Бүгiнде су тапшылығы – ортаазиялық елдерді ғана емес, әлемді алаңдатып отыр. Осы орайда Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде өткен халықаралық конференцияда Африка, Орталық Азия және Кавказ елдерінен келген қатысушылар ғаламдық су тапшылығы мәселесін талқылады.
Бүгінде су тапшылығы Орталық Азия мен Кавказ өңірлерінде де өзекті мәселеге айналып отыр. Қолда бар су ресурстарын шамадан тыс пайдалану және климаттың жаһандық өзгеруінен жағдай күрделене түсуде, оған қоса, өңірдегі су ресурстарының біркелкі бөлінбеуі де жағдайды шиеленістіре түсуде. Балама көздер болмаған кезде су ресурстарына бай Сырдария мен Әмудария ірі өзендерінің жоғарғы ағысында орналасқан Тәжікстан мен Қырғызстан елдері қыста суды негізінен су электр энергиясын өндіру үшін, ал Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан сияқты төменгі ағыс елдері суды негізінен жазғы кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін пайдаланады. Су ресурстарының жетіспеушілігі, дұрыс басқарылмауы және мүдделердің тоғыспауынан Орталық Азияда судың таралуына әлеуетті шиеленісті арттырып отыр. Қалыптасқан жағдай су-энергетикалық ресурстарды пайдалануда диалог пен өңірлік ынтымақтастық тетіктерін дамытудың жаңа жолдарын іздеу қажеттігін талап етеді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен (АҚИҰ) бірлесіп ұйымдастырылған жиында Чад, Мали, Нигер, Мавритания, Буркина-Фасо, Сенегал, Бенин, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжан сияқты Батыс Африка мен Орталық Азиядан осы ұйымға мүше елдерге арналған Water Hub аясында қарқынды оқыту бағдарламасы таныстырылды.
Су мәселесі Water HUB заманауи нысандарында халықаралық мамандардың, зерттеушілердің, практиктердің, ирригациямен байланысты жеке компаниялардың және су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы Орталық Азия мен Батыс Африкадан инновациялық озық тәжірибемен алмасу үшін арнайы келген ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің белсенді қатысуымен кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда су тапшылығына байланысты мәселелер, оның ішінде экологиялық зондтау (озық тәжірибе мен инновациялар), тұрақты тұщыландыру, гидроэнергетикалық объектіні пысықтау және енгізу, сондай-ақ Орталық Азиядағы су ресурстарын басқарудағы озық шешімдер өзекті.
Жиынды ашқан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті Т.Есполов іс-шараның ауылшаруашылық өндірістік кешені үшін маңызды екендігіне тоқталды. «Бүгінде Ислам елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі және халқының тамақ өнімдеріне сұранысын қанағаттандыру үшін азық-түлік өндіру, су қауіпсіздігі мен суды тұтыну мәселелері әлемді алаңдатып отыр. Жаһандық климаттың өзгеруі Қазақстанда да сезілуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша климаттың бұзылуы ормандардың, су ресурстарының, жайылымдық жерлердің жай-күйіне (демек, мал шаруашылығындағы істің жағдайына да) және астық өндірісіне, жалпы отандық аграрлық сектор сегментіне әсер етеді. Демек, құрғақшылыққа қарсы күрес тәсілдерін қайта қарау қажеттілігі туындады. Бүгінгі төтенше жағдайлар туралы ғана емес, болашақта осындай жағдайлардың алдын алу туралы да ойлануымыз керек. Университет осы проблемаларды шешумен айналысуы тиіс әрі жаңа форматтағы кадрларды даярлайды. Болашақ кадрларды сапалы дайындау үшін «Су хабы» халықаралық зерттеу орталығы құрылған. «Су хабы» елдің және өңірдің АӨК инновациялық дамуына, аграрлық еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа формациядағы мамандарды даярлауға нақты жәрдемдеседі», деп атап өтті Т.Есполов.
Осы орайда ҚазҰАЗУ ғалымдары әзірлеген «Халықаралық халал өнімдерін зерттеу орталығы», «Ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану үшін суды тұщыландыру мобильді қондырғысын әзірлеу және енгізу», «Полиэтилен үлдірден жасалған вакуумдық контейнерлерде сүрлем дайындау» және т.б. ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар инвестициялық жобаның да маңызды екендігін айта кеткен жөн.
Іс-шара барысында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Ерлан Байдәулетов офлайн/онлайн форматындағы кеңеске Африка, Орталық Азия және Кавказдан 50-ден астам өкілдің қатысып отырғанын жеткізді. Жаһандық су тапшылығы COVID-19 пандемиясының жалғасып жатқанына қарамастан талқыланып отыруы мәселенің аса маңызды екенін көрсетеді. «Суды пайдалану – біздің заманымыздағы ең өзекті жаһандық мәселенің бірі. Су, әсіресе су ресурстары АҚИҰ-ға мүше елдерде шектеулі. Мысалы, Сахара шөлінің оңтүстігіндегі елдер жаңғырмалы су ресурстарының тек 23,3 пайызын құрайды (SESRIC OIC water vision есебі, 2019) және халықтың 61 пайызы ғана таза суға қол жеткізе алады. Африка елдері бойынша континент аумағының 64 пайызын қамтитын 63 трансшекаралық өзен ағып жатыр (UNEP 2010 есебі), оның ішіндегі ең ірісі Конго, Ніл және Нигер өзендері. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып трансшекаралық суларды басқару мәселелері, әсіресе өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. 2030 жылға қарай Орталық Азия елдерінде, кейбір есептеулер бойынша су тұтыну кем дегенде 15-20 пайызға өсетін болса, оның салдары бәрімізді ойландыруға тиіс», деп атап өтті Е.Байдәулетов.
Халықаралық кеңес жұмысына Қырғызстанның ирригация жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының басшысы Дамира Сыдықова, Тәжікстанның ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының мүшесі Нұрзода Назар, ҚазҰАЗУ «Су хабының» директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Рябцев, Тәжікстан Су ресурстары және энергетика министрлігінен Шер Гулов, Әзербайжан Ауыл шаруашылығы министрлігінен Сима Маммадова және еліміздің Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, квазимемлекеттік сектордың, ғылыми-зерттеу мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе қатысушылар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының мүшелеріне, мүдделі мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар топтамасын әзірледі.
АЛМАТЫ