Технология • 16 Қыркүйек, 2021

Цифрлы дербестігіміз сақтала ма?

217 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан азаматтары өздеріне тиесілі дербес деректер Ресей билігінің қолына өтіп кете ме деп алаңдаулы. Пікірталастың туындауына «Сбер» компаниялар тобымен жасалған меморандум түрткі болды. Көп күттірмей бұған қатысты Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин түсініктеме беріп, қоғамда айтылып жатқан сынның негізсіз екенін алға тартты.

Цифрлы дербестігіміз сақтала ма?

eGov.kz Қазақстанға тиесілі

Бұл уағдаластыққа сәйкес «Сбербанк» Қазақстанға платформалық моделін ұсы­нып, Data driven government тұжы­рым­дамасы мен цифрлы трансформацияға байланысты жобаларды жүзеге асыруға көмектесуі тиіс. Міне, осыған байланыс­ты қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Меморандумды қолдамайтын тараптың пікіріне сүйенсек, осы арқылы еліміз жеке мәліметтердің таралуына жол беріп, цифр­лы егемендігінен айырылады. Бұған қоса «Электронды үкіметті дамытуда елімізден бірнеше есеге артта қалған мемлекет бізге қалай көмектеседі?» деген сынды пікірлер аз емес. Алайда Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бұл айтылғандарды жоққа шығарып, eGov.kz порталы Ресейге берілмейтінін жеткізді.

«Біріншіден, eGov.kz тек Қазақ­станға ғана тиесілі және ешкімге бе­рілмейді! «Қазақстандықтардың бар­лық дерегі Ре­сей Федерациясына қол­жетімді болады» деген әңгімелер орын­сыз. Неліктен? Тәуелсіздік ал­ғалы бері Қазақстанда ше­телдік жаб­дықтармен жұмыс істеп келе жатқан көптеген компания бар. Бірақ та бұл қондырғыларды өндіретін елдер бізге қатысты мәліметтерді иелене алады дегенді білдірмейді. Электронды үкі­метке келсек, бұл жерде біреуге мә­ліметтер беріледі деген мәселе қоз­ғал­мауы тиіс. Осы ретте eGov.kz неден тұ­ра­тынын қысқаша түсіндіре кетейін. eGov – бұл барлық мемлекеттік базамен байланыстырылған «сөре» секілді. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім әрі ешқашан қол жеткізе алмайды! Осы­дан бір ай бұрын жүргізілген талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400-ден артық ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік секілді ірі базалардан бас­тап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін қамтиды. Жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер уақы­тында біздің міндетіміз – бағдарламалау әдебі сақталмаған және ескірген құжат­тардың негізінде жазылған жүздеген жүйелердің орнына барлық мәлімет бірыңғай платформада реттелген және түсінікті ондаған жүйеге көшу. Қазіргі eGov-ты миллиондаған ескі үйшік­термен салыстыруға болады. Оның орнына заманауи технология­мен жабдықталған платформаны ор­нат­­қымыз келеді. Халық пен эконо­ми­каға барынша тиімді болу үшін цифр­ландырудың «кесінді» моделінен тұтастай платформалық модельге ауысатын сәт келді», деді Б.Мусин.

 

Бастапқы код Қазақстанға ашық

Жауапты ведомство басшысы IT сала­сындағы кез келген мәселе, оның ішін­де халықаралық деңгейдегі шешім­дер қауіпсіздік органдарының рұқса­тымен қабылданатынын айтты.

«Қазақстан тарапы вендор се­кілді (тұтынушыларға тауарлар мен қыз­мет­терді жеткізетін кез келген заңды не­месе жеке тұлға) бағдарламалық қам­­тамасыз ету мен техникалық қол­дау­ды өзіне алатыны туралы талапты қойды. «Сбер» барлық жүйеге жол ашу­ға, сондай-ақ қа­жетті компо­нент­тер­дің бастапқы кодтарын ұсы­нып, қа­зақ­стандық серверлерде орналас­ты­ру­ға келісті. Демек бұл өнімді тұтас­тай бас­тап­қы кодтармен ала оты­рып, әрі қа­рай өзіміз сүйемелдеп жүргі­зетінімізді аң­ғартады», деді министр.

 

Жобаға отандық компаниялар тартылады

Б.Мусин осы жобаға бөлінетін қа­ра­жаттың тұтастай «Сбербанкке» беріл­мейтінін де түсіндірді. Оның сөзіне сенсек, бұл бағытқа шамамен 500 млн доллар жұм­салуы мүмкін. Аталған ақшаның бір бөлігі жергілікті IT нарыққа инвести­ция ретінде құйылса, екінші бөлігі инфра­құрылымдық шешімдер­ге арналады. Тек үшінші бөлігі ғана «Сбер-ден» платформаны сатып алуға бағытталады, деді ведомство басшысы.

Сол секілді Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі платформалық модельді енгізу­ге отан­­дық IT компаниялары міндетті түр­де қа­ты­сатынына уәде берді. Осы мақсат­та цифр­лы өнімді енгізу мәселелерін қо­ғам бел­сенділері мен IT нарық өкілдері­нен тұ­ра­тын арнайы комиссия талқылай­ды.

 

«Сбердің» цифрлы трансформациясы зерттеуге тұрарлық па?

Сарапшылардың айтуынша, бұл әзірге меморандум болғандықтан нақты бір нәрсені дөп басып айту қиын. Неге десеңіз, оның техникалық құжаттары әлі әзірленбеген немесе көпшілікке ұсы­нылмаған. Әйтсе де қоғамның екі­ұдай пікірі электронды үкіметке, яғни мемлекеттік қызметтерге байланысты болғанын ескерсек, бұл жерде мәселе мүлдем басқада жатыр дейді мамандар.

«Ашық дереккөздерге сүйенсек, онда меморандум жайлы айтылады. Шын­дығына келгенде, оны өз басым әлі көрген жоқпын. Бірақ бір түсінгенім, осы уағдаластық бойынша «Сбербанк» мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлы трансформация жұмыстарына тартылуы мүмкін. Яғни мұны мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерімен шатастыруға болмайды. Осыған қатысты ресми құ­жаттарды әлі көрмегендіктен тек өз ойым­ды айта аламын. Қысқаша тоқталсақ, елі­міздегі ірі компаниялар мен холдингтер деректер негізіндегі мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне ауысып жатыр. Бұл белгілі бір шешімдерді қабылдаудың жаңа деңгейі десек те болады. Электронды үкіметке келсек, ол азаматтарға арналған үкімет, яғни мемлекеттік қызмет көрсету саласымен байланысты. Ал жоғарыдағы меморандумда мемлекеттік органдар арасында­ғы байланыс жөнінде қам­тылған. Демек еліміздің Үкіметі мем­лекеттік басқаруда тиімді шешім­дерді қабылдаудың жолдарын қарас­тыруда. Осыны ажырата бі­луіміз ке­рек. Біріншіден, бұл әзірге еш­қан­дай да бір міндеттемені жүкте­мей­тін жай уағдаластық екенін ұмыт­пауы­мыз қажет. Екіншіден, бұл салада «Сбер­банк» мықты ма дегенге келсек, рас олар­дың әлеуетін мойындамауға болмайды. Неге десеңіз, аталған компания осы нарықта­ғы негізгі ойыншылардың бірі саналады. Бұл банктің 180 жылдық тарихы бар еке­нін ескерсек, осы ара­лықта аталған қар­жы институты ескі ана­логтық жүйеден жаңа цифрлы жү­йеге тиімді ауыса білді. Демек бұл «Сбербанктің» әлемдегі ең үл­кен цифр­­лы трансформацияны жасау­ға қау­­қары жеткенін байқатады. Осыған кел­генде олардың тәжірибесі зерттеу­ге тұрар­лық деп ойлаймын», деді «Зер­де» ұлт­тық ақпараттық-коммуникация­лық хол­­дингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Әб­дірасылов.

Бұдан түсінгеніміздей, еліміз ресей­лік банктің бір мезетте мыңдаған жоба­ларды басқару тәжірибесін үйрен­бек ниетте. Былайша айтқанда, быты­раңқы күйде жатқан шешімдерді рет­ке келтіріп, мемлекеттік басқару жүйе­сін сапалы деңгейге көтеру межесі қойы­лып отыр.

 

Отандық компаниялардың қимылы баяу

«Ybyrai жас бағдарламашылар лигасы» қоғамдық қорының басшысы Азиза Шужееваның сөзіне сүйенсек, аталған мәселеде отандық IT компаниялар ерте қимылдағанда жағдай басқаша өрбитін еді.

«2015 жылдан бері біздің IT ком­панияларға осы платформаны әзірлеуге не кедергі болды? Егер де кез келген IT компания «бізде мұндай платформаны әзірлеуге ресурстар жоқ» десе, онда 6 жыл ішінде отандық компаниялардың консорциумын құруға не кедергі болды деген сауал туындайды?! Мемлекетке сенбей инвестиция құюға күмәнмен қарады десеңіздер, «Мемлекет-жеке­меншік әріптестік туралы» заң бар емес пе? Осы тетіктің негізінде көптеген кә­сіпкер мектептер мен басқа да инфра­құрылым нысандарын салып жатыр. Міне, 6 жыл өтсе де әлі күнге дейін мұн­дай өнім дайындалған жоқ. Біз 6 жыл уақытымызды жоғалтып алдық. Осы аралықта электронды үкіметтің бірде-бір ақпараттық-коммуникациялық плат­формасын құра алмадық. Әлбетте, бұл орайда «Зерде» холдингі мен «ҰАТ» АҚ-ға қойылатын сұрақ көп.

Екіншіден, шындыққа тура қарайық. Неліктен жекелеген қазақстандық IT ком­паниялар қазір ғана қимылдай бас­­тады? Бұл жерде IT компаниялар ұлт­­тық қауіпсіздік мәселесіне қатты алаң­­­дайды дегенге сену қиын. Себебі IT ма­­мандары электронды үкіметтің инфра­­­құрылымының қауіпсіздігі сер­вер­­лік орталықта, мемлекеттік тех­ни­ка­лық қызмет деңгейінде жақсы қор­ғал­ға­нын жақсы біледі. Тіпті «ҰАТ» АҚ бас­шысының өзі серверлік орталықта орна­ласқан деректер базасына қол жеткізе алмайтыны белгілі. Объективті түрде қа­рағанда, отандық компаниялардың, әсі­ресе мемлекеттік тапсырыспен отыр­ған­дардың басты қорқынышы – табыстан айырылып қалу екені жасырын емес», ­де­ді қоғамдық қор басшысы.

Қазақстандық IT компаниялар қа­уым­дастығының президенті Нұрлан Исин айтқандай, «егер де бұл мәселе алдымен қоғамдық тыңдаулардың сүз­гісінен өткенде бүгінгідей резонанс туын­дамас еді. Тиісті шешім қабылданып қойғандықтан сөз таластырудан пайда жоқ», деді ол. Осыған қатысты басқа да сарапшылардың пікірін білейік деп хабарласқанымызбен көпшілігі тех­никалық құжатты көрмей жатып, ой біл­діру қисынсыз екенін айтты. Расымен де жоғарыда айтылғандай, мұны заңды тұрғыда мөрі басылған келісімшартпен шатастыру қателік болар. Сондықтан да әліптің артың бағудан басқа амал жоқ.