Ақша-несие саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, сұраныстың өсу қарқынының баяулауы әсіресе, өңдеу өнеркәсібінде, саудада, құрылыста қатты байқалады. Ауыл шаруашылығы бойынша сұраныс көрсеткіші теріс аймаққа ауысқан. Үшінші тоқсанда сұраныс өссе, ол тек ауыл шаруашылығында өседі деген болжам бар, ал басқа салаларда өсу баяулап, тіпті төмендеп кетуі де мүмкін.
«2021 жылдың екінші тоқсанында шикізат, материалдар мен дайын өнім бағасының өсу қарқыны жеделдей түскені барлық салада байқалды. 2021 жылдың үшінші тоқсанында бағаның өсу қарқыны баяулайды деп күтілуде. Сөз болып отырған салаларда өндіріс көлемі ұлғайып, диффузиялық индекс өсу саласына өтті. Өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім бар. 2021 жылдың үшінші тоқсанында бұл салада да өсу қарқыны бәсеңдейді деп күтілуде» дейді Ж.Шаймарданов.
Аталған салаларда бәсекелестік деңгейі жоғары. Сауда кәсіпорындары нарықтық бәсекелестіктің ықпалынан шыға алар емес, мұнда кәсіпорындардың 40,1 пайызы өз бизнесіне қатысты бәсекелестіктің әсерін сезді деген ой айтады ол. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесі – 31,6, көлік саласында – 25,6, құрылыс саласында 24,9 пайызға жетеді екен. Ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібінде ең аз үлес (18,2 және 16,1 пайыз) байқалған.
Сонымен қатар ел экономикасының жай-күйіне қанағаттанбау – кәсіпорындардың басым бөлігінің іскерлік белсенділігін тежейтін басты кедергіге айналған. Ұлттық банктің зерттеуінде өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласының өнімге деген сұранысқа байланысты елеулі проблемаларды (30,9 және 27,6 пайыз) бастан кешіп отырғаны айтылады. Ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорын жетекшілері білікті кадрлардың тапшы екенін алға тартқан.
«Келесі 12 айда барлық сала бойынша қаржыландыру көлемі бұрынғы қалпында сақталады. Бұл ретте өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібі барынша молырақ қаржыландырылып, керісінше, құрылыс пен саудада аз қаржы бөлінеді деген жоспар бар» дейді Ж.Шаймарданов.