Қазақстан • 27 Тамыз, 2021

Батыл қадам, байыпты бастама

409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

29 тамыз – Семей ядролық сынақ алаңының түбегейлі жабылған күні. Дәл осы күн 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен және бірқатар елдің қолдауымен БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып белгіленді. Бұл адамзатты толғандырып келе жатқан ядролық қару қаупін сейілтуге күш-жігерін барынша жұмсап келе жатқан еліміздің, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды рөлін айшықтайды.

Батыл қадам, байыпты бастама

Бүгінде Қазақстан әлемдік анти­ядролық қозғалыстардың көшбасшысына айналып отырғанын әлем мойындайды. Бұл мәртебесі биік, көтерер жүгі ауыр көшбасшылық орынға еліміз оңай жеткен жоқ.

Осыдан 30 жыл бұрын, дәлірегі 1991 жылғы 29 тамызда Елбасының Жарлығымен бүкіл адамзатқа қауіп төн­дірген, қазақстандықтарға қасірет қамы­тын кигізген, 500-ге жуық ядролық жары­лыс жасалған Семей ядролық сынақ по­лигонының үні өшкен-ді. Халқы қол­даған, елінің талап-тілегін жан жүре­гімен түсінген Нұрсұлтан Назарбаев­тың аталған Жарлығын бүкіл әлем аса маңызды тарихи оқиға ретінде қабылдады.

Өйткені Семей полигонының ресми түрде, заңдық негізде өз жұмысын біржола тоқтатуы біздің елімізбен қатар, бейбітшіліктен өзге қалауы жоқ әлемдік қоғамдастықты дүр сілкіндірді, ядролық қарусыз, қауіпсіз әлем құруға деген үмітін оятып, сенімін нығайтты.

Осылайша, Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру, жаппай қырып-жоятын қаруларды жою, таратпау, ядролық сынақтарды тоқтату мәселесіндегі өзінің бүгінгі көшбасшылық орнына батыл әрі байыпты қадамын жасады. Бұл қадам елімізді әлемдік қауіпсіздік саласындағы жетекші мемлекеттер қатарынан көрінуімізге кеңінен жол ашты.

Тәуелсіздігін алған сәттен Қазақстан Семей полигонын жабу арқылы өзінің бейбітшіліктен өзге жолды таңдамайтынын аңғарта отырып, әлемдік тыныштықты сақтау, нығайту бағытында көптеген сауатты да өміршең бас­таманы халықаралық күн тәртібіне шығарып келеді. Қазақстанның бұл бағыттағы негізгі мақсат-мүддесі Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған, халықаралық қоғамдастық ерекше қолдау білдірген «Əлем. XXI ғасыр» манифесінде жан-жақты баяндалған.

Осы жерде еліміздің әлемдік қауіпсіздікті сақтау, ядролық қаруға қарсы іс-қимыл саласындағы батыл қадамын тек Семей полигонының жабылуымен ғана сипаттап қоюға болмайды. Бұл орайдағы Қазақстанның, Елбасының шешімтал іс-әрекетінің, са­уатты бастамаларының, ұсыныстарының тұтас тарихы қалыптасты деп те айтуға болады. Осы орайда басқасын айтпағанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін өзі ақтаған, халқы қолдаған, әлемдік қоғамдастық қуаттаған шешімі – Қазақстанды ядролық қарусыз ел ретінде қалыптастыру бойынша ұстанымын айрықша айтуға болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы тамызда Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде: «КСРО күйрегеннен кейін, біз қуаты жөнінен əлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалдық. Біздің территориямызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 («Сатана») зымырандары орналас­ты. Оларға 1400 ядролық оқ тұмсық орнатылған болатын. Біздің аэродромдарымызда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды. Бұл Францияның, Ұлыбританияның жəне Қытайдың ядролық күштерін қоса алғандағы əлеуеттен артық болатын. Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге жəне жетілдіруге дайын тұрған қуатты ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалды. Бұған қоса Қазақстан табиғи уранның əлемдік қорының төрттен бірін иелене отырып, оны байытудың толық циклына, ядролық отын, реакторлар мен қондырғылар өндірісіне иелік етті», деген еді. Міне, Елбасы айтқан жоғарыдағы деректерден сол кезеңдерде ядролық қаруға ие мемлекет мәртебесін сақтап қалу мүмкіндігінің өте жоғары болғанын көреміз. Бірақ біз әділдік, жасампаздық, бейбітшілік жолын таңдап, әлемдік өркениеттегі көшімізді ядролық қарудан ада Қазақстан ретінде жалғастырдық.

Рас, ядролық орасан қуатты қарудан өз еркімен бас тарту Қазақстанға оңайға түспеді. Бұл жерде Елбасы ірі, ядролық қаруға ие мемлекеттердің еліміздің қауіпсіздігі үшін кепілдік беру мәселесін көтерді. Осы бағытта табандылық танытып, өзінің діттегеніне жеткен Н.Назарбаевтың арқасында 1994 жылы ЕҚЫҰ-ның Будапештте өткен саммитінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы меморандумға қол қойылса, кейін мұндай кепілдіктерді Қытай мен Франция берді. Шын мәнінде, бұл еліміз үшін үлкен тарихи маңызды оқиға еді.

Қазақстан 2006 жылдың қыркүйегінде Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей шартына қол қойғанын да айта кетелік. Қатысушы барлық тараптар – Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан 2015 жылы «ядролық клубтың» 5 державасынан арнайы хаттамамен бекітілген қауіпсіздік кепілдігін алды. Бұл ядролық қаруды таратпаудың, қарусызданудың әлемдік үдерісінің жаңа кезеңі басталғанын білдірген оқиға болды.

Қазақстан ядролық сынақтарға түбегейлі тыйым салу шарасын жүзеге асырғаннан кейін БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоюға жол ашылды. Келісімге қосылған 180-нен астам мемлекеттің 160-қа жуығы бұл құжатты танып, ратификациялады. Бұл Елбасы жүргізген осы саладағы жемісті саясаттың маңызды ықпалын айғақтайды.

Еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2015 жылы жаһан халқы алғаш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылданғанына куә болды. Сондай-ақ 2012 жылы АҚШ, Ресей жəне Қазақстан президенттерінің бұрынғы Семей полигонында үшжақты ынтымақтастықты жалғастыру туралы Бірлескен мəлімдемесі қабылданды. Бұған қоса Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды. Елбасы бастамасы негізінде адамзатты ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыруды мақсат еткен «АТОМ» жобасы жүзеге асырылуда.

Қазақстан қазіргі таңда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісіне серпін беруде. Мұның дәлелі ретінде елімізде Төмен байытылған уран банкінің құрылғанын да айта кетейік.

Бүгінде Қазақстан өзінің бейбітшіліктен өзге жолды таңдамайтынын дәлелдей түсіп, өзінің ұстанымына беріктігін көрсетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған осы бағытты одан әрі сәтті жалғастыруда. Ел Президенті Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында: «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу менің елім үшін басты басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектігінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз бүгінде ядролық қару елдің айбыны емес, керісінше, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін алапат екеніне нық сенімдіміз», деген болатын. Мемлекет басшысының бұл сөзінен Қазақстанның ядролық қаруға қарсы ұстанымын, халқымыздың бейбітшілікке деген риясыз пейілін анық аңғарамыз.