Ең қысқа әңгіме • 23 Қыркүйек, 2021

Жапон келін

1867 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ол кезде интернет жоқ. Теле­дидар да ауылымызға келе қой­маған. Қазақ радиосын тыңдап, естігендерімізді көз алдымызға елестетіп мәз боламыз. Аудан­нан – 110, облыс орталығынан – 750, Алматыдан 1100 шақырымда жат­қан шалғайдағы ауылда тұратын қыр қаза­ғының баласы едік.

Жапон келін

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай

Жетпісінші жылдардың аяғы. Қиыр Шығыстан әскерден оралған жерлесіміз Жарбұлаққа сүйген жарым деп жапон қызын әкеліпті. Көпұлтты Кеңес Одағының азаматтарын жатқа білгенмен ауылымызда жат тілде сөйлейтін тірі жанды көрмеген оқушымыз. Әйгілі Алакөлдің жағасындағы тек қазақша сөйлейтін бес мың тұрғыны бар қазіргі Қабанбай ауылын­да басқа ұлт адамымен осылайша тұңғыш рет таныстық. Елу-алпыстай славян ұлысы саналатын көрші-қолаңның тілі таза қазақша болғандықтан, олар­дың орыс екендіктері Пасха ме­рекесінде еске түсетін. Қызыл-жасыл түрлі түске боялған шелек толы жұмыртқаларын «Хрис­тос воскрес» деп дүбірлетіп тара­татындары бізге мейрам әрі мереке еді. Алақайлап доста­рына жұмыртқа ұсынатын сол кездегі сары ауыз бала – қазір Nur Otan партиясы Шығыс Қа­зақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Васильевич Чугунков.

...Бастауышта оқимыз. Үлкен үзілістегі ермегіміз мектептен жүз метр жердегі механизаторлар даяр­лайтын училищеде трактор жүргізуді оқып жүрген жапон жең­гемізді бір көріп қалу. Олар да бізбен қатар үзіліске шығады. Қап-қара формадағы жиырмаға тарта болашақ трактор­шылардың арасында оның беті мен қолдары аппақ болып алыстан айшық­талатын. Күндегі әдетінше өзін тама­ша­лауға мектеп шарбағына асылып көз тіккен қыр балаларына қолымен жүрек бейнесін көрсетіп, оң қолын ерніне тақап құрметке қошемет махаббат сезімін жолдайтын. Біз де бұл қимылды қаз-қалпында қайталап, cыныптас қыздарды «оңбағандатып» қыр соңымыздан жүгіртіп қоятынбыз.

Механизаторлар курсы аяқ­талған соң жапон жеңешемізден көз жазып қал­дық. Оқушыдан жасөспірім жасқа жетіп, өт­пелі кезеңге өткенде өмірлік құбы­лыс­тардан өзімізді іздеп, балалық мінез азай­ған. Шашын әдемілеп қиып ұлдардан құпия сыр жасыратын жастары қатарлас қыздарға ықыласпен көңіл бөлу сезімі жапон жеңешеге балалық құмарлықты естен шығарған...

Сексенінші жылдардың соңын­да туған өлкем туралы «Жар­бұлақ деген ауыл бар» атты хро­никалық кітап жазу­ды бастадым. Студенттік сессия ара­сын­да ауылға жол түскенде жапон келін ту­ралы хикаяның жалғасын Ең­бек Қы­зыл Ту орденді совхозымызды ширек ғасыр басқарған Социалистік Еңбек Ері Рақымғали Төлеубековтен естідім.

«Шаруашылық үшін табысы мол, жеке қара басыма қара түнек орнаған, жаным мен жүрегімді қан жылатқан Мәс­кеудегі Олим­пиада өткен жыл. Есіме түссе өкінішім өзегімді өртейді. Мысыр еліне саяхаттап шықтым. Сан ғасырлық тарихқа толы Мысырда перғауындар тұрмысымен танысып, өз тарихын ардақ­тамаған пенде өзін де сыйламайтынын ұқтым. Тарих дегеніміз – өткеннің бүгінге сабағы ғана емес, біздің кейінгі ұрпаққа қалдырар өнегеміз. Елде жүргенде бір уақ Германиядан таратылатын «Азаттық радиосын» қосып тыңдайтыным бар еді. Шет жұрттағы демалыста ми тынығып, қаперіме жатталып қалған Мюн­хендегі «Азаттықтың» қазақ бөлі­мінің телефонына Каирдегі қонақүйден қоңыраулаттым. Ертеңінде менімен жүздесіп, уәде еткен қазақтың дәм-тұзынан дәм татуға Мюнхеннен Каирге ұшып жеткен Хасен Оралтаймен солай та­нысқам. Шетелде жүрсем де сақтық жасап Хасенмен кісі аяғы басылған кезде кеш қарая кез­десеміз. Талай әңгіме айтылды, түпсіз тарихқа үңілдік. Таңға шейін шай сораптап сыр тартып, сұхбат құратын бабаларымыздың басынан кешкенін басымнан өткердім. Соны Кеңес адамдары тоқтаған Каирдің мейманханаларын тіміскілейтін КГБ тыңшылары сезіп қойыпты. Елге оралған соң алты ай ізімнен қалмады. Бүкіл ауыл тұрғындарынан мен туралы мәлімет жинады. Жұртыма рақмет, мені қолдап та мақтап шықты. Нақты дәлел, тапжылтпас дерек таппаған соң тоқтады. Бірақ жүрегімді тірідей жұлып, үкілеген үмітімді үзді. КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің Патриса Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін үздік дипломмен тәмамдап, Кеңес Одағының Швециядағы елшілігіне орналасқан ұлыма кесірі тиіп, түбі трагедия­мен тынды», деген. Жапон келін жайлы да аздап сыр шерткен...

