Бұл Юрий Левитанның дауысынан ешқалыспайтын, есімі аңызға айналған ақын Жамбыл Жабаевтың күй дауысы еді. Асылында ақын домбырасының бұл дауысы Левитанның соғыс басталған күнгі үрейлі дауысына қарсы оғаш және ұлттық дауыспен тарады.
Тарихи тамыры терең осы ұлттық дауыс Кеңес жауынгерлерінің ерлік еңсесін бекемдей түсті. Ленинград қаласы үшін сынбайтын рухани таяныш болып, тізе бүгуге жол бермейтін рухани қорғанға айналды. Әсіресе, ол Орталық Азиядан майданға аттанған жауынгерлерге айтып жеткізгісіз деңгейде рухани медеу беріп, жауынгерлік сеніммен соғыс өртіне батыл кіруіне себепші болды. Ақын дауысының жаңғырығы сиренададан да қатты естіліп, қала қоршауынан өтіп, әлемді кезді.
Шынымен де, Жамбыл Жабаевтың поэтикалық дауысы қоршауға алынған аш-жалаңаш Ленинград халқына ыстық нан ұсынғандай көрінді. Қоршаудағы халық ақынның орыс тіліне аударылған қағаздарын қабырғалар мен қақпаларға жабыстырып, толтырды. Жамбылдың жалынды жырларын радиолардан естіген халықтың арман-үміттері еселеп артты. Бұл дала дауысы Кеңес халқын рухани тұрғыдан біріктірген еді. Неміс басқыншыларына қарсы қажымас және сынбайтын жауынгерлік рух сыйлады. Сол үшін бұл неміс әскери басшылығы үшін күтпеген оқиғаға айналды.
Бұл оқиға дәл 1941 жылдың күз айларында орын алған еді. Ол кезде Кеңес армиясы үлкен шығынға тап болып, көптеген жауынгері тұтқындалып жатса да, неміс басқыншыларына Мәскеу жанында қатты соққы береді. Фашистер Кеңес жауынгерлерінің жағымсыз бейнесін сомдау үшін тұтқынға алынған өзбек, қазақ, ұйғыр, қырғыздардан тұратын жауынгерлерді дереу жинауға кірісті. Олардың бас-аяқтарын әдейі кір, жиіркенішті етіп көрсетті. Киім-кешектері жыртылып, жұлым-жұлым болғанша күтіп отырды. Оларға тамақ та берген жоқ. Бұл аз дегендей, сарбаздар ең ауыр жұмыстарға жегілді. Кейбіреулерін бекерден-бекер ұрып-соқты. Лагерь күзетшілері тіпті оларды «адам баласы емес» деп балағаттады. Олардың ақсүйек немістерге ұқсамайтын адамдарды таңдағанының тағы бір себебі – сол болатын. Барлық жерде қайғылы жағдай өктемдік етті. Адам төзімділігінің шегі қайда? Ешкім бұл сұраққа жауап бере алмайтын...
Бір күні сол жерге кино таспасына тартатын бір топ адам жүк машинасымен кіріп келді. Тұтқындар жиналған камера есігі кең ашылды. Сөйтті де ақылдысымақ неміс офицерінің бірі олардың алдына жаңа пісірілген ақ нанды ортаға әкеліп қояды. Басқыншылар неше күннен бері аш қалған тұтқындардың нан үшін өзара таласып, бір-бірін қырып-жойғанын күтіп, таспаға тартып алуды көздеген еді. Олар әлемді жабайы және мәдениетсіз адамдар қаптаған деп түсінетін. Сондықтан дүние жүзін «тек нәсілі тұрғысынан жоғары бір халық басқарып, жаһандық тәртіп орнатуы ләзім» деген ұғымды үгіт-насихат ететін. Жаһандық тәртіп орнату үлкен идеологиялық мақсатқа айналған. Олар «адам емес, мақұлықтар» деген идеяларын тынымсыз айтатын және насихаттауды жақсы көретін. Бірақ фильм түсіру әсте мүмкін болмады. Жағдай олар ойлағандай болмады. Алдына қойған іс-жоспарлары тарыдай шашылып кетті. Көз алдында сынбайтын еңсе, ұлы рухани тәртіп көрініс тапты...
Аш сарбаздардан ешкім нанға жақындамады. Шулаған да жоқ, ешкім де өзара соғыспады. Бір кезде өзбек сарбаздарының бірі алдына сабырлы және тәкаппарлықпен қадам басып, нанның қасына келді. Қалғандары тыныштықпен шеңбер түзіп, бір-біріне иығын тіреп дөңгелене отырды. Ол қасиетті нанды қолына алып, оны сарбаздардың арасындағы үлкен бір кісіге ерекше сенім және құрметпен ұсынды. Өз кезегінде жасы жеткен кісі әлгі наннан кішкене үзіп алды да, сабырлықпен шеңберде отырғандардың арасындағы жас жағынан ең кішісіне берді. Ол барлығына тең бөліп берген соң барып, соңғы уағын өзі алды. Алайда жеуге асықпады. Нанды жеуден бұрын дұға оқылды. Содан кейін оны сабырмен жеуге кірісті. Сол мезетте олар түркі халықтарына тән зор мәдениет үлгісін көрсетті. Немістердің шыдамы таусылды. Қаһарланған залымдардың шыдап тұруы да мүмкін емес еді. Олар сарбаздарды бекерден-бекер ұрып, қинады. Уақыт өтіп, олардың барлығын атып тастады.
Бұл өз Отанынан рақымсыз күйде айырылып, әлемнің екінші бұрышында орналасқан Нидерланды өңірінде орын алған өзбек сарбаздарының ұмытылмас ерлігі еді. Қысқасы, неміс басқыншылары Жамбыл Жабаевтың Кеңес Одағында шыққан ақындық дауысына қарсы ұйымдастырмақ болған саяси ойыны жүзеге аспады. Орталық Азиядан келген жауынгерлердің жағымсыз бейнесі сомдалмай, масқара болып, көздеген мақсаттарына жете алмай әуре болды. Ақыр соңында идеологиялық тұрғыдан, психологиялық тұрғыдан жеңіліп тынды. Кеңес халқының ортақ бірлігі мен қажымас қайратына қарсы тұруға басқа амалы қалмай, қатты ойсырады.
Жамбыл Жабаевтың поэтикалық күй дауысының да міне сондай тарихи тамыры терең. Ол ғасырдан-ғасырға өтіп, жойқын тарап жатқан дала күй-дауыстарымен тікелей байланысты. Ежелгі дала дауысының жасырын сырлары да соған тамырлас. Ұлы шайқастар мен қорықпайтын арыстан жүрек батырлардың қаһармандыққа толы өмірлері жөніндегі естеліктер мен аңыздар халықтың ауызында сақталып, күй-әуен арқылы айтылатын. Тарихи мәліметтер мен дәстүрлерді есінде сақтайтын кісілер таңғаларлық тұлғалардан еді. Олар ақын-жыраулар, ғалым-философтар, сарбаздар, мемлекет және қоғам қайраткерлері – «жыраулар», яғни күйші-жыршылардан болатұғын. Мұндай кісілердің халық арасындағы беделі және адамдарға көрсететін әсері жоғары еді. Олар да дәстүрлі ұлттық әдет-ғұрыптарымен өзгешеленіп, өздерінің өнерін үнемі көрсетіп тұратын. Міне, сондай даңқты тұлғалардан Асан қайғы мен Қазтуған жырау қазақ тарихында айрықша бет ашты. Олар Шыңғыс хан империясы ыдырай бастағаннан бергі қазақ даласында етек жайған саяси-әлеуметтік дағдарысты тоқтату және халықты ұлы идеяларға жетелеу үшін биік мұнаралардан қаһармандық күй-жырларын айтып, ортаны дүр сілкіндірген еді. Халыққа рухани және материалдық медет берді. Соның нәтижесінде, жалпы халық тік тұрып, сыртқы дұшпандарға қарсы күш алды. Қазақ батырлары таңғаларлық ерліктерді көрсеткен. Асан қайғы мен Қазтуған жыраулар өз халқының басын біріктіріп, ойлаған армандарына солай жетті. Бұл дәстүрді кейінгі ғасырда Бұқар жырау дәйекті жалғастырды.
Жамбылдың ұстазы Сүйінбай да жас кезінен жырау болып танылып, әкесі сияқты жауынгер болып жетілген. Жамбыл да «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп ақындық өнерін адаспай жалғастырды. Жамбылдың «Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің!» деген бір ғана сөзі Кеңес халықтарын рухани қанаттандырды. Зерттеушілер бұл пікірдің арқа көрінісі бар деп есептейді. 1941 жылы Жамбылдың ұлы Алғадай соғысқа аттанады. Әрбір қазақ отбасы соғыс зардабын тартады. Ұлы шайқастардың бірінде ол ұл қаза болады. Бұл жағдай да Жамбылдың жүрегін азаптайды. Сондықтан ол соңғы шайқасқа да өзін атап қояды.
Кеңес жауынгерлері Жамбылды батыр деп таныды. Қазақ халқының қаһарман ұлы ретінде мойындады. Сондықтан ол Сталин сыйлығының иегері атанды. Ленин және Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Ақын құрметіне көптеген көшеге аты берілді, ескерткіштер орнатылды. Өлең-дастандар жазылды. Оның шығармалары көптеген шет тілдерге аударылды. Бүгінгі таңда да ақынның дауысы еш тоқтаған емес. Болашақта да солай болып қала бермек.
Алимжан ТИЛИВАЛДИ,
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор