Білім • 03 Қыркүйек, 2021

Білім беру жүйесіне білікті маман қажет

473 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

3 қыркүйек күні «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы: Сапалы білім беру» тақырыбындағы «Азаматтық алаң» кезекті онлайн отырысы өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім беру жүйесіне білікті маман қажет

Мемлекет басшысы «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында еліміздің білім беру жүйесінде біршама олқылықтар бар екенін сөз етіп, тиісті тапсырмалар берді.

«Біз елімізде өмір бойы оқыту тұжырымдамасын кешенді түрде алға тартып келеміз. Халықтың бейресми білімге тартылуы төмен деңгейде екендігі ешкімге құпия емес. Шын мәнінде, ата-аналардың білімге деген салғырт көзқарасы балаларда да сондай көзқарасты қалыптастырады», деп шараны бастады «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев.

Басқарма төрағасы білім беру саласында берілген жаңа тапсырмаларға да тоқтала кетті.

Мемлекеттік тапсырма аясында «Рухани жаңғыру» институты биыл «Азаматтық алаң» отырыстарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлаған.

«Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі жолдауында ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Берілген тапсырмаға сәйкес заң жобасының тұжырымдамасы да дайындалды. Ғылымды қаржыландыру механизмдерінің негізді жетілмеуі секілді анық кедергілер бар екені жасырын емес. Бұдан өзге де біршама олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ҚР қолданыстағы 3 кодексі мен 6 заңына толықтырулар мен өзгерізтер енгізу көзделген», деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Думан Орынбеков.

Мектепке қадам басқан бүлдіршіндер санының артуы қуантарлық жағдай. Десе де, мұның соңында үш ауысымды оқу үрдісі, орын тапшылығы, «Ы» сыныбы секілді өзге де мәселелер туындағаны алаңдатады.

«Үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Бұл мәселе болашақта өз кедергілерін келтіруі әбден мүмкін. Мегаполистердегі мектептердің сапасы мен аудандық, ауылдық мектептердің сапасы бірдей болуы да аса маңызды. Ауылдық мектептің жабдықталуы қалалық мектептен төмен болса, біз «жабайы» миграцияны қалыптастырып аламыз. Бұл үш ауысымды мектеп мәселесінің ешқашан шешілмейтіндей етеді. Сондықтан осы мектеп мәселесіне нақты жүйелілік қажет», деген пікір білдірді Нұр-Сұлтан қаласы 90-гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы.