Қоғам • 20 Қыркүйек, 2021

Өмірге іңкәр, өнерге құштар

637 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ ежелден дүниеге келген нәрестеге ат қоюға ерекше мән береді. Оның ырымы да, жөн-жосығы да сан алуан. Әсіресе, атағы, абыройы ел арасына, тіпті жаһанға жайылған ұлы тұлғалардың есімдерін ұлықтап, өз баласына, немере- шөбересіне қойып жүруі жақсы дәстүрдің төрінен орын алады. Сондай ұлы есімдерді «арқалап» жүрген азаматтардың бірі – біздің әріптесіміз, замандасымыз, бауырымыз – Абай Бөлекбайұлы Тасболатов.

Өмірге іңкәр, өнерге құштар

Ұлы Абай Құнанбаевтың «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ға­лым­ды көрсеңіз», деген өсиет сөзін ғибрат тұтып өскен біздің Аба­йымыз – бала кезінен оқу десе оқу, әртүрлі спорттық жарыс десе жарыс, бәсекелес десе бәсе­ке­лес, ән айту, домбыра тарту сияқты өнерге талпыныстарда ал­дына жан салмай, қандай да өз ортасын дүрілдетіп, байытып жү­ре­тін азамат. Ол туып өскен Сол­түстік Қазақстан өңірінде бұ­рынғы Көбеш ауылында, кейін­гі Николаевкада әуелі мектептен бастап қазақ балалары сау­сақпен санарлық болды да көп­тің ортасында бала кезіндегі әл­жуаз­ды­ғы­на қарамастан, таласып-тармасып, өзін мойындатып жүрді. Кейде «мінез» деген сөзді тек бір оқыс қимыл немесе оғаш сөз айт­қан адамдарға теліп жататынынымыз бар. Ондай жағдайлар сол мінездің жай ұшқындары болар. Ал мінез деген – тұтас ұғым. Адамның табандылықпен алдына қойған мақсатына жетуі немесе қандай да сындарлы сәттерде төзімділік, ұстамдылық көрсетуі, ұтқыр шешім қабылдауы нағыз мінездің көрінісі болса керек. Осындай нағыз мінез біздің замандасымыз Абайдың болмысында қалыптасқан. Осы талпыныс, мінез ақыры жас жігітті Ташкент қа­ла­сын­дағы жоғары әскери оқу ор­нын тәмамдатып, кәсіби әскери қыз­меттің көркі болуға жолын ашты.

Еліміздің мемлекеттік тәуел­сіз­­дігінің арқасында ұлттық әс­ке­ри азаматтарымыздың жолы, бағы ашылып, бұрынғы Одақта қа­зақ жігіттері жете бермейтін жо­ға­ры әскери атақ, лауазымдарға, мәртебелі марапаттарға ие болды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абай Бөлекбайұлына зор сенім көрсетіп, оны жас мемлекетімізде тұңғыш құрылған Ұлттық ұлан қолбасшысы лауазымына көтеріп, қолына Ту ұстатты. Ол қызметті абыроймен орындап, тәуелсіз еліміздің жаңа құрылымы, жаңа келбет-көрінісінің бір парасын қалыптастырып, жастарға отан­сүй­гіштік, патриоттық тәрбие бе­руде өте беделді институт жұ­мы­сын жолға қойғаннан кейін Әскери университеттің бастығы, Қорғаныс министрінің орынбасары қызметтерін сеніп тапсырды. Абай тегінде табиғатында жүрдім-бардым, атүсті жұмыс істей алмайды. Қай жерге келсе де оған барын салып, құлшына кірісіп, жаңа тыныс береді. Қандай жұмысты да жігерленіп, жан бітіріп, тындырып істейді. Қырық жылдан астам әскери ұстаздық қызметінде жүздеген, мыңдаған әскери командирлер, әскери қызметін атқарған жастарға ұстаз болды. Абайдан тәлім-тәрбие алған жас офицерлер оған ұқсағысы келгені анық.

Абай Тасболатов өмірден осын­­шама бай тәжірибе жинақ­тап, ұлт­ы­на, мемлекетіне еңбек сіңіріп, генерал-лейтенант шенін­де жо­ға­ры қолбасшылық лауазымда жүргенде де, бүгін де еш­қа­шан әдебиет, өнер, мәдениет, тарихтан қол үзген жоқ. Ел ағасы жасына жеткенде әсіресе, жалпы адамзат тарихына, ұлттық өнер, шежіреге тереңдеп, руханият әлемін өзіне ажырамас жан азығы етіп келеді.

Ол – тамаша спортшы. Волей­болды жиырма жастағы жігіт­тер­ше секіріп те, жерден іліп те, жанын салып ойнайды. Үстел теннисі, бильярд... қысқасы Абай ұр­шықша иірмеген спорт түрі жоқ. Сарыарқаның сары аязында жалаңаш шымыр, шыныққан дене­сінен бу бұрқырап, он ша­қы­­рым жүгіреді. Ізденгіштік, зерттеушілік еңбегі – өз алдына бір сала. Әскерде қызмет етіп жүріп, диссертация жазып, тарих ғы­лымының докторы атанды, жүз­де­ген мақала, еңбек жазды.

Әбекең, Абай Бөлекбайұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғаннан кейін шы­ғармашылық еңбегінің жаңа ты­нысы ашылды. Енді ол бұ­рын­ғы­дай бір саланың ғана білгір ұйымдастырушысы емес, бүкіл қоғам, мемлекеттің жан-жақты бағыттарына өз үлесін қоса алатын, жанашыр тұлға өресіне көтерілді. Әрине, мемлекетіміздің ең жо­ғар­ғы заң шығарушы билі­гі­не, яғни Парламентке қай сала­дан болса да Абай Бөлек­бай­ұлы сынды өмір көр­ген, ы­с­тық-суық­тан өткен мем­ле­кет­шіл, қо­ғам құбылыстары мен қайшы­лық­тарынан хабары бар, оң-солын ажырата алатын, елдің тұрмысын, әлеуметтік хал ахуалын білетін, дүниеге өз көзқарасы, пікірі бар, әншейін елге өзін көр­се­ту­ден гөрі, халықтың сөзін сөй­леп, мемлекеттің қамын ойлайтын, соған қызмет ету мүддесін көздейтін адамдардың сайлануы жөн-ақ. Абай Бөлекбайұлы Парламент Мәжілісіне Nur Оtan пар­тиясынан екі рет сайланып, Халықаралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік комите­ті­нің мүшесі болса да тек қызметтік шең­берімен шектеліп қоймай, қоғам өмірінің қай саласына болса да біліктілікпен, шынайы іскер­лік­пен араласып жүретін белсенді депутат болды. Мәжілісте оған жүк­телген қоғамдық іс-шаралар да көп еді. Бір кездері Мәжіліс Төр­а­­ғасының орынбасары болып та, жар құлағы жастыққа тимей, әріптестерінің талап-тілектерінің орындалуына аянбай атсалысты. Әсіресе, өнерге, әдебиет пен мә­де­ниетке жақын болғандықтан, әркез осы салалардың талантты өкілдеріне қамқорлық жасап, олар­­ды елге танытудан жалыққан емес.

Абай еліміздің рухани өмірінің қыр-сырына қанық. Бір комитетте ел мүддесіне жұмыс жасау жолында өзара түсінісіп, пікір алмасып, ақылдасып, талай маңызды іс-шараларда бірге жүргеніміз – ұмытылмас құндылығымыз.

Мәжілістің бесінші және алтыншы шақырылымында бір комитет жұмысына жұмылдырылған он бес депутаттың кез келгені жайдан-жай, болғысы келгеннен ғана депутат бола қалған жоқ. Олардың әрқайсысы – депу­тат болғанға дейін үлкен өмір жо­лынан өткен, мемлекеттік қыз­­­меттің сан саласында білік­ті­лік­пен, абыроймен еңбек етіп, мем­лекетіміздің ең жоғарғы заң шы­ғарушы органына үлкен да­йын­­дықпен келген, бұрынғы қыз­­меттерінде белгілі нәтижеге қол жеткізе алған тұлғалар. Сон­дай-ақ олар елдің, өңірлердің тұр­мысын, мұң-мұқтажын жетік бі­ле­тін, қажетті ұсыныс-пікір­ле­рін жеткізіп айтатын. Бір комитетте Мәжіліс Төрағалары, Премьердің, Төрағаның орынбасарлары, бірне­ше министр, әскери, күштік құры­лым­дар қол­басшылары, генералдар, елші­лер, партия басшылары болып жұ­мылып, ел мүддесіне абы­рой­лы еңбек еткенімізді айт­сақ та жет­кілікті.

Тегінде депутаттар елге көріну үшін немесе үнемі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танымал болу үшін жұмыс істе­мейді. Ең алдымен, депутат заң жобасы­мен қалай жұмыс істеп жүр, заң­нама кеңістігін мейлінше сұра­ныс­қа жауап бере алатындай ету жолында не істей алды, сол заң елдің тұрмыс әлеуетін жақсартуға қандай ықпал ете алды деген тұр­ғы­да Парламенттің кәсібилігі кө­­рінеді. Қазіргі қалыптасқан тәр­­тіп бойынша заң жобасын тал­қылауға арналған жұмыс топтарында белгілі заң жобасы әбден талқылаудан өткеннен кейін ғана комитет отырысына шығарылып, ондағы талқылауға да негізінен барлық депутат қа­ты­са­ды. Одан тыс партия фрак­ция­ларындағы талқылаулар тағы бар. Біздің Абай осы талқы­­лаулардың бел орта­сында жүретін, ұсыныс-пікірлерін, өз ұстанымдарын ір­кіл­мей айтатын. Ал оларды БАҚ-та көрсету-көрсетпеу депутатқа байланысты емес. Оны журналистер өздері шешеді. Өкінішке қарай, олардың өздерінің белгілі бір заң жобасын насихаттауда біліктілігі жетпей жататыны да бар. Депутаттардың бел­сен­ділігі немесе біліктілігі туралы пікір айту үшін БАҚ өкіл­де­рі жұмыс топтарындағы, коми­теттердегі талқылауларға қаты­сып, мәселенің тереңіне үңілу­лері керек. Ал Пар­ла­мент Пала­та­ла­рының жалпы отырыстарында депутаттардың бәрі сөйлеуі мүм­кін емес, әрі қа­же­ті де жоқ. Ол үшін жұмыс топ­тары, комитет отырыстары, фракция жиналыс­та­ры жеткілікті.

