Әлем • 15 Қыркүйек, 2021

Түркітілдес елдердің БАҚ ынтымақтастығы талқыланды

209 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Түркі елдеріндегі БАҚ. Жаңа жағдайдағы ынтымақтастықтың дамуы» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған басқосу ХVII Еуразиялық медиафорумы аясында тұңғыш рет өтіп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Түркітілдес елдердің БАҚ ынтымақтастығы талқыланды

Алқалы жиынға түркі тілдес елдердің, сондай-ақ, Мажарстан мен Тәжікстаннан танымал медиа-менеджерлер, атап айтқанда, Әзербайжан Президентінің  бұрынғы баспасөз хатшысы, тележүргізуші Тофиг Аббасов, Түркияның NTV  арнасының сыртқы жаңалықтар қызметінің менеджері Ахмет Йешилтепе,  Мажарстанның «Дуна» телекомпаниясының директоры Палффи Иштван, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли, Түрікменстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің  бас директорының орынбасары Сяхемурад Какышев, Тәжікстанның «Авеста» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Джанотхан Курбанова, сонымен қатар белгілі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Дөңгелек үстел отырысын қазақстандық медиа саласындағы танымал журналист Саят Жөкен жүргізді.

Басқосу барысында БАҚ өкілдері түркітілдес елдердің масс-медиа саласындағы  танымал тұлғалармен тілдесуге мүмкіндік алды. Аталған елдердің үздік медиа менеджерлері қазақстандық әріптестерімен қазіргідей ақпарат таратудың өзектілігі жағдайында  жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісті.

Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде: «Осыдан 140 жыл бұрын, 1883 жылы ұлы ойшыл әрі публицист Исмаил бей Гаспыралы «Тілде, ойда, істе бірлік» ұранымен «Терджуман» газетін шығара бастады. Қарым-қатынас жасау қиын жылдары түркі әлеміне тарап кеткен газет бірыңғай ақпараттық кеңістік құру жөніндегі алғашқы бастама болды.

Бүгінгі таңда біздің мемлекеттерімізде интеграциялық процесс үшін көп нәрсе жүзеге асырылды. Біздің халықтарымыздың ортақ тарихымызға негізделген жарқын болашақты құруға ұмтылысы бар.

Қазақстанда өткізіліп жатқан Еуразиялық медиа-форум көптеген жылдар бойы маңызды жаһандық алаң болғандығы соның айқын мысалы. Бұл платформа өте пайдалы және оны интеграция мақсатында пайдалану керек.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Түркі академиясының негізгі бағыты түркі мемлекеттері мен халықтарының ортақ мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған. Осы мақсатта іргелі ғылыми еңбектер, сөздіктер, ғылыми-мәдени және географиялық атластар жарық көрді. «Аталар мирасы» электрондық порталы құрылды. Түркі елдерінде әлеуметтік сауалнама жүргізетін «Түркбарометр» жобасы жүзеге асуда. Академия әртүрлі ғылыми және археологиялық экспедициялар ұйымдастырып келеді. Түркі академиясының ресми сайты, Telegram арнасы және әлеуметтік желілердегі барлық ресми аккаунттар да осы мақсатқа қызмет етеді.

Сонымен қатар, ғылыми ұйымдар, университеттер және сараптау орталықтары арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту үшін мүмкіндіктер бар. Мұның бәрі елдеріміздің ақпараттық саясатына қызмет ететін маңызды бағыттар», деді.

Қатысушылардың пайымды пікірлері мен орамды ойлары және терең сараптамалық талдаулар көптен күткен Еуразия медиафорумының маңызын арттыра түсті.

Айта кету керек, Форумның тақырыптары геосаясат, технология, этикалық стандарттар саласында соңғы жылдары дамыған жаһандық өзгерістер мен тенденцияларды қамтыды.