республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алмаған болуы керек;
– үміткер ҚР ер азаматы болуы керек;
– үміткер 30 жастан аспаған болуы керек;
– үміткер жарысқа тек бір номинация бойынша ғана қатыса алады.
Қажетті құжаттар:
1. Үміткердің анкетасы;
2. Жеке куәлік көшірмесі;
3. Іріктеу сайысының сертификат көшірмесі;
4. Облыс Бас имамының ұсыныс хаты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автокөлік пен қаржылай сыйлықтар табысталып, арнайы сертификаттар беріледі.