Білім • 19 Қыркүйек, 2021

Миллион оқушыға мектептен орын таба аламыз ба?

698 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жолдаған Жолдауында мектептердегі орын тапшылығы мәселесін көтерді. Осыған қатысты шұғыл шара қабылданбаса, 2025 жылға қарай 1 млн оқушы орын таппай қалуы мүмкін.

Миллион оқушыға мектептен орын таба аламыз ба?

Түскі ас уақытында сабақ оқиды

Иә, қазірдің өзінде 225 мың балаға орын жетіспейді. Олар үш ауысымды мектептерде білім алып жүр. Үкімет бұл мәсе­лені қалай шешпек? Білім және ғы­лым министрлігінің мәлімдеуін­ше, республика көлемінде бас-аяғы 137 үш ауысымды мектеп бар. Соның әрқайсысында қаншама жүздеген, кейбірінде тіпті мыңдаған бала лайықты, ың­ғайлы деңгейде білім ала ал­май отыр. Бірақ мұның өзі ата-аналарға үйреншікті жағ­дай­ға айналғандай. Жауапты ведомствоның дерегі бойынша, үш ауысымды мектептер саны ең көп үш өңірдің бірі – Маңғыстау. Осы облыстың орталығы Ақтау қаласында тұратын Қуансын Құлжанованың бастауыш сыныпта оқитын баласы үш ауысымды мектепке барады.

«Балам 2-сыныпта оқиды. Үш ауысымды мектепке барады. Са­бағы 11:15-те басталып, 14:15-те аяқталады. Содан кейін келіп түскі асын ішеді. Сонда бір күнде 40 минуттан 4 сабақ болады. Қазір кейбір пәндерді онлайн оқытуға мүмкіндік берілді ғой. Балам дене шынықтыру, өзін-өзі тану, музыка сабағын үйде оқып жатыр. Онда да аптасына 3 рет болатын дене шынықтыру сабағының біреуі ғана үйден, қалғаны мектепте оқытылады. Ата-ана ретінде балама қиындық туып жатпағандықтан, оқу ыңғайсыз деп айта алмаймын. Қазір мектепке барып негізгі пәндерден жаңа тақырыптарын үйреніп келеді, сол себепті де аса қиналмайды. Үй тапсырмаларын өзі орындап жүр. Осыған да қуанамыз, әйтпесе бұған дейін қашықтан оқыдық қой. Сонда өзім бірге отырып сабақ оқытатынмын», дейді Қ.Құлжанова.

Біз қашықтан оқу кезінде қоғам болып шулап жүріп бірінші кезекте бастауыш сыныптың оқушыларын дәстүрлі оқыту форматына ауыс­тырдық. Себебі білім берудің бұл сатысында мұ­ғалімнің көмегі қалайда керек. Компьютер тү­гілі, әріптер мен дыбыстарды әлі толық мең­гер­ме­ген 1-сынып оқушыларына тіпті қиын болғаны белгілі. Енді жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастағанда бастауыш сынып оқушыларының ішінара сабақтарын онлайн оқытып жатқаны­мыз қалай болды? Иә, көп ата-ананың ұғымында дене шынықтыру – «қол сілтей салатын» сабақ. Алайда дәл осы қалыпты өмірімізге кесірін тигізген пан­демия денсаулықтың, саламатты өмір салтын сақ­таудың, спортқа бала кезден үйір етудің қан­ша­лықты маңызды екенін анық ұғындырған жоқ па? Сонда дене шынықтыру сабағын негізгі пәннің қатарына жатқызғымыз келмейтіні қалай? Әрі буы­ны бекімеген бастауыш сыныптың балаларына жаттығу жасаудың жөн-жосығын ең алдымен мектепте жүйелі үйрету керек қой. Жарайды, сабақтың қандай форматта болса да өткізілгені маңызды ғой. Алайда нақ жоғарыдағы ата-ананың баласындай, үш ауысым­ның ортасындағы уақытта оқитын бала­ларға қиын. Байқадыңыз ба, ата-ана баласының дәл түскі ас кезінде сабақта болатынын айтты. Бала өмі­рі мен денсаулығына уақтылы та­мақтанудың маңызы бөлек емес пе? Осының бәрі түптеп келгенде үш ауысымда оқытудың себебінен болып отыр. Бұлай болмағанда барлық пән өз кестесімен, мұғалімнің алдында өтер еді. Екінші ауысымда білім алатын балалар уақтылы тамақ­танып, үшінші ауысымда оқитын оқушылар үйіне қараңғы түспей қайтар еді.

Ата-ана Қ.Құлжанова баласын беріп отырған Ақтау қаласындағы №29 мектептің директоры Жайна Ізтұрғанова үш ауысым мәселесі мектеп ашыл­ғаннан бері бар екенін, бірақ жақында шеші­летінін жеткізді.

