Бұл мәселе алуан түрлі отбасылық басқосу мен той өткізушілерден гөрі жергілікті әкімдікті алаңдатып отыр. Сол себептен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов күрделенген эпидемиялық ахуал туралы әлсін-әлсін кеңес өткізіп, әсіресе вакцина салдыру мәселесін өз бақылауына алды. Әкімнің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері вакцина салдыру динамикасы жақсарғанына қарамастан, аудандардағы көрсеткіш әлі де төмен. Атап айтқанда, Жылыой ауданында – 19,5, Мақатта – 28,2, Исатайда – 36,2, Қызылқоға ауданында тұрғындардың 36,5 пайызы ғана вакцина алған.
– Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алмаған адамдар қауіптің ортасында жүреді. Олар қауіпті вирусты өзіне ғана емес, ағайын-туысына, әріптестеріне жұқтыратынын ескеруі керек. Жақынынан, дос-жараны мен әріптестерінен айырылғысы келмеген әр тұрғынның вакцина салдырғаны жөн. Вакцина салдыруды кейінге қалдырмасақ қана әдеттегі өмір ырғағына қайта орала аламыз. Демек қауіпті індеттің бетін қайтарудың жалғыз жолы – вакцина салдыру, – дейді М.Досмұхамбетов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, биылғы 1 ақпан мен 22 тамыз аралығында 178 462 атыраулық тұрғын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналардың бірінші компонентін салдырғаны белгілі болып отыр. Ал вакциналардың екінші компонентін салдырғандардың саны – 128 644 адам.
– Қазір облыста вакцина егетін 59 бекет жұмыс істейді. Өңірде вакциналардың жеткілікті қоры бар. Мәселен, 16 тамызда өңірлік фармацевтика қоймасына Vero Cell вакцинасының алғашқы 10 мың, кейіннен тағы да 20 мың дозасы жеткізілді. Бұл вакцинаны тұрғындар 17 тамыздан еккізе бастады. Қазір атыраулық тұрғындар тарапынан бұл вакцинаны салдырушылар қатары арта түсті. Бір аптада 1 700 адам Sinopharm компаниясы шығарған қытайлық вакцинаның бірінші компонентін салдырды, – дейді А.Байдуәлиев.
Вакцина демекші, шалғай аудандардағы ауылдардың тұрғындары да оны еккізгісі келеді. Алайда кейбірінің аудан орталығына баруға мүмкіндігі жоқ. Сол себептен 20 тамызда «Дені саудың – жаны сау» деп аталатын әлеуметтік пойыз іске қосылды. Алдымен «Сағыз – Атырау» бағытында қатынаған 60 орындық екі вагоны бар пойызбен Қызылқоға, Мақат аудандарының 45 тұрғыны Атырау қаласына вакцина салдыруға келді.
– Бұған дейін қан қысымым көтеріліп, екі рет вакцина салдыра алмадым. Кейін отбасымыздың саулығы үшін вакцина еккіздім. Балаларымызға қауіпті вирустан сақтанудың жолы вакцина салдыру екенін үнемі айтып отырамын. Оның үстіне қазір әлеуметтік желіде вакцинаға қарсы теріс түсінік қалыптастырып, халықты екіұдай пікірге қалдырып отырғандар бар. Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын ойласақ, теріс ақпараттарға шектеу қойылуы керек, – деп есептейді Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Байғали Досымбаев.
Атырауға вакцина салдыруға пойызбен келген тұрғынның бірі – Ерік Жұбанов (суретте). Қызылқоға ауданындағы Жантерек теміржол бекетінде электрик болып жұмыс істейді. Жасы 60-та.
– Көптен бері вакцина салдырудың қамын ойлап жүр едім. Бірақ жұмыстан қол босамады. Енді міне, Атырауға әлеуметтік пойызбен тегін келуге болатынын біліп, жолға шықтым. Бұған дейін отбасымның мүшелері ресейлік Спутник V вакцинасын салдырды. Мен де осы вакцинаны ектіруге шешім қабылдап отырмын. Өйткені қандай қауіпті індет болса да адамды вакцина ғана қорғай алады. Тегінде сақтанған адам ғана сау жүретінін естен шығармағанымыз жөн, – дейді Е.Жұбанов.
Шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын вакцина алу үшін облыс орталығына жеткізетін әлеуметтік пойыз енді Құрманғазы ауданынан қатынайды. Себебі бұл аудан да Атырау қаласынан тым алыста орналасқан. Қазір автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқандықтан, көлікпен қатынау мүмкін болмай отыр.
Ал карантиндік шектеу талабын бұзып, жасырын түрде үйлену, қыз ұзату тойын, мерейтой мен ас өткізетіндер азаяр емес. Мың күндік саулықтан гөрі, бір күндік табысты көздеген мейрамханалар әлемді қауіпті вирус жаулап тұрғанда той-думан өткізушілерден тапсырыс қабылдауды тоқтатпай отыр. Енді осындай мейрамханалар полиция қызметкерлерінің бақылауына алынды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, мейрамханаларда отбасылық, мерейтойлық жиын-тойларды өткізудің алдын алу үшін тәулік бойы полицияның жаяу патрульдеу жасақтары жұмылдырылып отыр. Мұндай шара облыс әкімдігінің коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатындағы нұсқауына сәйкес қабылданыпты. Қазір полиция қызметкерлерінің жаяу патрульдеу жасақтары Атырау қаласындағы ірі 14 мейрамхананың жанында тәулік бойы кезекшілік атқаруға кірісті.
Атырау облысы