Абай Бөлекбайұлы – осы мін­дет­тің барлығын да мейлінше бі­ліктілікпен атқарған қайраткер. Ал депутаттық қызметпен өмір біткен жоқ. Бүгінде Абаймен хабарлассам, сол бұрынғы ырғағынан жаңылмапты – «ана конференция­да сөйледім», «мына дөңгелек үс­телге шақырып жатыр», «жас офи­­церлермен кездесуге барам», «дос­­тармен, әріптестермен, аға­лар­мен сөйлестім», деп әңгіме тиегін ағытады.

Шын мәнінде, депутат та, бас­қа лауазымды қызметкер де лауа­зымынан бұрын өзінің аза­мат­тығымен, қоғамдағы орнымен танылады. Әскери салада өнегелі ұстаз, ісіне қалтқысыз берілген жауынгер болып танылған Абай Бөлекбайұлы он жылға жуық де­путаттық қызметінде де, одан ке­­йінгі азаматтық қоғамда да адам­­гер­шілік қасиеттерімен өз орта­сына, ел-жұртына танылып, абырой-беделге бөленіп келеді.

Абай көптеген игі істің бас­та­машысы болып, қоғамға оң ық­палын тигізіп жүр. Мәселен, ол әскери адамдардың ресми әс­ке­ри қызметінің мерзімін біті­ріп, зейнетке шыққан кезіндегі тұр­мысы, тұрғын үй мәселесін өзі­нің 45 жылдық әскери басшы қызметінен, яғни «ішінен» білетін, көшіп-қонып жүріп, өз басынан да өткізген. Осы проблеманы әріптесі, жастайынан бірге жүр­ген досы, Халық Қаһарманы – Бақытжан Ертаевпен екеуі бір­лесіп, бір­не­ше жыл тынбастан, дамыл таппай шұғылданып, Үкіметке, министрліктерге, әкім­дер­ге, банк са­ласына маза бер­мей жү­ріп, ақы­ры оң нәтижеге қол жеткізе алды. Қос генерал-де­пу­таттың сол бастамасын біздің ко­митет мүшелері түгел қол­дап, арнайы заң қабылдануына күш салып, ықпал етті. Біздің сол заңымызды кезінде Үкімет қол­дап, Президенттің қол қойға­ны­ның арқасында кәсіби әскери ма­ман­дардың тұрғын үй, жалақы, зейнетақы мәселелері оң шешімін тапты.

Сондай-ақ Абай Қожаберген жыраудың 350 жылдығын, оның еңбектерін, Сегіз Серінің ұмыт болған әндерін жинақтап жарыққа шығаруды ұйымдастырып, өнер жанашырларының алғысына ие болды.

Абайдың депутаттық қыз­ме­тінен мағлұмат беретін мақа­ла­ла­ры, сұхбаттары, кейбір іскерлік, қызметтік хаттары, депутаттық са­уалдары,заң шығарушылық қыз­мет­те жұмыс тобының жетек­ші­сі ретінде қабылдауға атсалысқан заң жобаларының үзінділері ен­гі­зіліп, генерал, көрнекті қоғам қайраткері туралы жазылған жылы лебіздер топтастырылған жинақ «Генералдың бекзат болмысы» деген атпен жарық көрді. Бұл кітап жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін тамаша оқу құралы десек, артық айтқандық емес.

Абай Бөлекбайұлының өмір жолында Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мұхтар Алтынбаев сынды Қазақ елінің ардақты ұландарынан, тарихи тұл­ғаларынан ғибрат алғанын, өнегелерінен үйренгенін ерекше құрметпен атауы да – жай мадақ емес, сыйластық мәдениетінің жарқын көрінісі, әрі тамаша үлгісі.

Жинаққа енген сұхбаттардың жөні бөлек. Әрбір сұраққа кі­тап кейіпкері әрі авторы Абай Бөлек­байұлының берген ашық жауап­тарында оның өмірбаяны, депу­тат­тық қызметі сайрап жатыр.

Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!» деген өсиетін толы­ғымен орындап жүрген заман­да­сы­мыздың мақтанышпен айтуға тұрарлық тұлға екендігі оны бі­ле­­тін әр азаматтың кеудесіне Абай­­ға деген ризашылық сезімін ұя­­л­а­тады. Оның өмірге іңкәрлігі, өнер­ге құштарлығы төңірегіне нұр шашып, әрдайым ортасын толтырып жүреді.            

 Қуаныш СҰЛТАНОВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері