Қарқабат ана ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы және атқарушы билік пен зиялы қауым өкілдері, құрметті қонақтар қатысты.
– Қазақ халқының тарихында із қалдырған Қаздауысты Қазыбек биден бастап батыр-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке дейінгі тұлғалар анасының есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Бұл ескерткіштің өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісіндегі маңызы зор, – деп атап өтті нысанның ашылуында сөз сөйлеген Ұлықбек Есдәулет.
Еңселі ескерткішке қажетті қаражатты Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов бастамашы болып, Қарқабат ана ұрпақтары жинаған.
Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды облыстық филиалының шеберханасында құйылған ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Бейбіт Мұстафин.