Форум бірнеше сессияда жалғасты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа оқу жылында қаланың 287 мектебінде 300 мыңға жуық оқушының білім алатынын жеткізді. Бірінші сыныпқа баратын балалардың саны 30 мыңнан асады.
Мектепке барып білім алу оқушылар үшін де, мұғалімдер мен ата-аналар да асыға күткен ерекше күн болмақ. Форум барысында қала әкімі дәстүрлі оқу форматында жалғасатын оқу жылында мұғалімдерді қолдау, әсіресе олардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Осы орайда жаңа оқу жылына дайындық барысында мұғалімдер 20-дан астам пәндік секциялар жұмысына қатысқан.
Пандемияға қарамастан алға жылжу қажеттігін алға тартқан Б.Сағынтаевтың айтуынша, қашықтан білім алу мен дәстүрлі оқуға дейінгі үзілісте оқушылардың да, ата-аналар мен мұғалімдердің де білімге қатысты көзқарасы өзгерді. «Қашықтан оқыту барысында көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдік. Ол кезеңде Алматы облысы елді мекендерін қашықтан оқу үрдісіне тарту мәселесі өзекті болды. Интернет дұрыс істемеді. Қашықтықта отырған оқушыларды біліммен, ақпаратпен қамтамасыз ету үшін білім беру платформаларының жылдам жұмыс істеуін, теледидарды іске қосу қажеттілігі туды. Мұның барлығы біздің жұмысымызды жаңа бағытқа бұрды. Бүгінде әлем өзгерді. Біз де жаңа технологияларды игере бастадық. Компьютер мұғалім мен оқушының, ата-ана мен мектептің арасындағы байланысты алмастыра алмайтыны анық. Ендігі кезекте әлемдегі, сонымен бірге біздегі де оқу барысы өзгеше болады», деп атап өтті қала басшысы.
Жиын барысында отбасыларды интерактивті оқыту барысына тарту мәселесі жайында сөз қозғаған қала әкімінің айтуынша, пандемия білім саласының осалдығын көрсетті. Осыған орай алдағы уақытта білім беру мекемелерін технологиямен жабдықтау мәселесі жалғасын табатын болады. «Дағдарыс ықпал еткен инновациялар мен шығармашылық біздің білімімізді сапалы, инклюзивті және тұрақты ету үшін қолданылуы тиіс. Сондықтан өткен жылдан бастап қаладағы білім сапасының төмендеуіне жол бермеу және өзгермелі ортада оның дамуын қамтамасыз ету үшін біз жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылармен бірге «Алматы мектептері» арнайы үш жылдық бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Бағдарлама постковидтік кезеңде білім беру жүйесін «оңалтуға» бағытталған шаралардың бірі және оны іске асыру қажетті оң нәтиже беретініне сенімдіміз», деді қала басшысы. Бағдарламаның мақсаты заманауи тәсілдер, әдістер мен тәжірибелер негізінде мұғалімдер мен мектептің басқару құрамын сапалы әрі жаңаша даярлау. Сонымен бірге жаңа оқу жылында ата-аналармен жұмысқа ерекше назар аудару қажет, өйткені олар оқу үдерісінің маңызды қатысушылары. Олардың көпшілігі, мұғалімдер сияқты, пандемия мен қашықтан оқыту кезінде қиындықтарға тап болды. Сондықтан оларға да қолдау қажет.
Әрине виртуалды техникалардың дәстүрлі білім беру үрдісін алмастыра алмасы анық. Десек те, пандемия кезінде заманауи технологияларды игеруде балалар ата-анасынан асып түскен отбасылар болды. Қазіргі кезде әрбір отбасы білімнің маңыздылығына зер салып, озық технологияларды игерудің заман талабы екенін түсінді.
Дәстүрлі оқыту форматында заманауи интерактивті технологияларды пайдалану, балалардың денсаулығы, ата-ананың рөліне қатысты мәселені қозғаған сессия жұмысын «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізді. Ол білім саласындағы теңсіздік мәселесін қозғап, функционалды сауаттылық жағынан бес-алты жыл артта қалған жалпы білім беретін мектептер бар екенін атап өтті. Сессия жұмысын әрі қарай пікірлерімен толықтырған шетелдік сарапшылар өз елдерінде, сонымен бірге әлемдік білім кеңестігінде орын алған қиындықтарға тоқталды.
