«Өздеріңіз білетіндей, отандық кәсіпкерлерді қолдау мен дамытуға мемлекет басым көңіл бөледі. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы 2010 жылдан бастап табысты іске асырылуда. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау - ең сұранысқа ие бағдарлама саналады. Бағдарлама бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдауды қарастырады. Осы жылы ШОБ-ты жеңілдікті кредиттеу жалғасуда.
«БЖК-2025»-тегі қолдаудың негізгі қаржы құралдары пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу болып отыр», деді Тимур Жақсылықов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, «БЖК-2025» бағдарламасы аясында жеңілдікті кредиттеу жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге беріледі. Кредит сомасы 7 млрд теңгеге дейін, салалық шектеу жоқ.
Сонымен бірге, 2019 жылдан бастап «БЖК-2025» бағдарламасы аясында басым жобаларға кредит беру тетігі енгізілді. «Қалың жұртшылық үшін бұл тетік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ретінде белгілі. Бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. Осылайша, қарапайым заттар экономикасы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларға халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 6 пайыз мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру ұсынылады. Кредит сомасы шектелмейді, ал субсидиялау мерзімі - 10 жыл. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша кредиттеудегі басым жобаларды іріктеудің негізгі критерийі тауарлар тізбесі болып саналады», деді ол.