Биылғы 27-28 қыркүйекте Қазақстан Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Қазақстанның халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылдарын жандандыру, серіктестік байланыстарын нығайту, сондай-ақ Аустриямен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында Венаға жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидпен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Гада Уалимен кездесулер өткізіп, Аустрия Парламентінің бір топ депутатымен, Федералдық Президент Әкімшілігінің және Аустрияның сыртқы саяси ведомствосының ресми тұлғаларымен келіссөздер жүргізді.
Іс-шаралар кезінде Арнаулы өкіл халықаралық ұйымдармен тиімді әрі жан-жақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы стратегиялық басымдығы екенін атап өтті.
БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің басшысы Гада Уали өңірлік және халықаралық деңгейдегі БҰҰ ЕҚБ-мен ынтымақтастығы және қолдауы, сондай-ақ заңсыз есірткі трафигіне, қылмысқа, сыбайлас жемқорлық пен терроризмге қарсы күрестегі белсенділігі үшін Ұйымның атынан Қазақстанға алғыс білдірді. Ол өңірдегі құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді үйлестіретін Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) платформасының маңыздылығына назар аударды. Сонымен бірге Ауғанстан және көрші елдер бойынша өңірлік бағдарламаға қол қою аясында БҰҰ ЕҚБ басшысы жақын уақытта Орталық Азия елдеріне сапармен келуге ниетті екенін жеткізді.
ЕҚЫҰ басшысы Хельга Шмидпен өткен кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, сондай-ақ Ұйыммен екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымы туралы, оның ішінде өңір елдерінің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде тұшымды ойлар ортаға салынды.
Ержан Қазыхан Бас хатшыны Қазақстанда Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістерді ілгерілетуге бағытталған реформалар туралы хабардар етті. Сонымен қатар олар әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, климаттың өзгеруі және COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру мәселелеріне назар аударудың маңыздылығын айтты.
Тараптар қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттің бірлесіп, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және ауған халқына көмек көрсету ісіндегі күш-жігерді жұмылдыру қажет екеніне баса мән берді.
ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ұйымның қызметіне үнемі және дәйекті қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек Ержан Қазыхан Аустрия Парламентінің депутаттары – адам құқықтары жөніндегі Парламенттік комитеттің мүшелерімен кездесу өткізді.
Аустриялық депутаттар өз кезегінде Қазақстанның саяси реформаларының әлеуетін қолдап, адам құқықтары саласында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Арнаулы өкіл Қазақстанның кең ауқымды мәселелер тізбегі бойынша, оның ішінде демократияландыру, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз ету, азаматтық институттарды дамыту саласында ашық әрі сындарлы диалогқа әзір екенін айтты.
Федералдық Президент Әкімшілігінің жоғары өкілдерімен және Аустрия СІМ басшылығымен келіссөздер шеңберінде тараптар саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегіне, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, оның ішінде Ауғанстандағы соңғы оқиғаларға, пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарымен күресіне және климаттың өзгеруі бойынша жалпы күш-жігерді үйлестіруге қатысты проблемаларды кешенді түрде талқылады.
Биылғы 22 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының қорытындылары бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру, жоғары және аса жоғары деңгейдегі саяси диалогты жандандыру жөнінде түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілді.