Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2021

Қазақстан Сауд Арабиясымен энергетикалық секторды дамытады

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының астанасында Қазақстан Елшісі Берік Арынның Атом және жаңартылатын энергетика жөніндегі ғылыми қалашықтың төрағасы Халид Әл-Сұлтанмен кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР СІМ-ге сілтеме жасап.

Қазақстан Сауд Арабиясымен энергетикалық секторды дамытады

Кездесу барысында тараптар Король Абдалла атындағы Атом және жаңартылатын энергетика жөніндегі ғылыми қала (K.A. CARE) мен қазақстандық компаниялар, атом энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар арасындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.

Кездесу барысында Елші K.A. CARE басшысын қазақстандық ядролық ғылымның дамуы мен жетістіктері және ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы хабардар етті, сондай-ақ сұхбаттасушыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды.

Елші Жолдау аясында Мемлекет басшысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударғанын және Үкіметтің алдына қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту жөнінде бірқатар міндеттер қойғанын атап өтті.

Берік Арын қазақстандық тараптың Сауд Арабиясымен энергетика саласындағы өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру ниетін білдірді. Өз кезегінде K.A. CARE басшысы ҚР Президентінің Жолдауында белгіленген мақсаттарға, басымдықтар мен міндеттерге жоғары баға беріп, екі ел мен халықтардың мүдделеріне жауап беретін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екендігін айтты.

Сондай-ақ Х. Әл-Сұлтан Қазақстан аумағында Елбасы бастамасымен құрылған МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкінің қызметіне қызығушылық танытты.

Айта кетсек, K.A. CARE - Сауд Арабиясындағы ядролық және жаңартылатын энергетика мәселелерімен айналысатын үкіметтік ғылыми-зерттеу ұйымы. K.A. CARE Корольдіктің энергетикалық секторының тұрақты дамуына үлкен үлес қосады және атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану технологияларын енгізуде басты рөл атқарады.