
Шабуылды ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) өз мойнына алды. Пентагон 26 тамыздағы жарылыстың бірі – Кабул әуежайының аумағына кіреберісте, екінші жарылыс әуежай маңындағы Варон қонақүйінің жанында болғанын мәлімдеді.
Қаза тапқандар мен жараланғандар саны өте көп. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, 92 адам қаза болған. Ауғанстанда денсаулық сақтау саласында жүргендердің айтуынша, кемінде 170 адам мерт болған. Олардың арасында АҚШ-тың 13 сарбазы мен «Талибан» мүшелері де бар.
The Guardian басылымының мәліметіне сүйенсек, шабуылды екі жанкешті жасаған. Оған дейін Батыс барлаушылары Кабул әуежайына қауіп төніп тұрғанын, оны террористер нысанаға алып отырғанын хабарлаған еді. Көп ұзамай-ақ олардың айтқаны дәл келді.
Бұл оқиға АҚШ-қа оңай тиген жоқ. Он жыл ішінде америкалық сарбаздар бір күн ішінде мұншалықты қырылып қалмаған еді. Соңғы рет 2011 жылы тікұшақ құлап, 30 жауынгер мерт болған-ды.
Ақ үй басшысы Джо Байден шабуылға кінәлі адамдарды іздеуге уәде беріп, Пентагонға қарсы соққы беру жоспарын құруды бұйырғанын мәлімдеді. Жұма күні АҚШ Ауғанстанның шығысында орналасқан ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) мүшелеріне дронмен шабуыл жасаған. АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдеуінше, соққы Кабулдың шығысында және Пәкістанмен шектесетін Нангархар провинциясында жасалған.
АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі ел азаматтарын әуежай қақпаларынан алыс жүруді ескертті. Сондай-ақ елшілік мүмкін болса әуежайға бармауға кеңес берді. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан кейін эвакуация өте жоғары қарқынмен жалғасқан. Осы орайда «Талибан» әр шетелдікке алдағы 48 сағат ішінде Ауғанстаннан кетуге мүмкіндік бермек.
Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіне Ауғанстаннан келген тұрғындарды жайғастыру қиындап кеткен. Соған байланысты дипломаттар мен қызмет көрсетуші персоналды елден шығаруға басты назар аударып отыр. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Раабтың айтуынша, қаза болғандардың арасында екі ағылшын азаматы мен бала бар. Тағы екі британиялық зардап шеккен.
Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дрианның айтуынша, Ауғанстандағы «Талибан» шенеуніктерімен байланыс жасалмақ. Сөйтіп Францияның эвакуациялық операциясы аяқталғаннан кейін елде қалған азаматтарын шығарып алуға келісім жасауды көздеп отыр.
АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдеуінше, «Талибан» АҚШ дипломатиялық қызметінің Ауғанстанда қалуын сұраған.
НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг оқиғаға қатысты пікір білдірді. «Мен Кабул әуежайының жанындағы жан түршігерлік шабуылды қатаң айыптаймын. Зардап шеккендердің жақындарына көңіл айтамын. Ендігі міндет – мүмкіндігінше көп адамды қауіпсіз жерге көшіру», деді ол Twitter-дегі парақшасында.
Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон жұма күні шұғыл жиналыс өткізіп, британиялықтарды эвакуациялау «варварлық» шабуылдарға қарамастан жалғасатынын айтты. «Бұл шабуыл жұмысты мүмкіндігінше тез және тиімді түрде жалғастырудың маңызын көрсетеді», деді ол.
«Бұл қатыгез шабуылға қайғырып, қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтамыз және жараланғандардың тез сауығып кетуін тілейміз», деп мәлімдеді Түркия сыртқы істер министрлігі.
Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Лейен шабуылды қорқақтардың әрекетіне теңеп, оны адамгершілікке жатпайды деп мәлімдеді. Ол әуежайдағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін жасау қажет екенін жеткізді. «Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанда және одан тыс жерлерде терроризмнің қайта өршуіне жол бермеу үшін тығыз жұмыс істеуі керек», деді Урсула фон дер Лейен.
Кабул әуежайына жасалған шабуылдан кейін Ақ үй басшысы Джо Байден сынның астында қалды. Әсіресе, Конгрестегі республикашылар қатты айтып жатыр. Сондай-ақ Пентагонның жарылыстар болған халықаралық әуежайды қорғауына күмән келтірген демократтар да бар.
Кей республикашылар Байден отставкаға кетуі керек екенін алға тартады. Дегенмен көпшілік жарылыстарды мойнына алған ДАИШ-қа (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) қарсы шабуыл жасау керек дейді.
Сенаттың сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы, сенатор Роберт Менендес демократтар сапынан бірінші болып Байденді сынға алды. Ол неліктен «Талибан» күзетшілері ДАИШ бомбалаушыларын Кабул әуежайына соншалықты жақындатқанын түсіне алмай дал.
«Мен құрбандар арасында америкалықтар болғанын түсінемін. Шабуылдың құрбандарына дұға етіп, олардың отбасыларына көңіл айтамын. Әлі де толығырақ мәліметті күтіп отырмыз. Бірақ бір нәрсе анық – біз америкалықтардың қауіпсіздігін «Талибанға» сеніп тапсыра алмаймыз», деді ол.