«Біздің мектеп 2018 жылы қыр­күйекте пайда­лануға берілді. Оқу ошағы ашылғаннан бері үш ауысым­мен жұмыс істейді. 8 ауданның балаларын қамтып келеміз. Негізі мектебіміз 900 орынға лайықталған, сол себепті біз тек 1800 бала ғана қабылдай аламыз. Қазіргі уақытта бізде бастауыш сыныптың балалары ғана үш ауысымда оқып жатыр. Қалған сыныптың оқушылары екі ауысымда білім алып жүр. Өйткені бізге жақын маңайдан екі мектеп салынды. Бұған дейін мектебімізге жа­қын орналасқан «Дарын» мектеп-интернатында оқыттық. Соның нәтижесінде оқу ошағымыз үш ауы­сымды болғанымен, оқушыларымыз екі ауысымда оқыды. Яғни «Дарын» мектеп-интернатында балалар бір ауысымда оқиды, қалған уақытында сыныптар бос болады. Сол бос уақытта біз үшінші ауысымда білім алуға тиіс балаларымызды мектеп-интернаттың кабинеттерін жалға алып оқыттық. Осылайша, оқушыларымыз екі мектепке ауысып оқыды. Енді бастауыш сынып оқушыларын да екі ауысымға ауыстырсақ дейміз. Бұл бағытта жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, мектебіміздің жанынан 400 орын­дық қосымша құрылыс салынуда. Жаңа жыл­ға дейін құрылысты аяқтау жоспарда бар. Оның үстіне жақын ауданнан тағы жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонда мәселе өздігі­нен шешіледі», дейді Ж.Ізтұрғанова.

Бұл – бір ғана мектептегі мәселе. Ал еліміздегі 130-дан аса басқа мек­тептегі үш ауысым мәселесі қа­лай шешіледі? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қа­был­дамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн», деді.

Үш ауысымды мектептер саны бойынша ал­дың­ғы орында тұрған тағы бір өңір – Шымкент қа­ласы. Мұнда қазір 9 үш ауысымды мектеп бар. Шым­кент қалалық білім бас­қармасының басшысы Жанат Тажиева аталған түйткілдің түйіні 2023 жылы түбегейлі тарқатылатынын айтты. Бұған Пре­зидент айтқан тиімді тетікті қолдану септігін тигіз­бек.

«Қалада сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 2021-2025 жылдар аралығында ке­шенді жоспар әзірленді. Сол жоспарға сәйкес 72 мек­тептің құрылысы жүргізіледі. 2021 жылы 12 714 орынға арналған 23 мектеп құрылысы (4 мемлекеттік –
1 920 орын 19 жекеменшік – 10 794 орын) тапсырылады. Оның ішінде биылғы қыркүйек айында 4 мемлекеттік, 15 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендейді. Ал 2023 жылы үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешпекпіз», деп түсіндірді.

Шымкент қалалық білім басқар­масы бас­шы­сының айтуынша, қазір мегаполистегі үш ауы­сым­ды 9 мектепте 16 мыңнан аса бала білім алып жатыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов Мемлекет басшы­сының үш ауысымды мектептерге қатысты тапсырмасын орындаудың 4 те­тігі барын мәлімдеген. Бұл туралы ведом­ст­во басшысы әлеуметтік желідегі ресми парақ­ша­сын­да: «Жол­дауда айтылғандай, урбанизация және демографиялық процестерге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша шамамен 1 млн орын қажет болады. Бұл мәселені шешу үшін 1 мың жаңа мектеп салынады. Осы жылдың өзінде 200 мектепті ашу жоспарланып отыр. Әкім­діктермен бірлесіп 4 тетік пайдаланылады. Атап айтсақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігі, жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен ны­саналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу тетігі», деп түсіндірді.

Алдыңғы 3 тетік түсінікті, ал соңғы тетік туралы толығырақ білу мақ­сатында тиісті ведомство­ға хабар­ластық. Білім және ғылым министрлігі «А.Аймағамбетов айтқан модульдік конструк­циялардан мектептер салу қалай жүзеге асырылады?» деген сауалымызға: «Жоспарға сәйкес 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде оқушы орындарының тапшылығын жою және үш ауысымда оқыту проблемасын шешу үшін 1000 мектеп салу жоспарланып отыр. 1000 мектеп салу үшін бірнеше тетік қолданылады. Соның бірі – модульдік конструкциялардан мектептер салу, яғни тез салынатын ғимараттар. Министрлік осы проблеманы ауылдық жерлерде шешу және бюджет қаражатын тиімді пай­далану мақсатында модульдік кон­струкциялар бойынша мектептер салуды ұсынады. Ведомство мо­дульдік мектептердің құрылысына қажет­тілікті анықтау үшін талдау жүр­гізді. Талдау перспективалы ел­ді мекендерді іріктеу бойынша жүр­гізілді. Нәтижесінде, республика бойынша 200 модульдік мектеп салу қажет екені анықталды. Жалпы алғанда, модульдік мектептердің мынадай артықшылықтары бар: бірін­шіден, құрылыс монтаждық жұмыстардың мерзімі аз (3 есе жылдам); екіншіден, модульдік құрылыстың сипаттамалары мектеп­тердің жоба­лық қуатын ең қысқа мерзімде ұлғайтуға немесе азай­туға мүмкіндік береді; үшіншіден, үлгі­­лік жоба­лар­мен салыстырғанда модуль­дік мектеп­тердің неғұрлым төмен (20-40 пайызға) құны; ауыл­ды жабу кезінде мектепті перспективалы өңір­лерге кө­шіру мүмкіндігі бар», деп жауап берді.