Тарих • 26 Қыркүйек, 2021

Пяндж өзеніндегі ерлік

516 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Өмір, шіркін, сынаптай сырғып өтеді. Көп нәрсе ұмытылып жатады. Тәжікстандағы азаматтық соғыстың аяқталғанына да аз уақыт болған жоқ. Әйтсе де, Раджан Батырханов қабырғадағы портретінен бізге бәз-баяғы жас қалпында көз тастап тұрған сыңайлы. Оның анасы, бауырлары мен мектептегі кезінде тай-құлындай тебісіп өскен достары, туған өлкесі Катон-Қарағайдан шығып, күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі «ыстық нүктені» иық тіресе жүріп бірге қорғаған жауынгерлер арамызда жүр.

Пяндж өзеніндегі ерлік

Шекара шебінде

Кіші сержант Раджан Батырхановтың ер­лі­гі ел жадында. Батыр-шекарашы тұр­ған, білім алған ауылдағы жалпы білім беретін мектеп, Катон-Қара­ғай­дағы көше және Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасы бүгінде оның есімімен аталады.

Раджан өр Алтай өңіріндегі таби­ға­ты таңдай қақтыратын, таза ауасы тынысыңды ашатын шағын Катон-Қарағай ауылында туып, кәмелет жасына жеткенше тұрды. Бұл өңірдің тұмса табиғаты мен өсімдік әлемі, табиғи бақтары мен қарағай, балқарағайға толы алқаптары көз сүйсіндіреді. Барқыт бел, жасыл желегі теңдесі жоқ сұлулығын паш етіп тұрғандай. Құм басқан көне қазыналарымен құнды мекеннің қай төбесін қазсаң да мәдениеттің ошағына айналғанын анық аңғарар едіңіз. Осы­ның бәрі қазақ жігітінің жігерін қайрап, қанатын қомдады. Мінезінен де, салған суреттерінен де (ол кішкентай кезінен сурет салуға құмар болды) тазалық пен асқақтықты байқайсыз.

Раджан бала күнінен әділдікке ұмты­лып, жұрттың бәріне әркез қолдау көр­сетуге әзір тұрды. Қатарластарының бәрі­мен бірдей дос еді. Төбелеске жоламаса да өзін ешкімге басындырған емес. Жерлестері оның ұстамды әрі тәрбиелі болғанын айтады. Көп оқыды. Ағалары кейде ауылдан шарқ ұрып іздеп таппағанда кітапханаға барады екен. Кітаптың қызығына түскен Раджан сонда уақыттың қалай өткенін сезбей қалатын көрінеді.

Мектепте оқып жүргенде-ақ ол шекарашы офицер болуға бекінген. Бұл оның үлкен арманы еді. Ержүректігі мен адалдығын осы қызметте көрсеткісі келді. Жатса да, тұрса да ойында шекара тұрды. Жолақ қоршау, қырағы назардағы тыныштық, шекарашылардың айбарлы жүзі, мұздай қаруланған арам пиғылдылар, түнгі қарбалас, атыс... Әркез көз алдына осы картина келетін. Ойша міндетті түрде жауын қуып же­теді. Басқаша мүмкін емес. Өйткені шека­ра шебі сенімді жігіттердің қолында емес пе?! Олардың арасында, әрине, Раджан да бар. Иә, бала қиялы неткен жүйрік десеңізші?!

Уақыт өтті. Алтын ұямен қоштасар сәт те жетті. Жас түлек барлық емтихан­нан сүрінбей өтіп, шекара учили­ще­сіне оқуға түсуге дайындалып жүр. Маң­дайына жазылғаны шығар, училище курсанты болу бұйырған жоқ. Раджан мектепте озат оқушы болғанының арқасында оқуға түсу емтихандарын сәтті тапсырар еді. Дене шымырлығы жөнінен де ешкімнен қалыспады. Бокспен айналысты, волейбол ойнауды өте жақсы көрді. Гір тасы, штангасы мен гантелі де гаражда шаң басып жатпайтын. Алайда Алматыға келіп жеткені сол екен, аяқ астынан ара шағып, аллергиясы қозып, ауырып қалды. Дертінің беті қайтқанда бәрі кеш еді. Сөйтіп, Рад­жанның жолы болмай, ауылына орал­ған.

1993 жылы мамырда бозбала шұғыл түрде әскерге шақырту алды. Отан алдындағы азаматтық борышын Күршім шекара отрядында өтеді. Арманына осылай қол жеткізді. Раджан авторотада көлік жүргізушісі болып, тыныштыққа іріткі салғандарды ит жетектеп қумаса да, оның камуфляжына да жауынгер тері сіңді.

Әскери қызметтегі бір жылдан кейін бө­лімде Тәжікстандағы ТМД-ның сырт­­қы шекарасын күзететін команда іріктелді. Раджан тізімге өз еркімен жазылды. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Керісінше, сондағы күрделі жағдайда өзін сынағысы келді. Оның үстіне, Отанымыз ол кезде елжанды ұлдарға зәру еді. Раджан осылайша отқа оранған өлкеге баруды міндет санады.

Тәжікстандағы жауынгерлік іс-қи­мыл­дарға дайындықтан өз бөлімінде өтті. «Есте сақтаңдар. Бұл сендерге Пяндждағы шекарада қажет болады», деп ескертті тәжірибелі тәлім­гер-офицерлер. Олардың көбі Ауған­­стандағы соғысты бастарынан өт­кергендіктен, өздерінің айтқан сөз­дерінің парқын жақсы білді.

Үздіксіз жаттығу, талай шақырымға созылған жүгіру, атыс алаңындағы ше­берлік, саяси сабақ бәрі артта қал­ды. Душанбе әуежайының қайнаған ыстықтан қызып тұрған ұшып-қону алаңы кезекті Күршім ротасының шекарашыларын қабылдады.

Раджан Батырханов ең әуелі Душан­бенің маусымдағы сағым ойнаған аптабымен және жан-жақтан төнген жартылай әскери киімдегі қаруланған адамдармен бетпе-бет келді. Содан кейін «Кеврон» комендатурасы мен шекара заставасы орналасқан Калай-Хумбке апарар ұзақ жол күтіп тұрды. Шығыс Қазақстаннан шыққан жиырма жастағы ауыл баласы сол жерде шекара шебін қорғауға тиіс еді.

Жаңа өмір, өзгеше қызмет басталды. Бәрінен бұрын жағдайға қарай ауысып отыратын ережелерді ескеру қажет. Оның біріншісі – қаруланбаған боп көрінсе де ешқашан қарсыласқа арқаңмен бұрылмау. Әлбетте, жергілікті тәжіктер жау болған жоқ. Бірақ елден маза кеткен кезде өзіміз немесе өзге деп бөліп-жару мүмкін емес-ті. Мұнда құрамында әртүрлі ұлт өкілдері барына қарамастан, «Қазбат» аталған бітімгерлер өңеште тұрған сүйектей болды.

Қазақстандық бітімгерлерге өздеріне бекітілген шепті жай күзету ғана емес, қолдарына қару алып қорғауға тура келді. Олардың тылында тәжік кландары билікке таласып жатты. Ал алда моджахедтері кез келген минутта шекараны кесіп өтуге дайын Ауғанстан жатты. Содырлар шекараның қаншалықты беріктігін ұдайы сынап көріп отырды. Пяндж өзенінің ауған жағындағы жағасында тәлібтердің үлкен күші шо­ғырланды. Шекараның көптеген учас­кесінде әскери қақтығыстар болуы үйреншікті оқиғаға айналған.

Бірақ содырлардың тұтқиылдан тап беруі ғана қауіп тудырған жоқ. «Қаз­баттың» әскери қызметшілері наркотра­фик қысымына да қарсы тұрды. Ал есірткі бизнесінде қатал да аяусыз «ойын» жүрді. Оның ішінде шекара ай­мағында тіршілік ететін тәжіктерді ғана емес, бітімгерлерді де тұтқынға алу, оларды Ауғанстан территориясына алып кету және туған-туыстарына өз талаптарын қою да бар.

Раджан мен әскери қызметтестері үшін Тәжікстанмен шекараны кесіп өтісімен-ақ қызмет әдеттегідей болудан қалды. Мұнда оларды қатал өмір мектебі күтіп тұрды. Сәл босаңсысаң немесе шалыс қадам жасасаң, шаруаң бітті дей бер.

Күркіреп аққан Пяндж өзеніндегі тіршілік жағдайы қолайсыз-тұғын. Жеке құрам блиндажда тұрды. Ауа температурасы елу градустың маңында. Таулы аймақта өмір сүрген Раджанның өзіне де алғашқы кезде ауа жетпей, тыныстау қиынға соқты. Бірақ бертін өте келе жас ағза оған да үйренді.