Сарапшы Андреас Шляхер қиын кезеңде жұмыс істей отырып, білім беру саласында функционалды сауаттылық, педагогтерді қолдау, заманауи технологияларды қолданудың өзектілігіне тоқталып, қолданыстағы технологиялар арқылы білім сапасын жақсартуға қатысты мысалдарды ортаға салды. Сарапшының айтуынша, интерактивті жұмыстардың нәтижесі білім сапасын арттырудағы қосымша көмек құралдары болып саналады. Технологиялар қандай да болмасын қиындықтарды еңсере алады. Пандемия кезінде барлық деңгейдегі мектептерде технологиялар, телевидение пайдаланылды, радио да қолданыста болды. Яғни мұғалімді алмастыра алмағанымен, технология оқу барысын жақсартуға бағытталған мол мүмкіндік екенін көрсетті. Сарапшы сонымен бірге әлеуметтік жағдайына қарамастан, балалардың білімге теңдей қолжетімділігі жайында айтып өтті. Сондықтан да инетернет, технологиялар қолжетімсіз аумақта немесе дағдарыс жағдайындағы отбасылар қолдаудан тыс қалмауы керек. Сапалы білім алу қоғамға ортақ мәселе. Пандемия жағдайында мұғалімнің де, ата-ананың да, оқушының да рөлі өзгерді. Осы білім жобасының қатысушылары ретінде олардың тығыз байланыста болуы қажеттігін пандемия дәлелдеді. Дәл осы байланысты пандемиядан кейін де жалғастыру керек, деп атап өткен сарапшының айтуынша, жаңа технологиялар оқу барысын жеңілдетіп, сапалы білімге мүмкіндік береді.
Сингапур мұғалімдер одағының бас хатшысы Майк Тируманн пандемия кезінде жинаған тәжірибесімен бөлісті. Сыныпта оқуға үйреніп қалған балалардың көп қиындыққа тап болғанына тоқталып, «Сингапур технологиялар саласына жетістікке жеткен ел болғанымен, оны пайдалану, оқушыларды платформа арқылы оқуға қызықтыруда қиындықтар көп болды», деп атап өтті. Оның айтуынша, технология мұғалімді алмастыра алмағанымен, тұлғаны дамытуға бағытталған қызмет. Бірақ оның мүмкіндігін барлық бала пайдалана алмайды. Мысалы, бір үйде үш бала болса, оның барлығына құралдар қолжетімді болмауы мүмкін. Ал технологиялардың барлық мүмкіндігін пайдалану уақыт талабы. Сарапшы сонымен бірге пандемия кезінде іске қосылған ата-аналарға арналған арнайы қосымшаның баланың оқу үлгерімін, мұғаліммен байланысын қамтамасыз етуге мол мүмкіндік бергенін жеткізді. Сонымен бірге пандемия жағдайында жаңа тұрпатты мұғалімдер пайда бола бастады. Бұл жаңа технологиялар арқылы білім беру ғана емес, балаларды қызықтырып, оқу үдерісіне толыққанды еліктіріп әкететіндей зор мүмкіндік», деді сингапурлық сарапшы.
Ресей ЭЖМ Білім институтының ғылыми жетекшісі Исаак Фрумин пандемия кезіндегі зерттеулер барысына тоқталды. Өз сөзінде сарапшы сапалы білім берудің, технологияларды тиімді пайдаланудың басқару инстурменттерімен байланыстылығын атап өтті. Көптеген елдерде қашықтан оқыту барысын ата-аналар өте төмен деңгейде бағалады. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерінде он бір балдық бағанның бір пайызын ғана құрады. Бұл мәселені жылдам түсінген Алматы қаласы мектептерінің директорлары отбасылармен байланысқа шығып, көптеген тиімді қадамдарға барды. Оның айтуынша, пандемия кезіндегі барлық қиындықтар алдағы әріптестіктерге еркін жол ашады. Тағы бір атап өтетін мәселе, пандемияға дейінгі қолданылған технологиялар қашықтан оқыту кезінде тиімсіз болып қалды. Мысалы, Ресей елінде технологиялардың 80 пайызы мәтіндерді, суреттерді сандық жүйеге ауыстырумен байланысты болса, 20 пайызы ғана интерактивті құралдар болып шыққан. Ал интерактивті технологиялар пандемия кезіндегі ең қажетті құралға айналды. Сарапшы атап өткен тағы бір маңызды мәселе, оқушы қандай да бір себеппен мектепке келе алмаса, оқу үдерісінен тыс қалмауы керек. Сондықтан да баланың өздігінен білім алуына басымдық берген жөн. Ендігі зерттеп, жетілдіретін мәселе осы, – деді сарапшы.
Ал осы жиында сөз алған Хельсинки қаласы (Финляндия) білім басқармасының басшысы Марио Киллоненн білім беру үрдісінде мұғалім рөлінің маңыздылығы жайындағы ойларымен бөлісті. Ал дәстүрлі білім беруге пандемия кезіндегі қиындықтар оң ықпал етуі тиіс екендігін алға тарта отырып, осы елдің білім берудегі тәжірибелеріне тоқталды.