
Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ Қорғаныс министрлігі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады.
Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын. Сондай-ақ Қарулы Күштерде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.
Қабылданған шараларға қарамастан, берілген бірқатар тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс.
Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режімдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.
Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшілікті анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.
«Егемен-ақпарат»