Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, ақын шығармашылығы хақында сөз сөйледі. Еліміздің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі жайында айтып өтіп, «Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің есімі ел арасында ерекше құрметпен аталады. «Арайлы көктем», «Тағдыр жыры», «Сағынышым – теңіз», тағы да басқа еңбектері қалың оқырманға кеңінен таралды. Еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары деңгейде бағаланып, «Парасат» орденімен, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығымен, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медальмен марапатталды. Ақын тынымсыз еңбек пен адамгершілік қасиетінің арқасында халқының қалаулы тұлғасына айналды», деп атап өтті.
Шөмішбай Сариев «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Ұзақ уақыт М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек еткен жылдарда ғалымдық қырынан танылды. Ғылыми ортадағы зерттеулері, ізденісі хақында ой бөліскен осы институттың ғылыми қызметкері, белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш ақын шығармашылығын ғылыми қырынан аша түсті. «Жас кезімде «Жұлдыз» журналында, кейіннен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бірге жұмыс істеу құрметіне ие болдым», деп атап өткен Нұрдәулет Ақыш ақынның поэзия әлемі туралы «Поэзия сөздің патшасы» еңбегінің қазақ филологиясында өзіндік орны бар екендігіне тоқталды. Шөмішбай Сариевтің «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» кандидаттық жұмысы, «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» монографиясы туралы сөз қозғағанда оның зерттеушілік қырының тереңдей түскенін аңғарамыз. Махаббат, табиғат, отансүйгіш сезімдері туралы әндерге қалам тарта жүріп, филология ғылымдарының кандидаттығын қорғап, қазақ поэзиясын зерттеуге зор үлес қосты. Сөз құдіретіне, поэзия әлеміне терең бойлаған қаламгер ретіндегі оның шығармалары бүгінде қалың оқырманға кеңінен танылды.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып салтанатты бұл шараны ақын рухына ғана тағзым ету емес, бүкіл қазақтың әдебиетіне, өнеріне көрсетіліп отырған құрмет екендігіне тоқталды. «Шөмішбай Сариевтің саналы өміріндегі ең бірінші қыры – ақындығы. Арал өңірінде дүниеге келіп, аудандық «Толқын» газетінде еңбек жолын бастап, Қазалы аудандық газетінде жұмыс істеп, Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен Шөмішбай ақын қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында «Соғыстан соңғы туғандар» деген атпен келген керемет толқынның өкілі», деп еске алды. «Сол толқынның ішінде Жарасқан Әбдіраш ағамызбен бірге Шөмішбай Сариев қазақ әдебиетінің табалдырығынан есте қаларлық ерекше поэзиясымен аттаған болатын. Қазақ даласы қаншалықты бай болса, қазақ поэзиясы да соншалықты кең палитралы. Сондықтан да әрбір қазақ ақыны көкке көтеріп, мақтауға тұрарлық. Шөмішбай Сариевтің алғашқы кітаптарынан поэзияның кереметтей лебін көрген Әбділда Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов ақын шығармашылығына ерекше баға берген болатын. Бүгінде мыңнан астам әннің сөзін жазған Шөмішбай Сариев аға буыннан кейінгі жолды жалғап, қазақ әнін, үнін, поэзиясын әлемге таныта білді», – деп атап өтті Бауыржан Жақып.
Шөмішбай Сариевтің шығармашылықтағы інілерінің бірі, композитор Бейбіт Оралұлы «Өнерде – аға, өмірде дос болдық» деп еске алды. Тағдырының Шөмішбай Сариевтей тұлғамен тоғысқанына ризашылығын білдіре келіп, алғаш танысқан жылдарды, Шөмішбай аға шаңырағындағы, ол кісінің жары Жұмагүл Сариевамен кездесулерді толғана еске түсірді. Шығармашылық бірлестікте өмірге келген әндер тарихына тоқталып, Шөмішбай Сариевтің терең де, мағыналы поэзиясынан ой толғады.
Ақынның қаламынан туған «Сол бір кеш», «Ғашықтар жыры», «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Ғашықтар жыры», «Бозжорға», тағы да басқа көптеген өлеңдері тыңдарманның жүрегінен терең орын алды. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева орындаған «Айналдым сенен, Атамекен-ай» әні еліміз ғана емес, шартарапқа тарағаны мәлім. Бүгінде бұл әнді тыңдамаған қазақ кемде-кем. Сонау атамекеннен жырақта жатқан қалың қазақтың жүрегін шымырлатып, елге деген сағынышына сеп болды. Талай қазақ осы әннің әсерінен кейін елге оралғанын естіген едік. Ақын әндеріне, шығармашылығына деген сағынышымен бөліскен Роза Рымбаева өзін бақытты әншімін дейді. Өйткені «Шөмішбай Сариевтің қаламынан туған өлең-жыр ерекше сезіммен жазылды. Оған дәлел ретінде халық арасына кең таралған «Аралдан ұшқан аққулар» әнін айтсақ та жеткілікті. Ал «Атамекен» әнін білмейтін қазақ жоқ. Сондықтан қазақ халқы бар кезде Шөмішбай Сериевтің өлең-сөздеріне жазылған әндер ұмытылмайды», деп атап өтті әнші.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова ақынның өмірінде, шығармашылық қарыштауында Жұмагүл Сариевадай адал жарының еңбегі зор деп атап өтті. Қай кезде де кейінгі толқынға ағалық қамқорлығын, кеңесін аямаған Шөмішбай Сариевтің тұлғасы ұмытылмайды. Жуырда көрерменге жол тартқан «Тұлғалар қайтып барады» әніне түсірілген бейнебаян осыған дәлел.
Ақынмен бірге студенттік шағы өткен жазушы-журналист Дәулет Сейсенұлы қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан тұлғалар ішінде Шөмішбай Сариевтің орны бөлек дей келіп, ақынның поэзиясы, ғылымдағы жолы туралы еске алды.
Бүгінде «Ән әлемінде қалықтаған қыран», «Қос қанатты ақын» деп өнерсүйер қауым тебірене еске алатын ақынның артында мол мұрасы қалды. «Балдәурен», «Сүйінші» жинақтарымен қатар оннан астам еңбектері, өлең-сөздері жүректерден орын алған Шөмішбай Сариев жайлы естеліктер әлі айтыла береді.
АЛМАТЫ