Экономикалық бағытта 6 заң қабылданады
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық реформаларды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады. Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. «Барлығы 70-ке жуық тапсырма берілді. 6 заң қабылдау қажет. Бұл – стресті активтерді экономикалық айналымға қайтару, жеке қосалқы шаруашылықтар, агломерацияларды дамыту, ғылымды дамыту және кәсіби біліктілік туралы заңдарға, сондай-ақ Салық және Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізу. Үш тұжырымдама бекіту қажет. Бұл – мемлекет қаржысын басқару, көші-қон саясаты, сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамалары», деді Ә.Ерғалиев.
Оның айтуынша, әр өңір үшін Инфрақұрылымдық даму бағдарламалары әзірленетін болады.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру мақсатында 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруға айрықша көңіл бөлінетіндігін айтты. «Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, ішкі өндіріс қажеттілігінің ресми жабылуына қарамастан, жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4%-ды құрады. Маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіздің бақылаусыз экспортына байланысты жазғы айларға тән бағаға қарағанда күрт өсуі, соның салдарынан ішкі нарықта дефициттің пайда болуы осы жылға тән көрініс болды», деді Е.Досаев.
Жоғарыда көрсетілген факторлардың негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресте Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек. Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр. Макроэкономикалық саясатты үйлестіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған келісіммен бірге бұл шаралар инфляцияның азық-түлікке жататын және азық-түлікке жатпайтын бөліктерінің монетарлық емес факторларын айтарлықтай төмендетуді қамтамасыз етуге, ортамерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты қамтамасыз етуге тиіс.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруда.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу туралы тапсырма шеңберінде іс-шаралар мемлекеттік органдар жүргізіп жатқан жұмысты ескере отырып үйлестіріледі. Тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде мынадай шараларды айқындау ұсынылады: мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету, борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу, барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін жобаларды егжей-тегжейлі іріктеу және т.б.
Жалпы, ұсынылып отырған шаралар 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін жалпы ішкі өнімнің 14%-на дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін дамыту жұмысы жалғасады. Жоба шеңберінде «Мемлекеттік инвестициялық жобалар» модулі іске асырылады. Бұл мемлекеттік инвестициялық жобалардың құжаттамасын қалыптастыруға және мемлекеттік органдармен келісуге арналған. Мемлекеттік сатып алу жоспарларын автоматты түрде қалыптастыру үшін мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін мемлекеттік сатып алу порталымен интеграциялау іске асырылады.
«Халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуын кеңейту үшін нормативтік құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілмек. Бұл абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бюджетіндегі «халықтың қатысу» үлесін 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді», деді Е.Жамаубаев.
Азық дақылдарын өсіру алқабы 2 есе ұлғаяды
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін болдырмау, сондай-ақ мал шаруашылығының азықтық базасын дамыту мақсатында егіншілікте нақты әртараптандыру ісі жүзеге асырылатынын айтты. «Бұл үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жер пайдаланушылардың қазіргі заманғы цифрлы технологияларды, ғарыштық мониторинг пен жерді қашықтықтан зондтауды, әртараптандыру процесін мемлекеттік реттеу шараларын пайдалана отырып, жалдау шарты шеңберінде өздеріне қабылдаған міндеттемелерді орындауын бақылау тетіктері әзірленетін болады. Нәтижесінде, азықтық дақылдарды өсіру алаңының ауыспалы егістегі үлесі ғылыми негізделген нормаларға дейін жеткізіліп, кемінде 2 есе ұлғаяды», деді Ауыл шаруашылығы саласының басшысы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Мемлекет басшысының отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы мен көлемінің қолжетімді болуы жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасына ішкі нарықтағы шикізатқа бағаларды белгілеуге бақылау енгізіледі. Екіншіден, Лондон металдар биржасы (LME) бағасынан дисконт ұсыну қағидатымен ел ішінде биржалық металдарға баға белгілеу механизмі енгізіледі. Ол шикізатты қайта өңдеу деңгейіне байланысты болмақ. Яғни қорытпалар немесе прокат өндіргенде ең төменгі жеңілдік беріледі. Ал дайын бұйымдар өндірілгенде ең жоғары жеңілдік енгізіледі. Үшіншіден, қайта өңдеушілер мен жаңадан іске қосылатын кәсіпорындардың қуаттарына қарай ішкі қайта өңдеуге металдар көлемін резервтеу енгізіледі. Министрдің айтуынша, министрлік жыл соңына дейін осы маңызды міндеттің оңтайлы шешімінің нұсқасын әзірлейді.
Бірыңғай тұрғын үй саясаты пысықталып жатыр. Министрдің айтуынша, үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10%-ына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2% және 5% болады. «Баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына аударуға мүмкіндік беріледі», деді Б.Атамқұлов.
Сутегі энергетикасын дамыту қолға алынады
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, электр энергиясын тұтынудың өсуін және елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін ескере отырып, маневрлік қуаттарды дамыту республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады.
Министрлік бейбіт мақсаттағы атом мен сутегі энергетикасын дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірлесіп, бейбіт мақсаттағы атомды дамытуға байланысты мәселелерді зерделейтін болады. Атом саласында білікті кадрларды даярлау саласында министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, атом саласының мамандықтары бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында студенттерді оқытуға гранттар мен стипендиялар бөлу жөнінде жұмыс жүргізетін болады. Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту мақсатында Энергетика министрлігі сутегі энергетикасын дамытудың негізгі тәсілдерін айқындайтын болады.
6 облыста 9 жаңа су қоймасы салынады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлттық геологиялық қызметті құрады. «Аталған қызмет «бірыңғай терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейді. Оның нәтижесінде инвестор заманауи форматтағы жер қойнауының үш өлшемді моделі құрылған сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар іргелі, қолданбалы ғылым мен өндіріс күшін біріктіруге мүмкіндік алады», деді ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Биыл 1050 шақырым каналды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. «5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырым болатын кемінде 120 канал қайта жаңартылады. Нәтижесінде, 600 мың га айналымға енгізілетін болады. 2025 жылға қарай суармалы жерлердің көлемі 2,2 млн га жеткізіледі. Бұл ауылдық жерлерде 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңгенің өнімін өсіруге ықпал етеді», деді Экология министрі.
Бұдан басқа, 2025 жылға дейін 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 жаңа су қоймасы салынды. Нысандардың жалпы құны 51,0 млрд теңгеге тең.
Ең төменгі жалақының өсуі 1 млн 650 мың жалдамалы қызметкердің ақшалай табысының артуына әкеледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының жария еткен бастамаларына сәйкес еңбекақыны арттыру бойынша шаралар қабылданады. Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге мөлшерінде белгіленеді. Аталған шара экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1 млн 650 мың жұмыскердің ақшалай табыстарының артуына әкеледі. Бұл сондай-ақ біліктіліктің разрядаралық жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші, азаматтық қызметшілердің 588 мың жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді. «Соның нәтижесінде 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып, 2025 жылға қарай 2 есе артады», деді С.Шәпкенов.
Әр жыл сайын 200 мектеп
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1000 жаңа мектеп құрылысы бойынша айтты. «Биылғы жылдың өзінде 200 жаңа мектепті іске қосамыз. Келесі 4 жыл ішінде жыл сайын 200 мектеп салынатын болады. Жаңа мектептерді салу 4 негізгі механизм арқылы іске асырылады. Жергілікті атқарушы органдар осы 1000 мектепті салу үшін қажетті жер учаскелерін алдын ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлеуі қажет. Оған қоса 1500, 2000, 2500, 3000 оқушыға арналған мектептердің заманауи типтік жобаларын дайындап, мектеп құрылысының мониторингі бойынша электронды порталды іске қосу керек», деді министр.
Толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру 2023 жылдан басталады. А.Аймағамбетовтің айтуынша, осы шара қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын да шешуге мүмкіндік беретін болады.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев Президент Жолдауын іске асыру бойынша Қазақстанда ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірлену үстінде екенін айтты.
Жалпыұлттық жоспар әзірленеді
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Мемлекет басшысы еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Президенттің алға қойған міндеттері мен бастамалары қоғамның сұранысы мен заманауи сын-тегеуріндерге негізделген. Оның іске асырылуы экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс сапасының жақсаруының факторларына айналмақ», деді А.Мамин.
Премьер-Министр Жолдауды іске асыру Үкіметтің нақты әрі үйлесімді іс-қимылын талап ететінін атап өтті. Үкімет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі азаматтардың әлеуметтік көңіл күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Алға қойылған міндеттерді шешу халықтың нақты табысын, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, еңбек нарығындағы ахуалды жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, шикізаттық емес экспорт пен өнімділіктің өсуімен экономиканы одан әрі әртараптандыруға, макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға, цифрландыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететін болады.
Премьер-Министр еліміздің әрбір өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірдің ерекшелігін ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатынын атап өтті. Мемлекет басшысының өңірлік даму бойынша алға қойған міндеттері Аумақтық даму жоспарында көрініс табады. Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Президенттің бекітуіне енгізіледі. Үкімет басшысы әр мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындауға дереу кірісуге тиіс екенін атап өтті.