Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2021

Уақыт жаратқан ұлы жыр

1658 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Уақыт жаратқан ұлы жыр

(Соңы. Басы 184-нөмірде)

 Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қой­май, оны жан-жақты дамытқан, те­рең­деткен қазақтың өлең-сөзін жаңа заң­ғарларға көтерген, жаңа кеңіс­тіктерге алып шыққан, арғы-бергі дәуір­лердегі ұлт ұлыларының қатарын мо­лайт­қан, «тайға басқан таңбадай етіп», қазақ жы­рының өрісін кеңейтер өз мектебін қалып­тастырған жиырмасыншы ғасырдың са­наулы саңлақтарының санатынан. Әбділ­да Тәжібаевтың сөзі­мен айтқанда, Мұ­қағали – «қазақ поэ­зиясының асыл қазы­насын өз жырымен молықтырған», «заманымыздың ға­жайып ақындарының бірі», ақынның өз сөзі­мен айтқанда, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қай­тарған» ерен Жырдың жаратушысы.

Ұлы тұлға, ұлы ақын!

Мұқағалисыз өткен жарты ғасырдан астам уақыттың ақын рухын ардақтап оты­рып, оның бай мұрасына елімен бір­ге жа­сар мәңгілік дүниелеріне берген бағасы осы!

«Поэзия!

Менімен егіз бе едің

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

 

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,

Шырақтардан, оттардан,

жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан...

 

...Сені іздедім.

Іздеймін тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!» –

деген түу алыстан, ғарыш төрінен талып жетер ғайыпберен сарындай, тумысы бөлек, арыны қатты, тамыры терең жолдарды қайыра оқып, қайта електен өткізе отырып, еріксіз тебіренесіз. Ақын рухымен тілдескендей боласыз. Өлмес ойдың өрісіне кенелесіз. Қуанасыз, мұңаясыз, өкінесіз, қайғырасыз, күрсінесіз, түрші­гесіз, толқисыз... Қас-қағым сәт ішінде пен­­деліктің торын бұзып, адам кейпіне енесіз. Мына жарық дүниеге ессіз ғашық ақын­ның көзімен қарап, тазарасыз, жаңа­расыз. Ақынның үніне арбаласыз, Тіліне байланасыз!

«Сен мына – жанарымның ішіндесің,

Жанардың білесің ғой кішірмесін.

Ішіне жанарыңның сақта мені,

Біреулер көлеңкесін түсірмесін!

 

Сен менің – мына тылсым кеудемдесің,

Білесің, кеудеме ешкім тең келмесін.

Кеудеңе – зынданыңа салып сақта,

Біреулер көкпар қылып өңгермесін!

 

Сен мына – тілімдесің, үнімдесің,

Білесің ғой, тілімнің бүлінбесін.

Сен мені үніңе қос, тіліңе тұт,

Үнім өшіп, үшкір тіл тілінбесін! – деген Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзіне – оқырманына қаратып айтқан өрттей ыстық өтінішіне өзегіңізді қарып отырып, сенесіз, иланасыз.

Ақын кеңістігін армансыз кезген оқыр­­­ман жаны күйзелу, күйреу сезімінен гөрі арылу, тазару, өзін өзі тану процесін көбірек бастан кешеді. Дүние дейтін алып жүректің кардиограммасы поэзия тү­рінде, муза тілінде сөйлей бастайды. Мұ­қағали ақын ұсынар қазақы бейнелеу­лер адамдық ойлау мен әлемдік пайымдау биігіне көтеріледі. Мыңдаған жылдар бойы «жоғалған замандары» мен күйреген қамалдарын, құм басқан қалалары мен мұң басқан даналарын бауырына алып, бұйығып үнсіз жатқан Ұлы дала – салқар сахара, сағымды таулар бір сәт өре түре­геліп, өлең болып, өріле құйылып жат­қандай елестейді.

«Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,

Су тартылған теңізден, жылғалардан.

Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.

Не бар дейсің өмірге тұлға болған

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.

 

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!..

 

...Бәрі өтуде,

Күн батып, кеш кіруде,

Жаңаруда дүние, ескіруде.

Болашақтан – Бейтаныс ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!.».

Ескінің жаңаға ығысып, орын беруі, жаңаның жарқырап, көзге түсуі – «Ай­дың – толғанында, жігіттің болғанында» жұрт назарын өзіне бұруы тәрізді жанды құ­былыс! Тарих пен жаратылыстың мәңгілік сипатын айқындар жасару – жаңғыру, алмасу – жалғасу дейтін дүниелік қозғалыстар көзін қазақы ұғым­дар аясында толғай отырып, жыр деңгейін кез келген жұмыр бас пендеге ұғынықты, жалпы адамзаттық ұлы биікке көтере жыр­лау дегеніміз осы емес пе? Мұқағали ақынға ғана жарасар ой өру мен сөз өру­дің мектебі! Төркінінде текті қасиет пен тегеурінді қасірет жатқан жыр дүние­сінің оқырман жүрегін уақыт өткен сайын жайлай түсуі, бойлай түсуі де сондықтан.

Мұңының астарына парасат ұялаған, сырының айдынында күрескерлік Рух бебеулеген, жеке басының жан толқынын жалпыхалықтық телегейге айналдыра алған ақынның отыз жылға толар-толмас шығармашылық ғұмырына ой көзімен қараған жырсүйер қауымның бұл жайында аңғармауы мүмкін емес... Жаратылысы­нан жасандылықты ұнатпайтын, шындық үшін шырқырап отқа түсетін, өтірік мү­ләйімсуге, жалған жалбақтауға жаны қас. Осы бір суреткерлік кредо оны әркез ұста­раның жүзінде ұстайды... Арғы-бер­гі әлемнің ұлы ақындарына тән жыр жа­ра­тудың осынау қиямет-қайым үлгісі Мұ­қа­ғалидың бағы да, соры да болғанын бай­қаймыз. Бағы – өлмес жыр жаратқаны. Соры – өз қоғамы мен өз ортасына сыймай, қасірет кешкені. Бағы – өтірік өлең жа­за алмағаны. Соры – тапқан-таянғаны отба­сын асырауға жетпей, өмірінің қиын­шы­лықта өткені. Бағы – ойлау мен өлең өру­дің теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биі­гіне көтерілгені. Соры – соны дер ке­зін­де өз замандастарының бағалай қой­мағаны...

«Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халықтың өзі қорғасын құяр

қалыппыз...

 

...Білгендер білсін,

Білместер мейлі білмесін.

Қолдасын мейлі,

 қорласын мейлі,

 күндесін.

 Қара тастан да мейірім

күткен ақынды

 Қатыгез жандар ашынтып

алып жүрмесін.

 

 Антейміз біздер,

 Жеріміз біздің – халық-ты.

 Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.

 ...Жұртына тастап кетпесе

болды көшкенде,

Берендері үшін қорғасын

құйған қа­лыпты», –

деген жолдарды қалай тол­ғанбай оқуға болады? Көне грек мифо­ло­гиясының алыбы, қуаты мен құдіреті қара жер болған орасан күштің иесі – Антейді Геркулес айласын асырып, жерден көтеріп алып буындырып өлтірген деседі... Ақындық тағдырды сол Антейге балаған Мұқағали өз қуаты мен құдіретін халқынан, халқымен бірге болар тағдырынан, халқына деген сенімнен іздейді. Бақ пен сордың ұлы майданын­да жүріп, сол сенімін, сол үмітін ол ешқа­шан үзген емес...

Адамдар әрекетінен адалды таба ал­маған пенденің Толстойшылап дүниені тәрк етуге бел бууы, адам жанын арашалар жалғыз жолды тек жырдан тауып, жырға ғана өзін өзі байлауы, бағыштауы онсыз да күрделі пендәуи тірлігін өз қолымен өзі күрделендіріп жіберуі – сол бақ пен сор майданының жемісі... Мұндай сәттерде ұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Ұлы Жаратушыға бұрылғанын, Мағжанның «Тәңірім бе, әлде байғыз ба? Тәңірім болсаң кел бермен. Қолымды көкке жайғызба!» деп белгісіз ұлы күшке жалбарынғанын білеміз... Ал Мұқағали ше?.. «Құдай жоқ, екінші дүние жоқ. Қызықтың бәрі осы жалғанда... Тек осы дүниеде...» деп тәрбиеленген дәуірдің перзенті болған, әкесі марқұм «ВКПБ тарихын ежіктеген» заманда мойнына пионерлік қызыл галстук байлаған ұлдың қаршадай кезінен-ақ әлдебір киелі ұғымға іштей арқа сүйеп, өсе келе:

«Өмір деген осынау майданда бұл

Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр.

Өмір менен өлімнің ортасында

Кетер ме екем келе алмай

байламға бір?!»,

– деп дай-дай тартысқа түскен сәттерінде:

«...Періштенің қайғысын бөліспедім,

Сайтанменен болса да келіспедім.

Не істермін? Тәңір-ау, не істермін!?», – деп өзіне дейінгі ұлы ұстаздарына ұқсап Ұлы Жаратушысына – Тәңіріне жалбарынуы таза поэзияға тән құдіретті мінез еке­нін енді-енді аңғара бастаған жоқпыз ба?!

Бір иығында – Құдай. Бір иығына өзі өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың салмағы бар қуаныш-қайғысымен, кесір-кесапатымен қонған ақынның дәуірлік идеологияның көзсіз жетегінде кетіп, ұраншылдыққа ұрынбаған Мұқағали жырлары үш мың жылдық тарихы бар ұлттық поэзиямызға орасан олжа болып қосылғанын да ақын өмірден өткен соң ғана аңғарып, есіміз кете таңғалып мойындай бастағанымызды қалай жасыруға болады? Ақын күнделігіне түскен: «Барым менің балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям... Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау сияқты. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын...» (22 февраль, 1973 жыл.) деген жолдарға артық коментарийдің керегі жоқ. Өмірі өлеңге айналған ақын тағдыры осы сөзіміздің айғағы.

Ақын бір сөзінде «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады...», деген. Жыр жазу – Мұқағали үшін алып табиғатпен тілдесудің, жанды жаратылыспен сырласудың, өмір қойнауларына ой жүгіртудің, «махаббат пен ғадауаттың мәңгі майданына» өз көзқарасын білді­рудің ұлы құралы. Ой мен парасат, таным мен талғам – Мұқағали поэзиясының қос қанаты. Ойы – тұнық, парасаты – биік, талғамы – таза, танымы – терең өлеңнің өрісі қашанда кең.

 «Белгісіз элементтер миымда ойнап,

Миым қайнап барады, миым қайнап.

Белгісіз ғалымдарға мекен болып,

Өз денеме өз басым бұйырмай ма?!

 

Бұл ғаламның түбіне жететіндей,

Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетіндей,

Мен басымнан қорқамын...

Мен болмасам,

Атом-миым жарылып кететіндей.

 

Жүрген жан ем байымай,

тапшысынбай,

Сарсаң болдым ертегі бақсысындай.

Басым қалды жасырын полигон боп,

Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай.

 

Мен басымды жасырам,

жасырам кеп,

Миымдағы сынаулар басылар деп.

Мен миыма сенемін, ажал болмай,

Дүниеге шуақ боп шашылар деп!» –

толғанады ақын.

Өміршең ой! Өрісті жыр!

Мұқағали өлеңін кең өрістерге шы­ғарар өзгешеліктердің бірі – ақиқат кескіні мен шындық болмысын өзгеше өретін көркем сөздің, кестелі ойдың әрі қазақы, әрі әлемдік тұтастықта қолданылуы. Орны-орнымен жымдасып тұра қалар образдар жүйесінен күні кеше ғана өзіміз ауасын жұтып, суын ішкен, қуанышына бөленіп, мұңына оранған дәуірдің қазақы суретін қалай тез тауып, тез танысақ, ой-қиялымызды тарих қойнаулары мен жиырмасыншы ғасыр белдеулеріне ала қашар образдар мен географиялық атау­лар да солай жиі ұшырасады. Бұл әдіс дәуір тынысын танытып қана қоймай, ақынның тұлғалық бітімінің даралануына, таным талдауының галлактикалық кеңістік айдынына ұзап шығуына айрықша үлес қосады, қанат бітіреді. Ең қадірлі, ең киелі ұғымдардың өзін әлгі «әрі қазақы, әрі әлемдік» сипаттарға жүгіндіреді.

«Өкінішті...

Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті...

...Не істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін:

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,

Миым – Мұзды мұхиттай...

Не істемекпін?!».

Сананы сарсаңға салып, сүріндірмей, ойға жетелейтін, тұңғиықтан-талғажау, заңғардан сүйеніш сұрайтын адам міне­зінің осы бір қайталанбас сәті мен жанға – дауа, емге шипа керексінген кезінің өзінен ақын («Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр», «Миым – Мұзды мұхиттай» деген) тосын теңеулер іздейді, жиырмасыншы ғасырдың 60-70-жылдарынан хабар айтар тарихи оқиғаларды образ ретінде сәтті пайдаланады. Жеке басының әрі-сәрі ауыр халінің өзінен әлемдік кере­ғар­лықтар мен үйлесімсіздік нышандарын байқайды. «Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін...», деген терең де төркінді ұғым­ға қаншама мағына үстемеленіп отыр­ғанын аңғарамыз...

Мұқағали-Жырдың кеңістігі – шексіз.

Мұқағали-Жыр қазақ даласын кезген жолаушының көңіл ахуалын, жан әлемін еске салады. Шетсіз-шексіз қазақтың ал­қам-салқам даласын дауыс кезгендей бо­­ла­ды. Мұқағали дауысы:

«Қазынам бар.

Біреуге берсем бе екен?!

Өкпелейді-ау бермесем,

Берсем, бөтен.

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мынау құмдардай өлсем бе екен?!

 

Қазынам бар,

Біреуге қисам ба екен?!

Ренжиді-ау қимасам,

Қисам, бөтен.

Әлде мына даладай бар байлықты

Бір өзім иемденіп, жисам ба екен?!

 

Қазынам бар,

Тәуекел сатсам ба екен?!

Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап

жатсам ба екен?!

 

Қазынам бар

Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады, біреулер жек көреді.

Бермеймін де сатпаймын,

көрсетпеймін!

Алам десең,

Алдымен зертте мені...»,

дейді ақын дауысы.

Ел тану мен әлем танудың, адам тану мен заман танудың концепциялық ұлы биігіне көтерілген ақынның ойы қалай анық болса, сөзі де солай анық. Алты құр­лықты жайпаған, бүгінгі өлшеммен айт­қанда, жеті жарым миллиардтан асып жы­ғылар жұмыр жер тұрғындарының қай-қайсысына да түсінікті көркем өріл­ген жырды қайыра оқып отырып, «...Бер-­­
меймін де сатпаймын, көрсетпеймін! Алам десең, алдымен зертте мені!..» деген тосын ойға тірелеміз. Жауабы қиын сауал. Ақын адам басындағы жалқы ойларды шет-шегі жоқ ғаламдық проблемалардың кеңістігіне көтерген. Оқырманның өзіне қалдырған жырдың бір жауабын ақынның күнделігінен кездестірдік. «Поэзия – ғы­лым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жа­нының зерттелмеген, қалам тартыл­маған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» (6 март, 1973 жыл.)

Осындай ғаламдық концепцияға бейім­деліп, осыдан қырық бес-елу жыл ілгеріде емес, мына өлең тұп-тура бүгін – қасиетті қазақ жерінің өзі де, қазына байлығы да жаңа дәуір талқысына түсіп, «Жер сатыла ма, сатылмай ма?» деп ел іші әрі-сәрі болып жатқан тұста жазылғандай әсерге бөлейді...

 «Көрер едің,

Шаламын ба, отпын ба,

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендірген хан

Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

 

Түсінер ең,

Езбін бе, әлде ермін бе,

Байқар едің,

Артықпын ба, кеммін бе?..

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!

 

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»,

деген бас-аяғы үш шумақтан тұратын осынау «Автограф» атты өлең ақынның сол өзіне, өзінің шығармашылық бақытына деген сенімінің айқын дәлелі. Жаныңа, жүрегіңе әлдебір ұлы сезім ұялатар, ойың­ды сағыныштың сазына бөлеп, дегбіріңді алар, аза бойыңды қаза қылар, тәңіртекті бір дауыс келеді құлағыңа. Келеді де кеудеңді сабай бастайды. Жігеріңді жаниды. Сәйгүлік жалын сипатып, самұрық қанатына қондырады.

Өмірінің қысқа боларын сезді ме, әлде, «құлағына сыбырлаған» шалқар ша­быттың қуатты күші ме, иесін алды-арты­на қаратпай ақ қағаз бетіне түскенше асық­тырған Жыр-Найзағайдың қамшысы аспан мен жердің арасын – ойды, сананы, жү­ректі осып-осып өткендей күйге бөлейді.

«Мекен-жайым – Жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгенмін!», – дейді ақын.

Өлең ақын өмірден озарынан сәл бұрын – 1976 жылдың 2 ақпаны күні жазылыпты. Бір күнде жазылған жеті өлеңнің бірі: Жыр аты – «Менің анкетам». Таңғалмай көріңіз?! Жеті өлеңнің жетеуі де жер тіреген, кеудесі көкке ұмтылған ғажайып жырлар...

Ақын өзінің «Моцарт «Жан Азасы» (реквием) поэмасында адам баласының мына жарық дүниеге келуі қалай хақ болса, кетуі де солай Ұлы Жаратушының бұй­ры­ғымен атқарылар ұлы ақиқат екенін жеріне жет­кізіп, сүйегінен өткізіп, ғаламдық ше­девр­лардың деңгейіне көтере жырлаған. «Өмір­ді қалай сый­ласаң, өлімді солай жат көрме!» деген тұғыры биік, тумысы бө­лек ой ұсы­нады. Концепциялық қазығы бе­рік ой. Мұқағалидың «Реквиемін» оқып оты­рып, адам баласы екі дүниенің ба­рына сенеді. Азалы күйдің азапты сары­нын естіп отырып, Фәни-жалған мен Бақи-шын­дықты таразыға қояды. Жер үс­тін­дегі жарық дүние­нің қадірін сезінуге шақырады.

«Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның

бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі бөтен ғой,

Өмір дегенің –

бір күндік сәуле екен ғой!..»,

дейді уақыт тудырған Ұлы жырдың иесі.

 

* * *

Иә...

Қазақ жырының ақиығы тірі болса, биыл тоқсан дейтін торқалы жасқа толар еді...

Бірақ тоқсанға жету ақынның маң­дайына бұйырмапты. Тоқсанның жартысында өмірден өткенімен, алда «Қазақ Елі аман болса, талай тоқсан мен талай жүздің басын қайырар Мәңгілік жырды жарату бағы пешенесіне жазылған екен. Мұқағали Мақатаевтың жыр әлемі үш мың жылдан асып жығылар тарихы бар Ұлы даланың бастауында тұрған Заратуштра, Анарыс, Майқы би, Тоныкөк, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жырау, Ақтамберді, Абай, Махамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан, Ілияс, Қасымдардың жалғасы екенін уақыт дейтін қатал-сыншы, қатыгез-таразы дәлелдей түсуде.

Қалың оқырманның қабырғасын қайыс­тырып, ақынды «Кеңсайға» апарып тап­сырған азалы күн ақынның екінші мәңгі өмі­рінің басы болды. Алаштың ұлы жұртын аңыз тербеді, жырдың үні кернеді. Уақыт бізді сол 1976 жылдың қаралы көктемінен алыстатқан сайын, Мұ­қағали халқына жақындай түсті...

Өмір түледі. Өзгергені өмірмен қоса ақын рухы да биіктеп, асқақтай түсуде.

Жаңа, жас ұрпақ келді. Олар үміт­терінің отын Мұқағали жырымен үрлеп, Мұқағали жырымен сенімдерінің шыра­ғын жағуда... Армандарын тербетуде.

«Ең бірінші бақытым –

Халқым менің,

Соған берем ойымның

алтын кенін...», –

деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың елі – қаза­ғының» өлшеусіз махаббатына бөленген, та­мырын оқырман ойы мен санасына, хал­қының жүрегі мен жанына, елінің көкі­регі мен жадына – уақыт желі, замана­лар дауылы шайқай алмас тереңге жібер­ген Алаштың ұлы ақыны жаңа ғасыр төріне ентікпей, еркін еніп, жаңа мың­жылдық айдынына желкенін жа­йып барады.

Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда, сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті жырдың халқымен бірге жасары, ұлы тауларының бауырында, ұлы даласының құшағында өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.

Қатал сыншы уақыттың еміренген, тебіренген сәтінің куәсі болып отырмыз.

Тәубе!

Уақыт жаратқан Ұлы жыр алдағы ғасырларға бет түзеп барады.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты