Жиында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзі басқарып отырған мекеменің қызметіне тоқталып, кітапханалардың негізгі міндеті – білімді жинақтау, сақтау және беру екендігін баса айтып өтті.
− Бұл миссияның өзектілігі бүгінде күшейіп отыр. Адамзат келер күннен орын алар заңдылықтарды анықтау үшін тарихқа үңілсе, сол тарихты қамтитын баға жетпес ғылыми ақпаратты кітапханалар насихаттайды. Елбасы кітапханасы тарихи ақпаратты жинақтау мен сақтау тұрғысынан классикалық кітапханаларға жақын, − деді ол.
Ал елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет» деген сөзін айта келіп: «Бүгінде, әлем жаңа сынақтарды еңсеріп, оның ішінде пандемиямен күресіп жатқанда, адамның өзін дамытуға, жетілдіруге бос уақыты бар. Бұл жағдайда кітапхана – ізденуде көмекке келер бірінші құрал», − деді.
Сондай-ақ конференцияда Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясы (IFLA) және АҚШ-тағы Камарило көпшілік кітапханасы мен Канададағы Ванкувер көпшілік кітапханасының қатысушыларға құттықтау хаты оқылса, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасы бас директорының сыртқы байланыстар және көрме қызметі жөніндегі орынбасары Наталья Самойленко рухани-мәдени құндылығы мол басылымдарды электронды нұсқаға көшірудің маңыздылығын сөз етті.
Франция ұлттық кітапханасы халықаралық байланыстар бөлімінің қызметкері Жеральдин Шатлар мекеме қорында қазақ тілінде жазылған 130-дан астам әдебиеттің сақтаулы тұрғанын жеткізіп: «Кітапханамыздың мұрасын кеңінен таратуға мүдделіміз. Адамзаттың мәдени мирасын сақтау үшін біз әлем кітапханаларымен жұмыс істейміз. Осы орайда тәжірибемізбен, идеяларымызбен, озық білімімізбен бөлісуге дайынбыз», деді. Санкт-Петербургтегі Б.Н.Ельцин атындағы президенттік кітапхананың ақпараттық ресурстар директоры Елена Жабко «Ресейдің мәдени мұрасы: оны сақтау мен кеңінен таратудағы кітапханалардың рөлі» тақырыбында байыпты баяндама жасады.
Сонымен қатар жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Йиржи Шима (Прага), Түркия ұлттық кітапханасы баспасының бас директоры Али Одабаша (Анкара), Эстония ұлттық кітапханасы халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Мари Каннусаар (Таллин), Беларусь Республикасы Жазушылар одағы (Минск) төрағасының орынбасары Елена Стельмах, М.И.Рудомино атындағы шетел әдебиеті кітапханасының (Мәскеу) бас директоры Павел Кузьмин, «Қаржы жаңалықтары» словакиялық интернет-басылымының бас редакторы Владимир Бачишин және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет пен публицист Сәдібек Түгел қатысып, кітапхана саласы туралы өзекті ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.