Бұл деректер атамекеніме арналған кітапқа енбеді. Жаз­ғаныммен оны Ком­мунистік пар­тияның цензурасы өткізбесі анық еді. Әңгімеміздің бас кейіп­кері жапон келіншектің айнала­сындағы сан тарау хикаятты кейін де көз көргендер мен естігендерден сұрас­тырдым. Әркімнің сан қилы пәл­сәпәсі бар. Аңызы да, ақи­қаты да аралас қазақтың ауыз әдебиетіне жақын әлқисса. Біл­генімді, түйгенімді баян­дайын.

...Күзгі күн еді. Келін болып түскен «Жар­бұлақтан» «Қарабұлақ» қой совхозына көшіп келгендеріне жыл жарым уақыт жылжыған. Перзент сүйді. Күйеуі ескі тракторды күн ара жөңдеп, қолға тиетін мардымсыз жалақысы ас-суынан аспайды. Жапа тамның төбесінен су тамшылап, қабырғалары көгерген. Көмір жоқ, тезек жағады. Бір жастан асқан баласы салқындап сырқаттанғанына бес күн. Жұбайы қыстақтағы малшыларға шөп түсіруге кеше кеткеннен оралмаған. Жы­лауға да шамасы жоқ сәбидің демікпесі үдеген. Шыдауға шамасы жетпей шарасыздан жылаған. Контор жаққа шығып он екі шақырым жердегі Жарбұлақтағы емханаға жеткізіп салар көлік іздеген...

Қоңыр күздің ызғары кү­шейген. Бірден ауыл шетіндегі «шпионның» үйіне тартты. Естуінше, бандераларға жәр­­дем­дескен деген желеумен қиырдағы Қара­­бұлақ бөлімшесіне 50-жылдары Украинаның Карпат тауларынан жер аударылған отбасының бұл ауылдан аттап шығуға рұқсаты жоқ. Ескі-құсқымен қоршап тастаған дауалынан қораның іші көрінбейді. Шашылып жатқан тас-темірден құрастырған ауыл ішілік кө­ліктері бар. Сонысымен тұрғындардың ұсақ-түйек заттарын тасымалдап нәпа­қаларын табады. Көршілерімен де араласа бермейді. Оларға де көп ешкім жоламайды. Өзі «шпион», ал жұбайы «шпионның әйелі», балалары «шпионның балалары» атанғанына да құлақтары үйренісіп көнген. Солардан қолғабыс сұрамақ. Құдайы сөзін айтып, жалынып көз жасын төккен. Тасты да ерітер сөзден соң «шпионның баласы» әке­сінің сан мәрте ескертулеріне басын изей-изей рульге отырды. Даңғырлаған көлік­тің сиқы қолдан жиналған моторлы арба іспеттес.

Жапон келін де үйіне жүгіре жетіп, сәбиін орап тездетіп кө­лікке мінді. Жаң­быр түнімен тын­бай сіркіреген. Көше бос. Дала көңілсіз. Мал тұяғымен тақыр­ланған ауылдың шыға берісі жүректі жетімсіреткендей. Жарбұлаққа апаратын асфальт жолға көтеріліп, елу метрдей алға о­зғанда қиқулай жүйтки жеткен автоинспекцияның жүйрік «Жигулиі» айғайлап бақырсын дерсің. Қарабұлақтан аяқ басып аттап көрмеген «шпионның баласының» көздері жыпылықтап, жаны жаһанамға кеткендей болды. Машинаның құжаты да, жүргізушінің правосы да жоқ. Әкесін Сталин жендеттері жер түбіне қудалап тығып тастаса да, тірі жүрген­деріне шүкіршілік ететін баптистер. Міне, сол қыс­талаң өз басына түсті деп түйген «шпионның ұлының» қолдары дірілдеп, рульге ие бола алмай тыпыршып қалған. Көзді ашып-жұмғанша қиралаңдаған көлік биік асфальт жолдан ылдиға аунағанда жапон келін нәрестесін бауырына басқан. Сынған әй­нектен сүйретіле шыққан шопыр қан басқан бетінен көзін сүрте үйіне қарай сылти басып зырлаған. Жапон келін есін жияр-жимастан сәбиін шақырған. Маңдайынан саулай аққан қан баласының демін тыңдамаққа еңкейгенде нәрестенің көрпешесі қызыл қанға боялды. Шыңғырды, баласының демін естімеген соң жанұшыра айғайлап бір қолымен сәбиін құшақтап жер тізерлеп көліктен шық­ты. Сүйген жігітінің жетегіне жабы­сып сонау Владивостоктан жеті мың шақырым шалғайдағы жер түбіне жеткенде осындай қиындыққа тап боларын ойлады ма? Сәби мейіріне қанбаған ана, демі үзілген нәрестесін құтқаруға соң­ғы мүмкіндік қалды деген әйел заты­ның сиқыр сезімі бойына ерекше қуат беріп, серпіле көтеріліп асфальт жолға жүгіре шыққан. Қаз-қатар тізілген «Вол­га» автокөліктерінің колоннасы өзінен қиғаштай қашып жанынан зу ете түскенін байқады. Мең-зең. Дүние шыр айналып, көз алды қып-қызыл түске боянғандай. Көлік­тің сынған әйнектері аяусыз кескі­леген басы мен беті-қолынан қан сорғалап ағып жатқанын байқамады...

Бес «Волга» жүз елу метрдей озып ба­рып тоқтаған. Үкі­меттік ресми деле­гацияның басшысы Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ама­нолла Ғабдолхайұлы Ра­ма­за­нов кө­ліктен жылдам түсе жетіп маң­дайынан си­пағанын да сезбеген. Облыс бас­шысының пәрменімен аудан бас­тығы­ның «Волгасына» мініп Мақан­шыдағы ор­талық емханаға жеткі­зілгенде есін жиған.

Облыс басшысы сол күні КОКП Орта­лық Комитеті, Бүкіл­одақтық Кәсіп­одақ және Комсомол органдарының ауыс­па­­лы Қызыл Туын кезекті рет жеңіп алған Еңбек Қызыл Ту орденді «Жар­бұлақ» асыл тұқымды қой совхозына алып келе жатқан беті екен. Бұған қоса Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы Леонид Брежнев пен Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қолдары қойылған Құрмет грамотасын тапсыру да міндеттелген. Таяуда ғана Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалған Аманолла Рамазанов орда бұзар отызынан биліктің тізгінін тартып келе жатса да құдайына қараған, дініне берік жан еді. Төбесінің қақ төріндегі қос бастығының тапсырмасын орындауды бір аптаға шегеріп, көлігін кейін бұрып Семейге қайтқан. Рамазановтың сол сәтте айтқан «қаннан аттап, қонаққа бара алмаймын» дегені аталы сөзге айналған.

Мақаншыдағы аудандық ем­ханадан шыққан соң жапон келін сәбиін жерлеген қорымда күйеуімен кеш батқанша тапжылмай ұзақ тұрған. Содан кейін оларды көрші екі ауылдан ешкім көрмеген де, кездестірмеген. Біреулер Семейге кетіпті деген... Обкомға қызметке орналасыпты деген сөз де шыққан... Сосын бәрі жапон келінді мүлдем ұмытқан.

Сол уақиға өтісімен көп ұза­май «Қара­бұлақ» совхозына Өнер Смағұлов деген отыз­дың ортасындағы жас азамат ди­ректорлыққа бекітілді. Өнер­дің та­ғайын­далуымен ұзақ жыл­дар қаржылай көмексіз билік­тің көзінен тасада қалған қара­бұлақтықтардың бағы жан­ды. Тасы өрге домалады. Соның сырын кітабыма мағлұмат жина­ғанымда «Жарбұлақты» ширек ғасыр басқарған Рақымғали Төлеу­беков айтқан.

– Жыл сайын сіздің шаруа­шылық табатын 2 млн рубльден астам таза пайда мөлшеріндегі қаржыны Үкіметтің ортақ қазанына қосасыздар. Ауылымызға үшінші үш қабатты мектеп керектігін жоғары жаққа жылдар бойы айтып жүріп, соны биыл ғана шешіпсіз. Біз мектепте жүрген он-он бес жыл бұрын сол қажет еді-ау, – дегенмін.

– Мен директор болғалы отыз-қы­рық миллион рубльді ортақ қамбаға құй­дық. Алғашқы жылдары соның қайда жұм­салатынын білмейтінбіз. Мына жет­пісінші жылға дейін бөлімшеміз болған «Қара­бұлақ» совхозына он жыл бұрын Өнер Смағұлов бауырым директор болып келген соң, облыс басшысы Аманолла Рамазанов біздің қаржыны сонда бұрып берудің жолын тапты. Өнер бауырым да іскер екен. Алматыдағы Қонаевтың мон­шасының көшірмесіндей кіш­кентай «Арас­анды» салды. Ауыл­дағыларға аптасына екі күнге автобус бөлдірдім, сон­да барып жуынады. Екі қабатты универ­магтың (қазіргіше супермаркет) бірінші қабатында азық-түлік, екіншісінде киім-кешек. Біз армандап жүрген мектеп, машина жөңдеу стансасы, мәдениет сарайы, балабақша, тұрмысқа не қажет, бәрін салып тастады. Мәскеуге КОКП съезіне делегат болғанымда іргесіндегі миллионер совхоздарына экскурсияға апарғанда көргенімнің бәрі бүгін Қарабұлақта тұр. Адал бастық ақшаның күшімен бәрін жасай алады. Жарбұлақтық еңбеккерлердің маңдай термен тапқан таза табысы ғой көршілеріміздің игеріп жатқаны, несібеміз адамы аралас, қойы қоралас қарабұлақтық бауырларымыздың игілігіне жарасын, – деген.

1998 жылы Қазақстан Үкіметі Семей қаласында жаңа аспалы көпір құрылысын бастауға шешім шығарды. Көпір құры­лысымен жапондық «Аячай» фир­масы айналысқаны аян. Екі ел арасындағы келісімге қарай, Жапо­ния мемлекеті кө­пір құрылысына 165 млн доллар бөлді. Сол кезде Семей облысы таратылып, әкімдікте қызметте істеген жапон келін көпір құрылысын бастаған жапондық компанияның департамент директоры қызметіне орналасады. Қарабұлақ пен Жарбұлақтың жұрты арада жиырма жылдай өткенде «жапон келінді» ұмыт­пастай уақиғада соңғы рет көрген.

Қазақ жігіті мен жапон қыздың махаб­батының жемісі періште сәбидің көрер жарығы сөнген дәл сондай қоңыр күздің ақ жауыны тоқтамай сіркіреген көңілсіз күні қап-қара Toyota Land Cruiser 100 Қара­бұлақтағы қара жамылған ша­ңырақтың ауласына тоқтаған. Бұл марқұм күйеуінің жалғыз інісінің жерлеуіне келген жапон келін еді. Өзі секілді жарынан жастай жесір қалған абысынымен жоқтасып көңіл айтылып, көз жас тыйылып сабырға келеді. Қорымға барып құран оқытып қайтқан соң, ауылды дәу джипімен арлы-бері екі-үш рет шыр айналған жапон келін жерлестерін жиып алып, өксіп жылап, өкпе-назын тоқтай алмай төгіп-төгіп айтыпты деседі...

«Қарабұлақ шағын қала еді ғой. Супер­маркет қайда, монша қайда, МТС қайда, мәдениет сарайы қайда, балабақша қайда... Мектепті ғана қалдырған екенсіздер. Бас­қасының орнында моланың белгісіндей төбешік... Осыларды салдыруға қаржы бөл­гізуге қанша жүгірдім. Облыс басшысынан мына аппақ жарық әлемге келсе де, дүние­нің дидарын көрмей кеткен періште сәбиім үшін естелік мұра деп жылап та, ұр­сып та жасатқан нысандарым еді. Енді балам да жоқ. Жарым да жоқ. Еліме еңбегім де елеусіз – құм мен тас үйілген. Олар 200 жыл тұра­тын сапалы ғимарат еді, жиырма жылға жеткізбей жұтып тастапсыздар. Балам үшін деген естелік те сәбиімнің моласындай төбешікке айналыпты...

Басу білдірген келіншектер қиын кезең­дегі жоқшылықта сол тұрмыстық мекендердің қаңырап бос, иесіз қалған соң біреулер кірпішін бұзып үй-қора салғанын, бала-шаға бетон монолиттерді уақтап арасындағы арматураны Қытайға асыратын саудагерлерге сағыз-сусынға айырбастағанын айтқан екен. Жапон келін соны естігенде өксіп жылапты, кө­кірегі қарс айрылып күрсініпті. Сосын бір бөлменің есігін тарс жауып алып, күн ұзақ тамақ та татпапты. Бұдан кейін еш­кіммен сөйлеспеген, ештеңе сұрамаған. Қай­нысының жетісін атқарған соң жапон келін абысынын үш баласымен көлігіне отырғызып Семейге тартып кетіпті.

 

Махат САДЫҚ,

журналист