Олимпиадада сегіз рет озат атанды
Шаһар басшысы алматылық оқушылар пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, үздік нәтижелер көрсеткендігін ерекше атап өтті. Оқушылардың білім сайыстарында көрсеткен үздік нәтижелерін қуанышпен атап өткен қала басшысының айтуынша, өткен оқу жылында республикалық олимпиадаларда қала оқушылары 60 медаль еншілесе, 33 оқушы Халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ал Президент олимпиадасында алматылық оқушылар 8-ші рет озат атанып отыр.
Мегаполис басшысы осы орайда қаланың білім саласына қосқан ерен еңбегі үшін «Еліміздің білім берудегі құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және қала әкімінің «Еңбегі үшін» медалін ұстаздарға табыс етті. Үлгілі мектептерден оза шауып, қала әкімінің грантын жеңіп алған М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясы ұстаздарының еңбегі жоғары бағаланды. Осы орайда аталған ұжым «Ең үздік орта білім беру мекемесі» деп танылып, 34 млн теңге көлеміндегі әкім грантына ие болды.
«Ұстаз еңбегінің өз дәрежесінде бағасын алуы, қадірленуі оларды ерекше шабыттандырып, тың идеяларды жүзеге асыруына үлкен мүмкіндік тудырады. Осы орайда мемлекет тарапынан ұстаздарға барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетіліп келе жатқаны қуантады», деп атап өтті №140 мектеп гимназиясының директоры Сәния Тілеубай.
Үмітті ақтаған
үлгілі мектеп
Алматы қаласындағы өнегелі тарихымен ерекшеленетін білім ордаларының бірі – М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның іргетасы 1990 жылы қаланған. Қарлығаш Ұзақова, Мариям Демеуова, Талғат Баймұхамбетов, Әкімжан Сайлыбаев, Жанас Салпынов сынды білікті басшылар басқарған мектепте бүгінде игі бастамалар жалғасын табуда. 2008 жылдың күз айынан бергі аралықта білім ордасына Сәния Тілеубай басшылық етіп келеді. 1996 жылға дейін математика-физика, химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытып келген гимназияда 1997 жылдан бастап математика, ағылшын, физика, қазақ тілі пәндері тереңдетіліп оқытылатын сыныптар ашылды. «Тіл өнерінің құдіретін таныған, ойын өлеңмен өріп, күллі жұрттың жүрегіне жол тапқан, ақиық ақын М.Мақатаев атындағы №140 гимназия 30 жылдық тарихында көптеген шәкірттерді «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін, түрлі байқаудың жеңімпаздарын тәрбиелеп ұшырды. Ширек ғасырдан асқан жылдарда №140 гимназия кешенді даму жоспарын жасап, талай игі істерге ұйытқы болып келеді», дейді Сәния Өскенбайқызы.
Қазіргі таңда бұл білім ордасы Алматы қаласы бойынша 2015 жылы «Үздік мектеп», 2016 жылы республика бойынша «Дарынды балаларға арналған үздік білім беру ұйымы», 2017 жылы қалалық кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған «Үздік ұжым» атанған, кәсіби шебер ұстаздар мен дарынды шәкірттердің құтты мекені. Гимназияның айтулы жетістіктерінде гимназия директоры Сәния Тілеубайдың ұйымдастыру шеберлігі, кәсіби біліктілігі, іскер басшылығының қолтаңбасы жатыр десек артық айтпаймыз. Дарынды шәкірт тәрбиелеуші талантты ұстаздар – қала, республика көлемінде өткен «Жыл мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», «Үздік оқырман», «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі», «Сөз мерген», «Алтын көмбе», «Үздік авторлық бағдарлама», «Білгірлер бәйгесі», «Тілдарын», «Үздік педагог», «Қала әкімі гранты» байқауларының жүлдегерлері қызмет етеді. Олардың ішінде «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Үздік қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Лидер образования», «Үздік педагог» төсбелгілерінің иегерлері, ҰБТ және оқулық сарапшылары мен ҰБТ сұрақтарын құрастырушылар, білім сапасын сырттай бақылау, оқулықтарды сараптау мен апелляциялық комиссияларының, көптеген әдістемелік құралдардың, оқулықтардың, көмекші құралдардың авторлары да бар.
Мектеп түлектері отандық жоғары оқу орындарымен бірге Словакиядағы Alexander Dubcek University in Trencin, АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласындағы Lane Community College, Ресей Федерациясы, Қазан қаласы, Әлеуметтік және гуманитарлық білім институты, Игорь Сикорский атындағы Киев политехника институты, Украинаның Ұлттық техникалық университетінің студенттері атанып, ұстаздарының мерейін асыруда.
Ал әлемдік пандемия жағдайында жаңа оқу жылында білім сапасын төмендетіп алмауға бар күш-жігерін жұмсап отырған ұжымның мақсаты – терең білімді, озық ойлы, ел ертеңін ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу.
Digital Ustaz Almaty жеңімпазы Еуропаға барады
Пандемия кезінде қашықтан оқыту тәжірибесі бүгінде мектептерде заманауи технологияларды енгізу мәселесінің өзектілігін көрсетіп отыр. Жаңа технологиялар инновацияшыл білім ордалары үшін сапалы білімге мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында оңтүстік астанада мұғалімдерді қолдау шараларын жүзеге асыру, бірінші кезекте олардың кәсіби шеберлігінің өсуін ынталандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев білім форумы барысында дәстүрлі форматтағы жұмысты жаңғырту үшін маңызды міндеттердің жүзеге асатындығына тоқталып, педагогика қауымдастығының назарын аударды. «Н.Назарбаевтың білім қорымен бірге цифрлы технологияларды оқыту мен меңгеруді және цифрлы педагогиканың үздік әдістері тәжірибесін үйрететін Digital Ustaz Almaty жаңа байқауының басталғанын хабарлаймыз. Мұғалімдерді Digital Ustaz Almaty байқауына белсенді қатысуға шақыра отырып, олардың біліктіліктерін арттырумен қатар цифрлы дәуірде жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін зерттеуге қадам жасайтын болады», деп атап өтті.
Digital Ustaz Almaty байқауы 3 кезеңде өтеді. Әр кезеңге білім беру саласындағы жетекші халықаралық спикерлер вебинарлар мен мастер-класстардың көшбасшылары қатысады. Байқау жеңімпаздары үшін бағалы сыйлықтар қарастырылған. Бірінші орын иегері білім тағлымдамасынан өту үшін Лондонға немесе Хельсинкиге барады.
АЛМАТЫ