Руханият • 30 Тамыз, 2021

Ұлт рухын ұлықтаған тұлға

622 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арыстан бабтың іргесінде орналасқан Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына алынатын болды. Бұл жөнінде Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткерін еске алуға арналған дөңгелек үстел барысында айтылды. Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында, сондай-ақ бірегей тұлғаның өмір жолы, рухани ерлігінің негізгі кезеңдерін еске түсіретін тақырыптық көрме өтті.

Ұлт рухын ұлықтаған тұлға

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облы­сы әкімдігінің өкілдері, еліміздің бел­ді қоғам, мәдениет және ғылым қай­рат­керлері қатысқан дөңгелек үстел барысында Өзбекәлі Жәнібековтің қазақ өркениетіне, археологиясына, этнографиясына, мұражай ісі мен тарихына арналған еңбектері баяндалды. Министр жиынды ашу сөзінде биыл Түркітілдес мемлекеттердің ын­ты­мақтастық кеңесінің бейресми сам­митінің қорытындысы бойынша Түр­кіс­тан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланғанын еске сала келе, елімізде рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі түрлі бастамалар тұрақты түрде қабылданып ке­ле­ жатқандығын жеткізді. «Бүгінде түркі әле­мі­нің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мә­­де­ниетінің дамуына үлкен үлес қос­қан аса көрнекті ақындар, ойшылдар мен мемлекет қайраткерлерінің есімі ұлықталуда. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай «Ұлт рухын ұлықтаған – Өзбекәлі Жәнібеков» атты дөңгелек үстеліміздің Түркі әлемінің рухани астанасында ұйымдастырылуы да тегін емес. Өздеріңізге белгілі, Өз­бек­әлі ағамыз XX ғасырдың 70-ші жылдары Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында Қожа Ахмет Ясауи кесенесініӊ қайта қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Әулие кесенесі негізінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құ­рыл­уына орасан зор еңбек етті. Төрт­күл дүниеге аты мәлім, түркі жұр­тына ортақ Тайқазанның Санкт-Петер­бург­тің Эрмитаж музейіндегі көрме­ден елге оралуына сіңірген еңбегі ерекше. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ хал­қыныӊ ұлттық мәдениетініӊ, ана тілініӊ, дәстүрі мен әдет-ғұрпыныӊ жа­ӊа­рып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан бір­туар тұлға, ғалым-этнограф. Ол отан­дық музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, еліміздің көп­теген өңірінде этнографиялық му­зейлердің ашылуына бастамашылық жасады. Қазақстанныӊ тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамыныӊ құрылуына, «Шер­тер», «Адырна», «Алтынай» және тағы басқа да көптеген фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастыруға ұйытқы болды. «Қазақтыӊ ұлттық қол өнері», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» секілді кітаптардыӊ авторы, тарих ғылымдарының кандидаты. Ендігі жерде ұлтымыздың тарихын, мәдени мұрасын, өнерін, өткен әдебиетін зерттеуге өлшеусіз үлес қос­қан ғалымның еңбегін насихаттау сіз бен біздің басты мақсатымыз. Бүгінде Түркістан облысында Отырар мемлекеттік архео­логиялық музей-қоры­ғы­на қа­расты Арыстан баб кесе­несінің іргесінде Ясауи ілімін жалғастырушы Құрбан Жаманбайұлы мен Өзбекәлі Жәні­бе­ковтің кесенесі орналасқан. Бұл кесенелер Отырар музей-қорығының аумағында болуына байланысты Мәде­ниет және спорт министрлігі Мәде­ниет комитетіне аталған музей-қоры­ғының қарамағына алу бойынша жұ­мыс жүргізуді тапсырамын», деді А.Райымқұлова.

Иә, кесененің музей-қорық қара­ма­ғы­на алынуы мемлекет және қоғам қайраткерін ұлықтау мен құрметтің бірі дер едік. Өйткені жуырда Алматыда өткен республикалық ғы­лыми-прак­ти­калық конференцияда Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Арыстан баб қорық музейі маңындағы жабылып қалған Өзбекәлі Жәнібеков музейін тарихи-этнологиялық сипатта қатарға қайта қосу, Түркістан қаласында кең көшеге есімін беріп, ескерткішін орнату, 5 томдық шығармалар жинағын толықтырып жарыққа шығару және өмірінен деректі кино туындылар жасау, өзі оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы аудиторияны ашу, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Түркістанға оралсақ, іс-шара барысында жұртшылық назарына профессор Құлбек Сәрсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты кітабы ұсы­ныл­ды. Қонақтар мен қатысушылар үшін Қожа Ахмет Ясауи мұражайына экскурсия ұйымдастырылды және «Тұран» этно-ансамблінің концерті өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-му­зе­йі қайраткердің туған жерінде «Ұлт рухын ұлықтаған – Өзбекәлі Жәнібеков» атты мәдени іс-шара ұйымдастырған болатын. Жазушы, тарихшы, этнограф, өнертанушы Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін дәріптеу мақсатында өткізілген бұл іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен қоғам өкілдері қатысты.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар