– Қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын. Дегенмен індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды екенін естен шығармауымыз керек. Осыдан да облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен салада соңғы жылдары реформалардың сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті. Ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалды. Педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы биылдың өзінде 50%-ға көтерілсе, алдағы екі жылда екі есе ұлғаяды. Осы жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 32,2 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Облыстағы білім саласының биылғы бюджеті 185 млрд теңге.
Жиында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыру секілді ұсыныстарын жеткізді.
Педагогтер басқосуында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жылының басты міндеті», «Talap» КеАҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков «Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыттары» тақырыптарында баяндама жасады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Былтырғы онлайн оқыту мектептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді.
– Білім саласының бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие бағытында да нәтижелі қадамдар бар. Облыста 670 мектепке дейінгі ұйымдарда 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Балаларды ерте дамыту институтын құрудың алғашқы тәжірибесі басталып та кетті. «Алтын ұя» бөбекжай балабақшасы цифрлы білім беру ісіне көшті. Осы оқу жылында тірек білім беру ұйымдары арқылы әр ауданнан ІТ-балабақша желісі ашылады, – деді басқарма басшысы.
Жаңа оқу жылында 294 мем-
лекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады. Оқуды дәстүрлі форматта бастайтын оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» қосымшасына қосылды. Педагогтердің 97%-ы вакциналанды. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді деп жоспарлануда.
Аймақ мектептері бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Былтыр 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тікелей бақылауына енген.
Ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларға арналған «Мың бала» олимпиадасына 2019 жылдан бастап 27 502 оқушы қатысып, 174 жеңімпаз атанған. Екі жыл ішінде 50 оқушы мамандандырылған мектептерге жолдама алды. Басқарма басшысы биыл зияткерлік олимпиада қорытындысымен облыстың үздік үштіктен көрінгенін де атап өтті.
Биыл 6 жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек. «Жаңа оқу жылында Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі Президент тапсырмасымен іске асқан 300 орындық мектеп пен құрылысы инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Қалған 3 мектепті жыл соңына дейін табыстаймыз», деді Ақзира Қасымова. Жалпы, алдағы 5 жылда Nur Otan партиясының жол картасы аясында 28 мектеп салынады.
Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жасалып, оған 4 млрд теңге қаржы қаралды. Биыл мектепке дейінгі 47 мекемеде логопункт ашылып, маманмен қамтылады.
Салтанатты іс-шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосқан үздіктер марапатталды. Облыс әкімі Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Мирамбек Исаевқа, Қазалы ауданындағы №276 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Орымбасқа, Қызылорда қаласындағы №23 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Роман Огай мен облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін өзі тану жұмыстары бөлімінің бас маманы Шолпан Байғазиеваға табыстады. Сонымен қатар Сырдария ауданы Шіркейлі ауылы Әбірәш Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Абдраманова, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Рахия Әбуова, Жалағаш ауданы, «Арай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлбану Жалғасова мен Қармақшы ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің директоры Мәуегүл Ерғалиева «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Ал облыс әкімінің Алғыс хаты Арал ауданы №19 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сембайқызына, облыстық №7 арнайы түзету мектеп-интернатының еңбек пәнінің мұғалімі Жарқынбек Кәрімбердіұлына, Жаңақорған ауданындағы №162 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Әбдімәжитқызына табысталды.
Облыс әкімінің «Үздік орта білім ұйымы» грантын жеңіп алған облыс орталығындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі ұжымы 34 млн теңге иеленді.
Қызылорда облысы