Уақыт мұнда баяу өтіп жатты. Тә­жік-ауған шекарасына тек «дембель» дәрежесіне жетуге шақ қалған­дар ғана жіберілетін. Алайда сарбаздар Тә­жікстанда келісімшартта көр­се­тіл­гендей үш ай емес, алты ай болды. Сондықтан шекара сақшыларының қай-қайсысы да отбасын қатты сағынды. Раджан анасын жиі ойына алатын. Ол ұлының қайда екенінен бейхабар болатын. Қайда кетіп бара жатқанын тек әпкесіне ғана айтқан еді. «Үнсіз кеткенім, сізді сарыуайымға салғаным үшін кешір мені, анашым! – деп, Раджан ең жақын адамымен ойша сөйлесуші еді. – Көп ұзамай ораламын. Шамалы ғана қалды...».

Сол бір зұлматты күні застава жауын­гер­лері Қазақстанда өздерін ауысты­ратын рота дайындалып жатқанын білді. Ендеше, «дембельдер» үйге қай­татын күн жақын. Раджанның да, өзге қыз­меттестерінің де көңіл күйлері көте­ріңкі. Сарбаздар үлкен қазан мен ет тауып, жақсы жаңалықты кешке палау басып атап өтпекші болды.

Алайда тағдыр жолы басқаша өрілді.

 Тек сен ғана ұрыстан оралмадың...

Сол күні Хаким бандасының қару­ланған 200 содыры Висхарв шатқа­лындағы 5 және 6-шы шекара заста­ва­ларының түйіскен аумағына басып кірмек болды. Олардың жолында 38 қа­зақстандық және ресейлік шекарашы кесе-көлденең тұрды.

Тоғыз жүк көлігіне мінген содырлар Калай-Хумб ауданының орта­лы­ғы арқылы мемлекеттік шекара бо­йындағы Хорог бағытына қарай жүрді. Мақсаттары – Ауғанстан ислам мем­лекетіне өту. Содырлар Калай-Хумб қыстағынан шыға салысымен қалай болса солай оқ жаудырды.

Шекаралық комендатура гарнизоны «Шайқасқа!» деген командамен өре көтерілді. Комендант 5-ші шекара заставасының бастығына колоннаны резервпен тоқтатуды бұйырды. Шекара заставасының бастығы лейтенант Без­весельных колоннаны тоқтатып, өзінің орынбасары лейтенант Селюкті содырлармен келіссөз жүргізуге жі­берді. Алайда олар офицердің өзіне тап беріп, оны кепілдікке алғандарын жариялады. Содырлар колоннаның одан әрі кедергісіз жүруін талап етті.

Шекара заставасының бастығы офи­церін құтқарып, қыстақтағы (шекара заставасы қыстақтың шет жағында ор­наласқан) кінәсіз адамдардың өліміне жол бермеу үшін қарсы тараптың талабына келісті. Колоннаның жүруіне рұқсат берді. Бірақ лейтенант босатылғаннан кейін коменданттың тапсырмасын орындауды жалғастырды.

Содырларды қуғындау шарасын лейтенант Селюк бастаған шекарашылар тобы жүргізді. Оның құрамында Күршім шекара отрядының әскери қызметшілері болды. Ұрыс басталған соң Хорог шекара отрядындағы «Кеврон» шекара заставасының әскери қызметшілері кө­мек­ке келіп жетті.

Содырлар «Висхарв» бекетінен ұзап кете алған жоқ. Висхарв шатқалына жеткен соң олардың Джума бандиттерімен әлдене туралы келіссөз жүргізгені бел­гілі болды. Әрі қарай олардың алдарында ені өте тар көпір бар еді. Одан аса сақтықпен өтпесе болмайтын. Содыр­лардың алға жылжи бергендері сол еді, шекарашылар да қуып жетті.

Іңір байланып, жағдайды күрде­лендіріп жіберді, бірақ шекара сақшы­ларында таңдау жоқ еді.

Содырлардың екіге бөліну ниеті болған. Алайда шекарашылар олардың ойларын іске асырмады. Лейтенант В.Селюк кіші сержант Р.Батырхановпен бірге содырларға қарай жақындап, олар­дың машиналардан кетіп, қаруларын тас­таулары қажеттігін хабарлады.

Ал жеке құрам екі топқа бөлініп, шайқасқа дайындықты бастап кетті. Селюк пен Дмитришиннің басқа­руын­дағы топ тура жолдың үстінде қалып, жеке құрамның тең жартысы аға лейтенанттар Федоров пен Неждановтың басқаруымен жоғары жаққа, жақын маңдағы шоқыға шығуға талпынды. Таудағы соғыс кезінде «кім жоғарыда –
соныкі дұрыс» принципі әрдайым сенімді. Жауынгерлер ол шоқыда Джума бандасының позициясы барын білген де жоқ.

Содырлар арасынан колоннаның соңына шыққан «қара араб»:

– Тоқтаңдар, келісейік! – деді айғайлап.

– Келісім аяқталды! – деді Селюк.

– Ендеше, соғысамыз ба? – деп сұрады жалдамалы.

– Соғыс! – деді лейтенант.

Жауап ретінде содырлар қолдарында бар барлық қарудан оқ жаудырды.

Шоқыға атойлаған жауынгерлер Джума содырлары күтпеген жерден олар­дың позицияларына секірді. «Са­қал­дылармен» бірінші болып бетпе-бет келгендер – қатардағы жауынгер Большаков пен сержант Ахметов.

Жаратылысынан мықты Большаков қоян-қолтық ұрысқа көшті. Қарсы келген содырдың есін жидырмастан, пу­леметін тартып алды. Ол қаша жө­нелді. Арық болса да шымыр әрі епті Ахметов бір содырды тақап атып, оның позициясын иеленді. Іле шоқыға Федоров тобының қалған жауынгерлері де жүгірді. Ал Джуманың бандиттері позицияларын тастай қашты. Алексей Федоров содырларға тиесілі көліктердің бірі (онда Хаким отырған екен) көпірден өтіп, жоғары жылдамдықпен бой тасалаған. Оның ізін ала тағы бір көлік көпірге шыққан.

– Олжабаев, ат! – деп бұйырды Федоров гранатаатқыш ұстаған сар­базға. «Көңілді» деген лақап есімі бар, «Алексеевка» шекара комен­датурасының өкілі, қатардағы жауынгер Олжабаев бұйрықты бұлжытпай орындады. Алайда граната жоғары қа­рай жаңсақ кетті. Жауынгер келесі жолы дұрыс көздеп, атқанда «ЗИЛ» отқа оранды.

Кіші сержант Батырханов төменгі жақта бетон жол қоршауын тасалап, қарсы тарапқа қарай көздеп оқ жаудырып тұрған. Ол содырлар тобы­ның жотаның тасасымен біздің ше­карашылардың алдын орағытып, ту сыртынан пышақ ұруға ыңғайланғанын байқап қалды. Раджан дереу автоматтан мергендікпен оқ атып, олардың жолын кесті. Нәтижесінде, 5 содырды жайратып салды.

Оның сенімді қорғанысқа ығысып, кейін шегінуіне де, оқ жетпейтін өзенге сырғып түсуіне де болатын еді. Бірақ Раджан олай істеген жоқ. Содырлардың негізгі соққысын өзіне алып, батырлық үлгісін көрсеткен кіші сержант аяғынан жараланды.

Бұл сәтте жолдастары жаралы қару­ластарына көмек қолын соза алмады. Тек лейтенант Владимир Селюк ретін тауып, Батырхановқа жетіп, қарша бораған оқ астынан алып шықты. Алайда ол көп қан жоғалтқандығының салдарынан есін жия алмай, көз жұмды.

Міне, осылай Раджан Батырханов өшпес ерлік жасады. Қарулас жолдас­тарының амандығы үшін өзін құрбан етті.

Куәгерлердің айтуынша, нақ осы кіші сержант Батырханов шайқастың сәтті өтуіне ықпал етті. Ол болмаса, біз­дің тараптың жеңіске жетуі неғайбіл еді. Лейтенант Селюктің тобы гранатамен қаруланған содырлардың күтпеген жерден, тап бүйірден шығып жасайтын шабуылына тойтарыс бере алмас еді. 20-25 минуттан кейін жеткен резервтің өзі де құрылған тұзаққа түсер еді.

Раджан әскери тапсырманы орындау жолында аянып қалған жоқ. Комендатура резервтерінің алға жыл­жуы мен оңтайлы орын тауып, Хаким содырларының қимылына нүкте қойып, Висхарв шат­қалынан шығар жолды иеленуін қам­та­масыз етті. Ол батырға, Қазақстан Ше­ка­ра қызметіндегі ержүректік пен ер­лік­тің символына айналды.

Бұл шайқасқа Күршім шекара отря­дынан взвод командирі лейтенант Дмитришин және батальонның ме­ди­­циналық көмек пунктінің бастығы аға лейтенант Хакимов бастаған 29 шекарашы қатысты. Екеуі де жарақат алды. Біріншісі контузия алса, екіншісіне оқ тиген. Қазақстандықтар қуғындау тобының бастаушы көлігінде отырған. Шайқасқа бірінші болып кірген де солар.

Шекарашы қазақстандықтар өте са­уатты, ұтымды әрі байсалды қимылдады. Бәрі де ерлігімен ерекшеленді. Мысалы, қатардағы Олжабаев оқ қоры тау­сылғанда жаудан алынған снарядтармен қол гранатаатқыштан оқ жаудырды. Қатардағы Кулемин содырлар позициясына бірінші болып басып кіріп, оларға оқ жаудырды. Шайқас кезінде жаудың көптеген қару-жарағын олжалады. Қатардағы Жапаров жараланған сержантты мергендікпен оқ атып, қорғады. Қатардағы Кадырбаев алғашқылардың қатарында кіші сержант Батырханов атқан оқ ату нүктесіне көтерілді. Мұнда жаудан қалған пулемет лентасын пайдаланып, дұшпанға өз пулеметінен оқ боратуды жалғастырды.

Бұл зұлматты шайқас аяқталғанмен, жанған автокөліктер көпке дейін жан-жақты самаладай жарық қып тұрды. Застава жауынгерлері мен қазақстандық взвод бұйрыққа сәйкес позицияны ауысымшыларға өткізіп, өздері төменде жиналды. Комендант қазақстандық батальоннан бір атқыштар взводын, маневрлік топтың жеке құрамын тартып, шатқал күзетін ұйымдастырды. Комендант көп ұзамай заставаның жеке құрамы мен Күршім взводын «Кевронға» жөнелтті. Олар қаза тапқан жауынгер мен тұтқында болғандарды бірге алып барды. Тұтқынға түскендер Тәжікстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері болып шықты. Олар шілде айының басында Памир тұсында содырлар қолына түскен екен. Араларында жаралылар да бар болып шығып, біреуі іле көз жұмды.

Раджанның зұлматты шайқасы осылай аяқталып, он тоғыз жастағы қазақ жігіті мәңгі өшпес даңққа бөленіп, бақи­ға аттанды.

Шығыс Қазақстан облысы Катон-Қарағай ауданының тумасы, шекарашы кіші сержант Р.Батырханов «Халық Қаһарманы» атағына ұсынылғанымен, ол белгісіз себеппен берілмеді. Қазақ­стан Республикасы Президентінің Жар­лы­ғымен ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғаудағы ержүректігі мен ерлігі үшін марқұм ІІ дәрежелі «Айбын» ор­де­ні­мен марапатталды. Награда Шы­ғыс Қа­зақстан облысының Катон-Қарағай ауылдық клубында батырдың анасына табыс етілді. Раджанның оны­мен амандықта қауыша алмағаны өкі­нішті-ақ...

Шайқас нәтижесі: Хаким содыр­ла­ры­ның тобы талқандалды: 32-сі өлім құш­ты, 4-еуі хабар-ошарсыз кетті, 1-еуі тұт­қындалды, 50-ге жуығы жараланды, 9 жүк көлігінің 7-еуі жойылды.

Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері құрамынан 1994 жылғы шілденің соңында содырлар қо­лына түскен 12 тұтқын (олардың қа­­тарында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы, подполковник Карпухин бар) босатылды. Со­дыр­­лар қатарында тұтқындағы әскери қыз­­­метшілер барын біздікілер білген жоқ. Ал олардың саны 40-тан астам еді. Қалғандарының тағдыры белгісіз. Өкі­ніш­ке қарай, кінәсіз төрт азаматтық жүр­гізуші мен қыстақтың екі тұрғыны құр­бан болды.

 

Бекзат МОЛДАХМЕТОВА,

 аға лейтенант