Қоғам • 22 Қыркүйек, 2021

Соғыс кезіндегі вакциналау сарбаздарды қалай аман сақтап қалды?

387 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір әлемде пандемияға қарсы жаппай вакциналау жүргізілуде. Бұл шара Екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған кезінде, оқ пен оттың ортасында да жүргізілгенін ұмытпағанымыз абзал.

Соғыс кезіндегі вакциналау сарбаздарды қалай аман сақтап қалды?

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші, майданда кеңес жауынгерлеріне фашистер ғана емес, әртүрлі вирустар да дұшпандық жасады. Осыған орай бұрынғы Кеңес Одағының басшылығы ғалымдардың алдына аса қауіпті жеті жұқпалы аурудан қорғайтын арнайы препаратты жедел арада жасау міндетін қойды.

Бұл «әмбебап» препарат Қызыл Армия жауынгерлерінің бойын­да тырысқақ, іш сүзегі, сіреспе, па­ра­тиф­тің екі түрі мен дизентерияның екі түріне қарсы бірден иммунитет қа­лып­тастыруға тиіс болды.

Вакцина майданда да, тылда да эпидемиологиялық жүктемені күрт тө­мен­детуге, ең бастысы, әскерилер мен қарапайым халық арасында ін­дет­тің дамуына жол бермеді.

Күзгі-көктемгі кезең – жедел рес­пи­ра­торлық вирустық инфек­ция­лар­дың, тамақ ауруы мен тұмаудың ең көп таралатын уақыты. 1944 жылдың қарашасында ауырғандар саны, әсі­ресе, 3-ші Беларусь майда­нын­да өршіп кеткен. Ұрыс даласында үскі­рік аяздың тұруына байланысты жа­уынгерлерге суық тию жағ­дай­ла­­рынан ауру-сырқау көбейіп кеткен. Кеңестік әскери қолбасшылық мұн­дай індетке қарсы тұру үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қа­былдауға мәжбүр болған. Мәселен, май­дан шебінде жауынгерлердің жылынуы үшін пеш жағылатын блиндаж­дар салынған. Олардың ішіне сабан төсеніштер төселіп, дымқыл киімдер мен аяқ киімдерді кептіретін орындар жа­салынған. Бұған қоса, моншалар ұйым­дастырылып, сарбаздарды ыстық та­мақпен және қайнаған сумен қа­жетті мөлшерде қамтамасыз ету талап етілген. Алайда бұл шаралар жет­кі­лік­сіз еді.

Әскери басшылық жауынгерлерді жеке бас гигиенасын сақтауға шақы­ра отырып, олардың санасын көте­ру ба­ғы­тында түрлі насихат жұ­мыс­тарын жүр­гізген. Тамақтанар алдында қол­да­рын сабынмен тың­ғы­лық­ты жуып, батпақты жерлерден, арық­тар­дан, өзендерден, көлдерден және лас құ­дықтардан су ішуге қатаң тыйым са­лынған.

Соғыс басталғанына бір апта өткен соң, Денсаулық сақтау халық комис­са­­риаты мен КСРО Темір жолдары халық комиссариаты бірлескен «Қа­уіп­ті аймақтардан эвакуацияланған халыққа медициналық көмек көрсету туралы Ереже» шығарған. Онда аумақтық денсаулық сақтау органы мен медициналық-санитарлық көлік қыз­метінің іс-қимыл әрекеттері ай­қ­ын­далған. Аудандық денсаулық сақ­тау басқармаларында жылжыма­лы эпидемиологиялық брига­да­лар құ­рылып, қоғамдық сани­тарлық нұс­қаушылар институты ұйым­дас­тырылған. Сонымен қатар жер­гі­­лікті кеңестердің төрағаларына, құ­рамында денсаулық сақтау халық ко­миссариаты өкілдерінен, НКВД әс­кери қызметкерлерінен тұратын төтенше жағдайдағы эпидемияға қарсы комиссиялар құруға бұйрық берілген. Олардың жұмысына гарнизон билігі, армияның санитарлық қызметі мен партиялық органдардан жауапты адамдар тартылған. Ең бастысы, әскери-санитарлық басқармаларға 200 далалық кір жуу отрядын құру ке­ректігі тапсырылған. Эпидемияға қар­сы жұмыстарға шұғыл өкілеттіктер жасау құқығы КСРО Денсаулық сақтау халық комиссариатына берілген.

1942 жылы инфекциялармен күресті күшейту туралы шешім қабыл­да­нып, ірі медициналық мекемелерде бас дәрігердің эпидемияға қарсы жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымы енгізіліп, оларға санитарлық-ағарту жұмыстарына көбірек көңіл бөлу тапсырылған. Бұл шаралар, әрине, инфекциялардың таралуына тос­қауыл жасағанмен, оның ықпалы аз бол­ған. Барлығы вакцинаның жасалуын күткен.

1941 жылы Ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының қызметкерлері, ерлі-за­йыпты дәрігерлер Нина Гефен мен Николай Александров Қызыл Армия қызметкерлерін жаппай бел­сенді иммундау мәселесі бойын­ша ұйым­дас­тыру жұмыстарын қолға ала­ды. Дәрігерлер бұл ауыр жұмыс­тар­­мен әлемде бірінші болып іш сүзе­гіне, А және В паратифіне, екпе дизен­те­риясының екі түріне, тырысқақ пен сіреспеге қарсы екпемен иммундау әсе­рін алу мүмкіндігін дәлелдеп береді. Ға­лым-иммунологтер аз уақытта қа­жетті нәтижеге қол жеткізген. Бірақ ұзақ мерзімді клиникалық зерттеу жүргізу қажет болған.

1941 жылы ерлі-зайыпты дәрігер­лер теңіз шошқалары мен ақ тыш­қандарға тәжірибе жүргізуді қолға алады. Бұл зерттеулердің нәти­же­лері вак­циналанған жануарлар микроб­тар­дың өлімге әкелетін бірнеше дозасына да төзетінін көрсетіп берген. Сонымен қатар вакцина салынбаған жануарлардың микробтың бір дозасын салудан өлім құшуы да кездескен.

Жануарларға жүргізілген табыс­ты сынақ ғалымдарға өз тәжіри­бе­­­­лерін келесі деңгейге кө­теруге мүм­­­­кіндік берген. Енді вакцинаны адам­дарға салып, сынау қажет бол­­ған. Жаңа препараттың сы­нақ­тары вак­­циналаудан кейінгі реак­­­циялар мен Polivaccine NIISI инъек­ция­сы­нан кейінгі асқынулардың бұ­рын қолданылған вакциналардан ай­тар­лық­тай ерекшеленбейтінін және оның инфекцияға қарсы тұрудағы тиімділігі жоғары екенін көрсеткен.

Осыдан соң аталған препаратты көпшілікке қолдану ұйғарылған. 1942 жылдың көктеміне қарай поливакцинамен егілгендердің саны 10 мың адамнан асып жығылған. Бұл вакцинаның ауқымды өндірісі әлі жолға қойылмаған кезең еді. Вакцина алған азаматтар дәрігерлердің қатаң бақылауында болған. Оларды бақылау вакциналаудың арқасында асқазан-ішек инфекциясы ауруларының төмен­­дегенін көрсеткен. Нәтижесінде, И.И.Мечников атындағы институт «NIISI поливакциналарын» жаппай өн­­діру­ді қолға алып, жылына бірнеше мил­­лион дозаны жасап шығаруға жол ашылған.

­Осыдан кейін, 1943 жылдың 14 ақпанында КСРО Қорғаныс Комис­сариа­­тының №169 бұйрығы шығып, онда Қызыл Армияның барлық жеке құрамына 1 сәуірден 15 мамырға дейін «Поливакцин НИИСИ» препаратымен вирусқа қарсы вакциналаудан өтуге бұйрық беріледі.

Вакциналанған адамдарға мониторинг жүргізу жаппай вакциналау біткеннен кейін де жалғасқан. Тері астына 2 шаршы см мөлшерінде бір рет егу арқылы вакциналанған адамдар 45 күн өткен соң тырысқақ, іш сүзегі, паратиф қызбасына, сіреспе ди­з­­ентериясына қарсы иммунитет қа­лып­тастырған.

Вакциналаудан кейін иммунитетті сақтау ұзақтығы 6-8 айды құраған. Инфекцияға қарсы ұжымдық им­му­ни­тет­ті қамтамасыз ету үшін әске­ри­­­лер­дің жеке құрамы жылына екі рет вакциналануға тиіс болған. Әр жауынгерге алты айда бір инъекция жасалған. Қызыл Армияның кі­таптарында және офи­церлердің жеке куәліктерінде вак­ци­наның ал­ғаш­­­қы енгізілген күні немесе ревак­­ци­­нация туралы жазба жасалып, олардың тізімдері санитарлық қыз­мет­­тің құжаттарында сақталған.

Бірақ мұның бәрі ойдағыдай бола қоймаған. Әскери құжаттарға қа­ра­ғанда, Қызыл Армия жауын­гер­леріне екпе салу, негізінен, шайқастар арасында жүргізілген. Атқыштар ди­ви­зиясының жеке құрамына поли­вакцина егу үшін орта есеппен үш апта қажет болған. Алайда кейбір жауынгерлер мен командирлер «инъекциядан өту бұйрығын» көзге ілмеген. Мұндай жағдайларда әкімшілік ресурс қол­да­нылып, басшылар өз ба­ғы­ныш­ты­ларының фельдшерлік пункт­­терге келуін қамтамасыз етуге мін­­деттелген.

Соғыс кезінде екпе алуға нем­құ­рай­лылықтың тағы бір себе­бі – дә­рі­герлерге сенбеушілік. Өйт­ке­ні дәрі­гер­лердің сарбаздарға залалсыз­дан­ды­рылмаған инемен вакцина ен­гізген де­ректер болған. Бұл кейде қайғылы жағдайларға әкеліп соқ­ты­рып, кеңестік денсаулық сақтау жү­йе­сі­нің беделіне нұқсан келтірген.

Соған қарамастан, соғыс кезінде вакцинаның екі дозасын алған кеңес жауынгерлерінің арасында бүгінде жасы 90-нан асып кеткен ардагерлер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін ұзартады екен. Адамзат қоғамында аурудың алдын алу бойынша ешқандай тәжірибе вакцина сияқты тиімді болмаған. Демек, адамды түрлі індеттерден құтқаратын тек қана вакцина болып тұр.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