«Қолма-қол ақшаға айналдыратын» компаниялар тауар сатпайды және қызмет көрсетпейді, бірақ қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа фирмаларға ақшалай сыйақыға жалған құжат жасаумен айналысады.
Бұл заңсыз әрекеттер ҚР ҚК 216-бабы бойынша қаралады. Ол үшін 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті екі рет материалдық сыйақы үшін жалған шот-фактура жазып берудің жолын кесті.
Бірінші жағдайда кәсіпкер Ә.Қосбармақов Жаңаөзен қаласында «Өзен-АҚЖОЛ» ЖШС және Қосбармақов Әділет Аманкелдіұлы» ЖК атты екі компания құрды. Жүк тасымалы және қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтің орнына екі кәсіпорын атынан 3,1 миллиард теңгеден астам сомаға 7 компанияға жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берген.
Осыған ұқсас дерек Ақтау қаласында да анықталды. Азаматтар И.Агатаев пен М. Әбілев «Бөрі Ақтау» ЖШС құрып, бір топ тұлғамен алдын ала сөз байласу арқылы 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға шот-фактуралар жазып берген.
«Осы компаниялардың заңға қайшы әрекетінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 767 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілді.
Барлық кінәлі адам әртүрлі мерзімге сотталды», деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.